Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ДАЛА ӨРТІ АУЫЗДЫҚТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастырушылық нұсқауларына сәйкес оқу-жаттығу жиыны өтті.

Алдымен аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында таңертеңгі сағат 9:00-де «Баршаның назарына!» дабыл сиренасы іске қосылып, тексерілді. Бұдан кейін Миялы ауылының оңтүстік-шығыс бағытында ұйымдастырылған шараға қатысқан аудан әкімі аппаратының басшысы Асылбек Жанқуатов азаматтық қорғау қызметтері мен жедел мән беру топтарын сапқа тұрғызып, күштер мен құралдарының дайындығын тексерді. Аудандық №10 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Жәнібек Өтешовтің айтуынша, оқу-жаттығу жиынына өртке қарсы, қоғамдық тәртіпті сақтау, медициналық, ақпарат және байланыс, энергетика, газ, инженерлік жанар-жағар май материалдары, жолдар және көлік, көпірлер қызметтері мен шұғыл ден қою жасағы қатысуда. Ерікті өрт сөндіру жасақтары арнайы киім-кешек, өрт-техникалық жарақтары (күректер, сапалақтар), мотопомпалармен толық қамтылған. Жалпы, оқу-жаттығу жиынына барлығы 93 адам, 26 техника қатысты.  Саптық тексеруде әр қызмет басшылары өз тобындағы адам және техника құрамын, дала өрті болған жағдайда атқаратын іс-қимылдарымен таныстырды.

Бұдан кейін күштік құрылымдар дала өртін сөндіруге жұмылдырылды. Онда «К-702» техникасы өртті ушықтырмау үшін түренмен өртенген жерді айналдыра жыртса, шұғыл ден қою жасағы, өртке қарсы қызмет жанған отты сапалақтармен ұрып, күректермен топырақ шашып, өрт сөндіру көлігімен және аспалы өрт сөндіру құралы арқылы су шашу іс-әрекеттерін сапалы орындаса, медициналық қызмет өрттен зардап шеккен адамға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, іс-қимылдары мен шеберліктерін шыңдады. Сонымен қатар Миялы ауылы шетіндегі газ құбырларының қорғалу аймағында дала өртінің пайда болуы жөнінде газ қызметіне ауыл тұрғынынан хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел жеткен газ қызметінің жедел іс-әрекеті нәтижесінде газ реттегіш шкафы арқылы тұтынушыларға газ беру уақытша тоқтатылып, тексеру құрылғысымен газ шығу қаупінің бар-жоғы анықталды. Қауіпті аймақ қоршалған соң, өртке қарсы қызметпен бірге лаулаған жалынды ауыздықтады. 

Шара соңында аудан әкімі аппаратының басшысы Асылбек Жанқуатов дала өртін ауыздықтауға жұдырықтай жұмылған барлық күштік құрылымға ризашылығын білдіріп, күн ысыған сайын өрт қаупінің қатері күшейіп келе жатқанын, сондықтан кез келген уақытта орын алатын төтенше жағдайға дайын болу қажеттігін қаперге берді.

Бауыржан ОҚАСҰЛЫ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT