Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Пилоттық жоба жүзеге аспақ

Жақында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілерге пилоттық жобада еңбекақы төлеу бойынша семинар болып өтті.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Асылбек Жанқуатов ашып жүргізген семинарға бөлім, мекемелер мен ауылдық округтердегі мемлекеттік қызметшілер және есепшілер қатысты. Жаңа жобаны түсіндіру үшін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша дептарментінің бас маманы Айгүл Құмарова ауданымызға арнайы келді.

Оның айтуынша келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы пилоттық жобамен төленбек.

– Бұл мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа ынталандыру, еңбек қабілетін арттыру мақсатында жүзеге асқалы отырған жоба. Жалақы төлеудің жаңа жүйесі тұрақты және айнымалы болып екіге бөлінеді. Тұрақты деген мемлекеттік қызметшінің ай сайын алатын еңбекақысы болса, айнымалы дегеніміз жасаған жұмысына қарай берілетін бонус. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау тоқсан сайын және жыл соңында жүргізілетін болады. Қызметкердің жұмысы «Өте жақсы», «Тиімді», «Қанағаттанарлық» және «Тиімсіз» деген төрт саты бойынша бағаланады. Бүгінгі күнде жалақы еңбек өтілі мен атқарып жатқан лауазымына байланысты берілсе, жаңа жүйеде мемлекеттік қызметшінің жасаған жұмысы, орындаған жоспары, мемлекеттік органның дамуына байланысты беріледі, – деді. Сондай-ақ, аталған семинар барысында қатысушылар жаңа жобаға байланысты көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT