Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БАСПАНАҢ БАР МА, АУЫЛДАС?

Қазіргі таңда, «Құрқылтайдың ұясындай бір баспанам болса...» деп армандап жүрген ағайын аз емес. Әсіресе, үлкен үйден енші алып, бөлек шыққан жас отбасылардың жатса да, тұрса да армандайтыны осы баспана екендігі белгілі. Одан бөлек, үйі апатты жағдайда тұрғандар мен көп балалы отбасыларда да осы мәселе өзекті болып тұр. Осы орайда, «Ауданда өңірлерді дамыту мәселесі қалай шешілуде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында қандай өзекті мәселелер бар?» деген заңды сауал туындары хақ. Соған сай, аталмыш тақырыпты зерттеп, зерделегенді жөн көрдік.  
806 тұрғын кезекте тұр
   Ауданымызда баспана мәселесіне жауапты бірден бір орган – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі екендігі белгілі. Аталмыш бөлімнің басшысы Ерсағын Құмаровтың мәліметінше Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, азаматтарды тұрғын үй кезегіне тіркеу 5 санат бойынша жүзеге асады. Қазіргі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 806 адам тұр. Оның ішінде «Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатымен – 30, халықтың әлеуметтік осал тобы санатымен – 263, «Көп балалы отбасы» санатымен – 246, «Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылған азаматтар» санатымен – 98, «Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым қызметкерлері» санатымен – 169 тұрғын бар. 2023 жылы барлық санат бойынша 56 үй берілсе, жыл басынан бері барлық санат бойынша 44 тұрғын жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек былтыр «Бақытты отбасы-Атырау» бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал тобы бойынша 5 тұрғын баспаналы болса, «Атырау аудан жастары» бағдарламасы бойынша 5 тұрғынның өтініші қабылданып, 1 тұрғын өз еркімен бас тартты. 
Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес биыл кезектілік санатын азайту және азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін жоспар бойынша 140 үй берілмек. Қазіргі таңда 80 тұрғын үйді сатып алу жұмыстары жүргізіліп, оларды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан өзге былтыр аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру және жекешелендіру комиссиясының 3 отырысы өтті. Аудан бойынша тұрғын үй кезегіндегі көп балалы отбасы санаты бойынша – 1, жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша 1 тұрғын үй берілді. Сонымен қатар, былтыр су тасқынынан зардап шеккен 4 тұрғын баспаналы болды. 
Ауданда баспанамен қамту бағытында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да жұмыс жасайды. Бұл ауданға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарды қолдау мақсатында жүзеге асып жатқан бағдарлама. Негізгі мақсаты – жоғарыда аталған сала мамандарын баспанамен қамтып, көтерме жәрдемақы беру. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мәди Ташимовтың айтуынша былтыр аталмыш бағдарлама бойынша 9 маман баспаналы болған. Олардың жетеуі Миялы ауылынан үй алса, Сағыз бен Тасшағыл ауылдарынан бір-бір маманға баспана сатып алуға жеңілдетілген несие берілген.  
 
60 үйлік қашан беріледі?
Сөздің шыны керек ауданда соңғы жылдары баспанамен қамту бағытында көптеген оң өзгерістер орын алуда. Ал, 2020 жылға дейін баспана кезегінде тұрғандардың «Үй алыпты» дегенін көп ести бермейтінбіз. Сол жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдарынан 30 баспана сатып алынып, баспана кезегінде тұрғандарға беріле бастады. Содан бері жыл сайын ауданның әр ауылында баспаналар салынып, тұрғындар қоныс тойын тойлауды әдетке айналдырды. Одан өзге баспана мәселесін шешу мақсатындағы ең іргелі жоба 2023 жылы қолға алынды. Сол жылы Миялы ауылынан NCOC компаниясының демеушілігімен үш қатарлы 60 үйдің құрылысы басталған болатын. Бұл еліміз тәуелсіздік алғалы ауданда салына бастаған алғашқы көп пәтерлі тұрғын үй еді. 
Бір қуаныштысы – аталмыш тұрғын үйдің құрылысы екі жылдың ішінде аяқталды. «Миялы-Сағыз» тасжолының аудан орталығына кіре берісінде орналасқан 60 пәтерлі тұрғын үй қазіргі таңда дайын тұр. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаровтың айтуынша, аталмыш 60 пәтерлі тұрғын үйдің отызы 3 бөлмелі, қалған отызы 2 бөлмелі. Көп пәтерлі бұл үйдің жалпы ауданы 4356,6 шаршы метр. Үйлер әлеуметтік әлсіз топтар, көпбалалы отбасылар және тұрғын үйі апатты деп кезекте тұрған тұрғындарға берілмек. Қазіргі таңда бұл үйлерді алатын тұрғындар тізімі толық жинақталып, тұрғын үй комиссиясында қаралды. Үйді алушылар арасында өзге де ауылдық округтердің тұрғындары бар. 
Әрине, жанға жайлы жаңа үй жақсы ғой. Дегенмен, дәл осы 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілер сәтте үй кезегінде тұрғандардың көбі «Жоқ, бұл үйден пәтер алмаймын» деп бас тартқан көрінеді.  Заң бойынша тұрғындар үйден бас тартқан жағдайда кезектен шығарылмайды, үй кезегі сақталып қалады. Бір тұрғын бас тартса, үй одан кейін тұрған адамға ұсынылады. Сөйтіп кезекте тұрған бірнеше тұрғынға ұсыныла келіп, ақыры 60 пәтерлі тұрғын үй иелері толықтай анықталған. Осы орайда, көкейде тағы бір сұрақ туындайды. Аталмыш тұрғын үй NCOC компаниясының демеушілігімен салынды. Яғни, бюджетке салмақ түскен жоқ. Соған қарамастан тұрғындарға жалдамалы негізде ай сайын ақы төлеп тұра ма? Бұған аталмыш бөлімнің басшысы Ерсағын Құмаров: «2025 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Республикасының Премьер-Минстрі «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіру ережесіне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына қол қойды. Қаулыда бұрын сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы тұрғынжайларды және жалғыз тұрғынжайы апатты деп танылған азаматтарға жекешелендіру құқығын беру көзделген» деп жауап берді. Яғни, үй апатты деп танылған тұрғындар бұл үйді алған жағдайда алдағы уақытта жекешелендіріп алуға мүмкіндігі бар.  
Көп қатарлы жаңа үй бірнеше отбасыға ортақ болғандықтан өзіндік мәселесі де ортақ болатыны анық. Әсіресе, тазалық, кәріз жүйесі, күл-қоқыс алаңы сынды дүниелерді ортақ басқару керек. Аталған  бөлім басшысы Ерсағын Құмаровтың түсіндіруінше,  көп пәтерлі бұл үй коммуналдық меншікке қабылданған соң кондоминиум объектісі ретінде тіркеледі. Кондоминиум объектісі деген – дара (бөлек) меншіктегі пәтерлерден, тұрғын емес үй-жайлардан, орынтұрақ орындарынан, қоймалардан және дара (бөлек) меншікте болмайтын және пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, орынтұрақ орындарының, қоймалардың меншік иелеріне көппәтерлі тұрғын үй тұрған біртұтас бөлінбейтін үй жанындағы жер учаскесін қоса алғанда, ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі ортақ мүліктен тұратын біртұтас мүліктік кешен. Қазіргі таңда, кондоминиум объектісі ретінде тіркеу үшін қажетті жұмыстар мен тиісті құжаттар жасақталып жатыр. Тіркелген соң, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізуге мүмкіндік туады. Аталмыш тұрғын үй осы айдың аяғына дейін тұрғындарға беріледі. 
Түйін. 
Қалай десек те, баспана мәселесі қай заманда да өзекті болып қала беретіні түсінікті. Жиренше шешеннің: «Қайран да менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» дейтіндей баспананы аңсап жүрген адам жетерлік. Бұл ретте, аталмыш мәселені шешу жолында аудан басшылары да еңбектеніп жатқаны рас. Оған ауданымыздың әр ауылынан салынып жатқан баспаналар мен тұрғындарға үй салу үшін беріліп жатқан жерлер дәлел. Ендеше, берілген баспаналар сапалы һәм жайлы болып,  үй иелерін қуанышқа кенелте берсін! 
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT