Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тарихқа айналған тасқын

Еліміз егемендік алып, етек-жеңін жинай бастаған алғашқы жылдары Қызылқоға ауданы үлкен сынаққа тап болғаны белгілі. Ол – 1993 жылы аудан орталығы Миялы ауылында болған су тасқыны. Дәлірек айтқанда, сол жылдың 17 сәуірінде кешкілік ауылдың солтүстік-шығыс бағытынан кірген топан су әп-сәтте аудан орталығын әбігерге салды.

Құлаған үйлер, жылаған балалар, абдыраған адамдар, азынаған жан-жануарлар ауыл тұрғындарының әлі есінде. Өте қиын жағдай орын алған болатын. Міне, содан бері аттай желіп 25 көктем өте шығыпты. Осы орайда, аталмыш нәубетке ширек ғасыр толуына орай қатпарлы тарихты тағы бір қопарып, сол кездегі ерлік пен елдікті оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Апат айтып келмейді

Сол жылы көктемнің алғашқы айында аудан басшылары шабындық пен жайылым жерлерге су шығару үшін Ойыл өзенінің тасуын асыға күткені рас. Себебі, негізгі күнкөріс көзі ауыл шаруашылығы болғандықтан өр суының тасуы аудан үшін аса маңызды болатын. Сол мақсатта Миялының іргесіндегі жайылымға су шығару үшін басшылар «Бес есік» көпірін уақытша жаба тұруды жөн көрді. Су сәуір айының басынан бастап келе бастады. Бірақ, қарқыны бәсең еді. Соған қарамастан аудандық жол бөлімшесі мекемесінің қызметкерлері ауыл шетіндегі бөгеттерді биіктетіп, сақтық шарасын жасап та қойды. Алайда, су – тілсіз жау емес пе? 17 сәуір күні ел жұмыстан қайтып, мал-жанның қамына кірісе бастаған кешкілік уақытта ауыл шетіндегі тұтынушылар қоғамы қоймасы жақтан тасқын су кірді де кетті. Қатты ағынмен келген өр суы жолындағының бәрін шайып кеткен. Сол кезде аудан әкімінің орынбасары болған Жәния Ізбасқан:

– Су тасып, ауылға кірді деген сәтте аудан әкімдігінде шұғыл жиын өтіп, жауапты тұлғаларға арнайы тапсырмалар берді. Сол сәтте менің өз үйім де су астында қалған болатын. Бірақ, бізде оны ойлайтын уақыт болған жоқ. Дереу, аудан әкімі мені Атырауға жіберді. Сол жақта екі ай жатып, ауданға жіберілетін гуманитарлық көмек пен құрылыс материалдарына жауапты болдым. Әсіресе, құрылыс жұмыстары басталғанда тіркемесі бар 34 көлікке үйдің төбесін жабатын үлкен-үлкен тастама бетондарды жіберу жауапты жұмыстарымның бірі болды. Сол жылы ауданда 74 мекеменің 800-ге тарта құрылысшысы еңбек майданында болды. Ыждағаттық пен ұйымшылдықтың арқасында жаңа үйлер тез арада бой көтеріп, бес-алты айдың шамасында ауыл танымастай өзгеріп шыға келді. Артынша 20 қарашада «Арман» мәдениет үйінде үлкен салтанатты жиналыс болып, тұрғындарға үйлердің кілттері табыс етіліп, апатта еңбек еткендер марапатталды. Сол күні халықтың қуанышын көргенде еңбегіміздің еш кетпегенін түсініп, біз де балаша мәз болған едік, – деп еске алады.

Ең қиыны – эвакуация Ауылға су кіріп, ел азан-қазан болып жатқан шақта аудан басшылары халықты қауіпсіз жерге көшіру мәселесін қолға алды. Ол жұмыс сол жылы Миялы селолық советінің орынбасары болып қызмет атқарған Айжан Ізімоваға тапсырылған екен.

– Кешкі сағат бестен кете кірген су жетілерде ауылдың біраз бөлігін шайып кеткен еді. Аудан басшысы дереу орталық аурухана, бұрынғы сүт зауыты, жиырмасыншы орта мектептерді дайындатып, халықты соларға көшіре бастадық. «Автобаза» мекемесінен арнайы көліктер шығып, эвакуация жұмысын бастап кеттік. Біз үшін ең қиыны – тұрғындарды үйден шығару болды. Дүние-мүлкін судан сақтағысы келген көп адам бала-шағасын ғана жіберіп, өздері үйде қалатынын айтып жатты. Біз жанымызға милицияларды ертіп жүріп, ол кісілерді әрең шығарған едік. Қысқасы сол түні таң атқанша мігір көрмей, барлық адамды қауіпсіз жерге көшірдік. Ертеңіне үйлеріне барған адамдар жермен-жексен болған баспаналарын көріп, өздерінің амандығына шүкір етіп жатты. Себебі, түнде шықпай үйде қалып қойғанда адам өлімі орын алар еді. Нағыз қарбалас жұмыс тасқынның екінші күні басталды. Ауыл ішіндегі кейбір жерлердің тереңдігі 1 метр 20 сантиметрге дейін барды. Тасқынның екінші күні қазіргі Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының орынына арнайы үш вагон қойылып, сол жер штаб үйі болды. Таңғы алтыда сонда жиналамыз. Аудан әкімі де бірге келіп, тиісті тапсырмаларды беріп, бәріміз қайта жұмысқа кірісеміз. Былайша айтқанда әскери режиммен жұмыс істедік. Тағы бір қиын жұмыс апат орнын тазалау болды. Себебі, тезірек тазаламаса күн ысығанда үйлердің, қоралардың астарында қалған малдар шіріп, ауру тарау қаупі тұрды. Сол мезетте үйлерді тазалауға 110 техника бөлініп, күндіз-түні жұмыс жасады. Соның арқасында қауіпті вирустың да алдын алдық, – дейді Айжан Ізімова.

Ал, тасқын кезінде үйі суға кеткен Марат Бердіғалиев:

– Ол кездегі баспанамды 1989 жылы сабан тастан салған болатынмын. Үш-төрт жылдай тұрдық. Кейіннен суға кетті. Мен тасқын болған жылы аудандық жол бөлімшесінде жұмыс жасадым. Сол күні бізге ескі аэропорт жақтағы бөгетті биіктету тапсырылды. Тапсырманы орындап, үйге қарай келе жатсам, халық көшеде сабылысып жүр. Бірі малын көтеріп бара жатыр, енді бірі заттарын буып-түйіп алған. Үйге келсем су тізеден келетін болып қалған екен. Дереу, үйдегілерді қайынағамның үйіне жібердім де өзім керекті заттарды жинауға кірістім. Үйдің ішінде су минут сайын көтеріліп келе жатыр. Негізгі заттарды алып, үйдің есігін бекітіп кеттім. Ертеңіне ертелетіп үйге келсем, су терезеден асып кетіпті. Бір кезде көз алдымда жермен-жексен болып, опырылып құлады. Тура соғыс кезінде бомба түскендей. Кейін қазып жүріп, ең маңызды деген дүниелерді алдық. Артынша, ауданға көмек ағыла бастады. Соның арқасында азық-түлік, киім-кешек алып, мекемеміз уақытша тұруға вагон берді. Кейін жаңадан салынған су жаңа үйлі болдым, – дейді ол.

Фариза жазған мақала Су тасқыны орын алған бойда келесі күні облыс әкімі Сағат Түгелбаев ауданға шұғыл түрде келіп, апатты өзі көрді. Сөйтті де аудан әкімімен бірге апатты жоюдың жоспарын жасап, тез арада жұмысқа кірісті. Алдымен жаңадан салынатын үйлердің жері белгіленді. Артынша сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Ресейге барып, құрастырмалы үйлерді әкелді. Әкелді деген жай сөз. Оның да өзінің қиындығы мен машақаты көп болды. Ең алғаш болып әкелінген 10 үй құрастырылды. Алайда, бірнеше күн өткеннен кейін берілетін көмек азайып, тұрғын үй құрылысы тұралап қалды. Сол кезде, белгілі ақын Фариза Оңғарсынованың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Қара тарының үстінде отырып, қайырын көрмеген қайран қазағым» атты мақаласы шықты. Ол кезде Атыраудың қара уылдырығы бүкіл әлемге танымал еді. Соны меңзеп жазған Фариза ақын «Сонша байлығы болса да суға кеткен Қызылқоғаға мардымды көмек берілмей жатыр» деп мәселе көтерген болатын. Сол мақаладан кейін үзіліп қалған көмек қайтадан келіп, құрылыс та жанданып сала берді. Тікұшақтар гуманитарлық көмек тасып, бір күнде бес мәрте келген кездері де болыпты. Ал, қайтарда Атыраудағы туыстарына барғысы келетін тұрғындарды тегін тасыған. Сол жылы аудан халқына 250 миллион сомның тамағы мен керек-жарақтары гуманитарлық көмек есебінде жеткізіліпті. Осы орайда, су тасқынынан кейін Миялының қайтадан гүлденуіне ақын Фариза Оңғарсынованың да бір кісідей атсалысқанын айта кеткен жөн.

Тракторшылардың ерлігі Бұрынғы тұтынушылар қоғамы қоймасы жақтан кірген су алғашқы күні ағыны өте қатты болып, салынған бөгетті қайта-қайта бұзып кетті. Сол кезде «Автобаза», «ПМК-907», аудандық жол бөлімшесі мекемесі және басқа да жауапты тұлғалар сол жерге барып, тасқынның алдын бөгеуге кірісті. Ағынның қатты болғаны соншалық қап салынған топырақты шайып кете берген. Су кірген жер үлкен ойпатқа айналған. Сол кезде басшылар ақылдасып, тасқынды тежеу үшін «ДТ-75» тракторын алып келді. Трактордың рөліне өз ісінің шеберлері Амангелді Қалиев пен Асқар Ғабдуллин отырды. Ол кезде «Казсельхозтехника» мекемесінде жұмыс жасаған Амангелді Қалиев оқиғаны айтып берді. Оларға берілген тапсырма – тас-қынның негізгі кірген жеріне тосқауыл қою үшін ойылып қалған жерге тракторды түсіру. Оңай тапсырма емес. Трактормен бірге өздері де батып кетуі мүмкін. Дегенмен, тәуекелге бел буған қос тракторшы тасқынға қарсы жылжып, діттеген жерге жеткенде екеуі де секіріп түседі. Сол-ақ, екен олар түскен бойда трактор жерге сіңе бастайды. Соны пайдаланған бөгет соғушылар тез арада құм үйіп, оның үстіне кранмен алты метрлік бетондарды қойып, тасқын суды тежеді. Бұл өз ісіне берілген жандардың ғана қолынан келетін іс еді. Соның ішінде екпіні қатты тасқынға трактормен түсіп, өмірін тәуекелге тіккен қос тракторшының еңбегі ерен.

Сабырлы жетер мұратқа Бірнеше үй суға кетіп, үлкен шығын әкелген су тасқыны аудан тарихында болмаған апатты жағдай екені белгілі. Біреу тірнектеп жинаған дүниесінен, біреу малынан, біреу жанынан айрылған сол тасқын ешкімге де оңай соққан жоқ. Осы орайда, мақаланы жазу барысында сөйлескен үлкендердің көбі апатты жағдай халықты ширатып, ауызбірлігін нығайта түскенін айтады. Рас, халық абдырап қалды. Бірақ, екінші күннен бастап халықтың өзі құтқарушылармен бірге жұмыс жасап, тасқын салдарын жоюға атсалысқанын айтады Миялы селолық советінің орынбасары болған Айжан Ізімова. Ол кезде ауданда Ұлы Отан соғысының ардагерлері көп болғаны белгілі. Олар да басу айтып, елді бірлікке шақырудан жалықпады. Сондай-ақ, қазіргі «Қазақтелеком» ғимаратында радио торабы жұмыс жасап, әр көшеде үлкен радиолар тұрды. Журналистер Жолдас Жанқуатов пен Айша Сыдықова радио арқылы жаңалықтар айтып, халықты сабырға шақырып, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды сауатты жүргізе білді. Осылайша, апатты жағдайдың өзінде елдік пен ерліктің үлгісін көрсете білген жерлестер алты айда апат салдарын жойып, су жаңа үйлерге ие болды. Сол кездегі аудан әкімі Есенгелді Нұршаев бір сұхбатында «Бұрынғы жасалған бас жоспар бойынша Миялы селосында алдағы отыз жылда 270 үй салынады деген едік. Алайда, ол үйлерді 1993 жылы алты айда салыппыз» деп еске алған екен. Демек, «Сабырлы жетер мұратқа» деген осы. Осы орайда айта кетейін, тасқын кезінде түрлі басшылық орындарда болып, етігімен су кешіп жұмыс жасаған Мейрамбай Әлиев, Бағытжан Нұғыманов, Сәуірбай Әбдіғалиев, Төкен Ізғұлов, Аманжан Молдашов, Найзабек Сүгіров, Мейрамбай Орынбаев, Серік Досжанов, Жәния Ізбасқан тағы басқа да атқамінер азаматтардың ерлігін айта кеткен жөн.

ТҮЙІН: Бұл апаттың өткеніне де ширек ғасыр толып отыр. Бабаларымыз «Әр нәрсенің қайыры бар» деп бекер айтпаған шығар. Егер сол жылы су тасымағанда ауданда жаңа мөлтек аудан салынып, көшелеріміз көріктенер ме еді? Мақаланың басында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауданға апат келгенін айтқан болатынбыз. Кейін «Бұл су тасқыны ескі заманның жұрнақтарын жойып, ауданымызға Тәуелсіздіктің жылы лебін әкелген көктемдей болған екен ғой» деген ойға қалады екенсің. Лайым солай болып, апаттардың алғашқы және соңғысы сол су тасқыны болсын.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН. Суреттер аудандық мұражайдан алынды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT