Сағыз ауылдық округіне қарасты Кенбай елдімекені округтен шалғай орналасқан елдімекеннің бірі.
Ондағы негізгі мәселе – көгілдір отынның шешілмегеніне тұрғындар алаңдаулы. Аудан әкімінің қасына жиналған ауыл ақсақалдары мен тұрғындар бірауыздан:
- «Жыл сайын ауылға газ тартылады деп естиміз, бірақ, нәтиже жоқ. Отын сатып алу да оңай емес. Ауылға азық-түлік таситын кәсіпкер керек. Елдімекен халқы күнделікті тамақтарын Сағыздан тасуға мәжбүр. Дәрігер мәселесі де өткір тұр. Бәріміз бір ауылда тұрсақ та халыққа қызмет көрсету орталығынан алынған анықтамада біріміз Сағызда, біріміз Мұқырда, енді бірі сонау Алматының мекенжайында тұр. Бұл мәселе зейнетақы мен жәрдемақы алуға құжат жинаған кезде қиындық тудырады. Сондай-ақ, ауылдағы интернет желісін жақсартуды да қолға алған жөн»,-деді.
Осы орайда, аудан басшысы:
– Ұсыныс-пікірлеріңіз орынды. Қазір Кенбайды қосқанда аудандағы 6 елді мекенге газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, дайын тұр. Енді қаржысы бөлінсе жұмыс басталады. Медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету, интернет желісін жақсарту бағытында жұмыстанатын боламыз. Ауылға азық-түлік әкелетін кәсіпкерді ұйымдастыру округ әкіміне жүктеледі, – деді.