Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕ

Мәдениет және өнер қызметкерлері мерекесі  – ұлт руханиятының өркендеуіне, мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне құрмет көрсету күні. Осы орайда «Арман» мәдениет үйінде аудан мәдениет қызметкерлерінің, сала ардагерлерінің қатысуымен мерекелік шара өтті.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің өткен жылғы жетістіктері LED экран арқылы көрсетілген соң аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова шара қонақтарын мерекелерімен құттықтады.

–  Мәдениет пен өнер – өміріміздің мәйегі, ұлт руханиятының өзегі. Сондықтан да бүгінгі мерекелік шара туған еліміздің рухани түлеуіне, халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеуге зор үлес қосып жүрген шығармашылық жандар мен мәдениет қызметкерлеріне көрсетілер құрмет. Қасиетті Қызылқоға топырағы – ежелден небір жыр жақұтын терген жыраулар мен ділмар шешендердің, жезтаңдай әншілер мен дауылпаз күйшілердің мекені. Солардың асыл мұрасын бізге ардагерлер жеткізсе, сіздер сол дәстүрді бүгінгі таңда лайықты жалғастырып, өлкеміздің мәдениеті мен өнерін өрістетіп, төл мәдени мұрамызды дәріптеуде толымды табыстарыңызбен көрініп келесіздер. Өрелі іспен, озық өнерімен танылып жүрген ауданымыздың барлық мәдени қызметкері мен өнер иелеріне, осы саланың ардагерлеріне шынайы алғысымды білдіремін! - деген ол «Самал» мәдениет үйінің директоры Марина Ерекенова мен «Шұғыла» мәдениет үйінің әдіскері Мәншүк Мерғалиеваны облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының, ал «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Еспай» халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің және «Ақжелең» халықтық фольклорлық ансамблінің әншісі мен мүшесі Ләззат Тастаева мен Талғат Қанатқали, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханалық процестерді автоматтандыру бөлімінің жүйе әкімшісі Бексұлтан Жақсығали, «Жангелдин» мәдениет үйі жанындағы «Асыл әжелер» халықтық ансамблінің сүйемелдеушісі Хайролла Мәдиев, «Шұғыла» мәдениет үйінің директоры Ғибадат Тұрғалиев, Тайсойған ауылдық клубының директоры Дастан Жұмахметов, Мұқыр ауылдық клубының директоры Ақшолпан Жарылғасыноваларды облыстық ғылыми әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының  Алғыс хатымен марапаттап, «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Ақжелең» халықтық фольклорлық ансамблінің сүйемелдеушісі Балжан Мақы мен «Шұғыла» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Әбдіғапар Темірхановқа «Қызылқоға ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті.

Мерекелік жиында сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Альберт Аққайнанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәндібек Салықовтар мәдениет майталмандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, бір топ мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін, халықаралық, облыстық байқауларда аудан абыройын қорғаған зейнеткерлерді және шәкірттерін дайындаған жетекші мұғалімдерді, сонымен қатар ауданда өтетін ауқымды мәдени шараларға қызметкерлерімен, оқушыларымен қатысып, қолдау білдіріп жүрген мекемелерді аудандық мәслихат төрағасының, «Amanat» партиясының және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік марапаттау соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. «Ақжелең» халықтық фольклорлық ансамблінің орындауындағы жергілікті сазгер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Ақтаев «Арнау» атты шығармасымен ашылған сахна шымылдығы одан әрі әнші Ләззат Тастаеваның орындауындағы Е.Үсеновтің әні  «Мерует моншақпен» жалғасты. Сондай-ақ концерттік бағдарламада әншілер Ғибадат Тұрғалиев, Айдана Ижапқұлова мен Амандық Төлегенов, Жұмакелді Әділ мен Заманбек Абзалұлы, «Аманат» хоры «Перизат», «Атырауым», «Ойылдың ерке толқыны», «Қандай сұлу дүние» әндерімен сахна шырайын шығарса, «Жетіген» ансамблінің жетекшісі Ақтілек Үржімбаева шәкірттерімен Қ.Ахмедияровтың «Қосбасар», «Рух этнорок» тобы Махамбеттің «Жұмыр қылыш» шығармаларын орындап, сахна шымылдығы аудан өнерпаздарының орындауындағы жергілікті сазгер Ә.Темірхановтың «Туған өлкем Қызылқоғам» әнімен жабылды.

Сөйтіп, аудан руханиятының дамуына зор үлес қосып жүрген мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған мерекелік шара өз мәресіне жетті.

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT