Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жақында ғана Миялы мен Сағыз ауылдарында жиырмаға жуық тұрғын су жаңа баспана кілтін алса, дәл сондай салтанатты шара өткен аптада Мұқыр ауылында жалғасын тапты.
Оған аудан әкімі, аудандық мәслихат төрағасы, бөлім, мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Шараны құттықтау тілекпен ашқан аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Еліміздегі тұрғын үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамту – Мемлекет басшысы қойған басым міндеттердің бірі. Соған сай, ауданда көптеген жаңа тұрғын үйлер сатып алынып, кезең-кезеңімен баспанаға мұқтаж жандарға берілуде. Жоспар бойынша биыл аудан бойынша 150 отбасы баспанамен қамтылады деп отырмыз. Соның ішінде мұқырлықтар да бар. Ендеше, бүгін баспаналы болып жатқан ауыл тұрғындарын жаңа қонысымен құттықтаймын, - деп, артынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын Аңсаған Теңелбаев пен толық емес отбасы санатына кіретін Айгүл Әділғалиға су жаңа баспана кілтін табыстады.
Артынша Мұқыр ауылдық ардагерлері кеңесінің төрағасы Ақниет Сахиев те құттықтау тілегін жолдап, дәл осындай игі істер одан әрі жалғаса беруіне тілектестік білдірді. Бұдан соң ауыл тұрғындары шашу шашып, баспаналы болып жатқандарды құттықтап, шара шырайын кіргізе түсті.
Дулат БЕРІК