Жыл сайын жаз мезгілі туысымен ауданымызда ауызсу тапшылығы орын алып жүр.
Әсіресе, халық көп шоғырланған Миялы, Сағыз және Мұқыр ауылдарында ауызсу мәселесі өзектілігін жоймай, кестемен берілуде. Өткен аптаның сәрсенбісі күні Мұқыр ауылында болған тұрғындар жиынының күн тәртібінде ауызсу мәселесі сөз болды. Тұрғындар жиынына арнайы қатысқан аудан әкімі Арман Баженов:
– Бүгінгі жиынның мақсаты – ауылда ауызсудың тапшы болу себебін анықтау. Бұл бағытта тұрғындар пікірін, ұсыныстарын тыңдап, талқылау арқылы шешу жолдарын қарастыру, – деді.
Жиында алдымен сөз алған «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбыры мекемесінің басшысы Рақымжан Сүйеуғалиевтің түсіндіруінше, Мұқыр ауы-лына судың жетіспеушілігі сәуір айының аяғында басталды. Қысқы мезгілде 140 тонна су жететін. Жазғы маусым басталысымен тұрғындарға тәулігіне тиісті 280 тонна су беріліп отыр. Ауылдағы су айдау стансасында алты су жинау қазандықтары (резервуар) бар. Барлығының сыйымдылығы 360 тонна. Осы қазандықтарға күн сайын 14 сағат су айдалады. Бүгінгі күні тұрғындарға тәулігіне төрт сағат су беріліп келеді. Алайда, бірқатар тұрғындар ауызсумен толық қамтылмай отыр. Жалпы, тұрғындардың барлығына бірдей су жетпеуінің бас-ты себебі – су ұңғымасының аздығы. Бір жағынан ысырапшылдық та бар. Сондай-ақ, су айдау стансасына жақын тұрғындардың 5-10 тонналық құдықтарына суды үнемі құйып отыруынан да қашықта орналасқан үйлер ауызсу тапшылығын тартуда. Су айдау стансасынан шығатын су құбыры диаметрінің тиісті қалыптан кішірек болуы да әсер етуде. Қазіргі таңда «Кереген» су қоймасында су қоры мол, үш ұңғыма (скважина) үздіксіз жұмыс жасап тұр. Енді қосымша үш ұңғыма қазылып, іске қосылса, ауыл тұрғындарын толықтай сумен қамтуға болады. Осы тұста ауыл тұрғыны Аманкелді Сәрсембаев:
– Ауыл қарттары, тұрғындар, ауылдық округ қызметкерлерімен бірге су айдау стансасына барып, судың келуін тексердік. «Кереген» су қоймасынан айдаған су орталыққа келіп тұр. Тиісті 280 тонна су жиналады. Алайда, осы судың халыққа жетуі нашар. Себебін анықтап, қайткенде де халыққа су жеткізу жағын ойластыруымыз керек. Егер малды суарудан су жетпей жатса, ауыл ішіндегі бұрынғы пайдаланылған ұңғымаларды іске қосып техникалық су ретінде пайдаланған жөн, – деген ұсынысын жеткізді.
Ал, Сәлімгерей Исамберлиевтің айтуынша, Мұқырдағы №4 ауылға қысы-жазы су келмейді. Қысты күні құбырлардың қатып қалуынан су ақпаса, жаз мезгілінде де түрлі себептермен тағы да жетпейді.
– Біздің көршілер суды 40 теңгеден ішіп отырса, мен 2000 теңгеден сатып алып отырмын. Әлде, ауылішілік су құбырының жүргізілуінде ақаулық бар ма?, – дейді ол. Жиында сөйлеген №4 ауылдың тағы бір тұрғыны Гүлжан Тілеужанова енді суды ала бергенде уақыттың бітуінен жетпей қалатындықтан су беру уақытын ұзарту немесе теміржолшыларға берілетін ауызсуды алуды ұйымдастыру қажеттігін айтса, Нұрлан Жұбанов көршілеріне келіп тұрған судың өз үйінде жүрмеуі су желісінің ақаулығынан болуы мүмкін екенін жеткізіп, жөндеу жұмыстарын кім жүргізетінін сұрады.
Ауыл ақсақалы Талап Мусағали Соркөл елдімекенінде судың мол қоры бар екенін тілге тиек етіп, болашақта содан тартудың жолын қарастыруды айтса, ауыл тұрғыны Ізбасар Отар:
– Бұл нақты шешімін таппаса жыл сайын қайталана беретін мәселе. Сондықтан, аудан әкімдігі айтқан ұсыныстар мен пікірлерді ескере отырып, халықты ауызсумен толықтай қамту мүмкіндігін қарастырған жөн. Менің ойымша, «Кереген» су қоймасындағы ұңғымалардың санын көбейту қажет. Сонымен бірге. Мұқыр ауылына берілетін судың көлемін де көтерген абзал. Ауызсуды малға беріп ысырап қылмау үшін ауыл ортасындағы сайдан аққан суды бір жерге жинақтап тоған жасау үшін бөгет салу керек, – деді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов:
– Ауызсудың жетіспеу мәселесі аудандағы ең ірі үш елдімекенде орын алып отыр. Оның себептері де белгілі. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыстар жасалып жатыр. Алайда, қаржысын төлеп отырмын деп суды аста-төк пайдалануға болмайды. Ауызсуды ұтымды пайдалану үшін бір ғана нәрсені білген жөн. Ол – үнемдеу. Тұрғындар суды бей-берекет шашпай, ұқыпты қолданса көп мөлшерде үнемдей алады. Сондықтан, суды тұтыну мәдениетін меңгеріп, ысырапшылдыққа бой алдырмай, «Судың да сұрауы барын» ескерген жөн. Қазіргі уақытта «Кереген» су қоймасындағы ұңғымалар санын көбейту қолға алынды. Үш ұңғыма орнатуға жеңімпаз анықталды. Енді жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Жаңағы айтқан бұрынғы ұңғымаларды қайта пайдалану туралы ұсыныстарыңызды қарастырамыз, – деді.
Жиыннан кейін аудан басшысы бастаған топ Мұқыр су айдау стансасында болып жұмысымен танысты. Бұрынғы кеңшар кезінде пайдаланған ұңғыманы қарап, тексерді. Пайдалануға болатындықтан жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сенімгерлікпен жеке адамға беру жөнінде округ әкімшілігіне тапсырма берді.
Іссапар барысында Сағыз өзені бойын аралаған аудан басшысы істен шыққан бөгеттер мен шлюздерді қалпына келтіру жолдарын қарастыруды Сағыз ауылдық округінің әкімі Қуанай Ізмағанбетовке тапсырды. Бұдан кейін Сағыз ауылында салынып жатқан орта мектеп пен балабақшада болып, бұған дейін айтылған кемшіліктерді жою жөнінде берілген тапсырмалардың орындалысын қадағалады.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.