Бүгінде үйленгендеріне екі-үш жыл болып, бір-екі балалы болғаннан кейін ажырасып кетіп жатқандарды жиі естиміз.
Деректерге жүгінсек, ауданда биылғы жылдың он айында 144 неке тіркеліп, 20 отбасы ажырасып кеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Дегенмен, ажырасушылардың ажырасу себебі неде? Әлде, ата-ана байғұстың дүбірлете той жасап бергенінің қадірін түсінбей, жастар ажырасуды сәнге айналдырған ба? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Аз-мұз реніш соңы ажырасу
Осыдан бір жыл бұрын інім үйленді. Отбасындағы жалғыз ұл болғандықтан той дайындығымен ата-анам қорадағы малды сатып, банктерден несие алдық. Бірақ, жыл өтпей жатып ата-ананың үміті ақталмай, үлкендердің ақ батасын алған екі жас ажырасуға арыз берді. Келін бір үйдің еркесі. Оқуын аяқтай салысымен жаңа үйдің босағасын аттады. Білгенінен білмесі көп келін үйренуден гөрі жалқаулықты жаны сүйетін. Ата-анасынан алыс кетсе де олармен жиі сөйлесіп, үйдегі тіршілікті, аз-мұз ренішті барлығын құлағдар қылып отырады. Осыдан екі жақтың арасында түсінбестік пайда болып, бір күні қыздың жақындары келіп сөзге келместен жүгін жинастырып қыздарын алып кете барды. Шаңырақ құрғандарына бір жыл болған екі жас осылайша сәл ғана реніштің кесірінен ажырасуларына тура келді. Ата-анам құдалардың алдынан өтіп бір-екі рет барды. Бірақ, «Қызымызды ренжіттіңдер. Қаладан шалғай орналасқан ауылға апарып қойдыңдар» деген уәждерін айтыпты. Осы оқиға ата-анама қатты соққы болып тиді. Баласының қуанышына алынған несие мен кеткен шығын ата-ана үшін өкініш болған жоқ. Алайда, жастардың өмірінің ойран болғанына қынжылды. Ал, інім болса жастай үйленгеніне өкінетін сыңайлы. Бірақ, бәрі кеш болатын. Енді оларға «ажырасқан» деген күйе жағылды. Бұл жастай үйленіп, оң-солын білмеген екі жастың қателігі. Осы басқаларына да сабақ болып, үйленер кезде жастар тереңірек ойланса екен деген тілегім бар.
Айнагүл СЕРІКҚЫЗЫ.
Бір жақты қарауға болмайды
2018 жылдың 10 айлық есептік мәліметі бойынша аудандық сотта неке бұзуға қатысты 18 азаматтық іс қаралған. Оның 11-іне шешім шығарылып, талап қоюшылардың неке бұзу жөніндегі талаптары қанағаттандырылған. Ал, 7 азаматтық іс бойынша тараптар медиация тәртібімен татуласуларына байланысты іс жүргізу тоқтатылып, заңды некелерін сақтап қалған. 11 шешім шығарылған істер бойынша ерлі-зайыптылардың өтініші негізінде 6 іс бойынша сотпен тараптарға татуласуға мерзім беріліп, алайда татуласқысы келмеген талап қоюшы некені бұзуды талап еткен. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Кодексінің 20-бабына сай, егер ерлі-зайыптыларды татуластыру жөніндегі шаралар нәтижесіз болса және ерлі-зайыптылар (олардың біреуі) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды талап етсе, неке (ерлі-зайыптылық) бұзылады деген заң нормасын сот басшылыққа алады. Іс қарау кезінде ортақ кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптылар немесе көп жылдар бойы бірге тұрмайтындар татуласуға мерзімді қажет етпейтіндерін айтып, уақыт созбай некені бұзуды да талап ететіндер кездеседі.
Заңды некелері бұзылған тұлғалардың жас шамалары 25-30 бен 35-40 жас аралықтарын құрайды. Оның ішінде неке бұзу жөнінде талаппен сотқа жүгінетін ер азаматтар да кездеседі. Отбасының бүтіндігіне, ұрпағының ертеңіне алаңдамайтын ерлі-зайыптылар қазір қоғамды да алаңдатуда. Соттар отбасын сақтау үшін бар мүмкіндікті қарастырады. Заңда белгіленген тәртіппен татуласу мерзімін де береді. Кейбір отбасыларға уақыт қажет болады. Сондай кездері ажырасуға ниет еткендер арасында райынан қайтатындар да бар, керісінше, табандап тұрып алатындар да кездеседі. Тәжірибеде байқалғандай некенің бұзылуына, яғни шаңырақтың шайқалуына бір жақты ғана кінәлауға болмайды. Шын мәнінде, істі талқылау барысында ерлі-зайыптылардың екеуінің де жіберген қателіктері анықталып жатады. Ер азаматтың да, әйелдің де сотта айтар уәжі – «мінезіміз жараспады, ақша таппайды, арақ ішеді, енем тыныштық бермейді», деген себептерді алға тартады. Кейбір жағдайларда ішкіліке салынған ер азаматтың әйелін ұрып, соққыға жығу, қорлау фактілері де кездеседі. Ажырасудың нақты бір себебі бар деп дөп басып айтуға болмайды. Жоғарыда айтып өткендей әр қилы мәселелр болғандықтан, ажырасу себептері де әртүрлі. Жалпы, аудандық сот тараптарды татуластыруға мол мүмкіндіктер жасалған. Ол бойынша аудандық сотта медиация кабинеті жұмыс жасайды.
Кабинет – медиацияға қатысты қажетті ақпараттармен, заңнамалармен қамтамасыз етіліп, тараптар мен медиаторлардың еркін сөйлесіп, келісімге келулеріне қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ медиация кабинетінің тұрақты жұмыс жасауы ұйымдастырылып, ол бойынша аудан орталығындағы кәсіби емес медиаторлар бекітілген кестеге сай кезекшілікпен жұмыс атқарады. Кәсіби емес медиаторлар – медиация кабинетінде ерлі-зайыптыларды келісімге келтіруге бар мүмкіндіктерін қарастыра отырып, екі жақты татуластыру бағытындағы жұмыстары жүргізілуде.
Айтжан ДОСМАҒАНБЕТОВА,
аудандық соттың төрағасы.
Неке бұзушылардың көбі жастар
Жалпы, ажырасудың себептеріне үңілер болсақ, төрт отбасы өзара ортақ бала болмауына байланысты ажырасқан, он бесінде ортақ бала болып, мінездерінің келіспеушілігінен сот шешімімен ажырасқан. Ажырасқандардың жас ерекшеліктері ерлерінің жасы 31-32, ал әйелдердің жастары 22-23 аралығында, яғни неке бұзушылардың көбі жас отбасылар екендігін көрсетіп отыр. Әрбір отбасында ер мен әйелдің өзінің атқаратын міндеттері бар. Олар әрқайсысы өзіне артылған міндетті жауапкершілікпен атқарып, ері әйелінің, әйелі ерінің құқықтарына құрметпен қараса, қоғамда мұндай мәселе туындамас еді. Шаңырақтың шайқалуына қазіргі таңда басты себеп – ауылдық жерлерде жұмыссыздық, ішкілікке салыну, тұрмыстық хал ахуалының төмен болуы.
Мысалы, 2004-2010 жылдары аралығында некеге отырған жастар ұзақ жыл бірге тұрып келіп ажырасып жатыр. Бұлардың неке бұзуларына басты себеп ортақ бала болмауы. 10 жылға жуық бірге тұрып, ажырасып жатқан отбасылардың ері ішкілікке салынып, жұмыссыз отбасына мас күйінде келіп тиісіп, мазасын алып, бала тәрбиесіне кері әсер еткен. Әйел адамның шыдамының таусылуына байланысты некелері бұзылған. Бұл отбасыларға сот келісу уақытын тағайындағанымен, белгіленген уақытта татуласу болмағандықтан ажыратылған.
Қазіргі уақытта сот жанынан отбасылық құқықтық қатынастарды шешуге медиациялық келісім қолданылады. Медиациялық келісімнің жастарға тигізер көмегі өте көп.
Сәнімгүл ЖҰБАЕВА,
аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің маманы.
Отбасылық шақыртулар көп түседі
Кезекшілікке отбасылық шақыртулар жиі түседі. Биылғы жылдың сегіз айында жиырма тоғыз шақырту түсті. Көбіне ерінің әйелін ұрып-соғу және басқа да жағдайлармен шақырады. Біздің міндетіміз – оларды ақылға салып, түсіндіру. Кейде арақ ішкен еріне, ашуланған әйелге қандай тоқтау айтарымызды білмейміз. Жиі отбасының шырқын бұзатындарды бақылауға алып, бір ай қадағалаймыз. Осы аралықта бұрынғы әдетіне қайта басса, ісін сотқа жолдап, жауапкершілікке тартылады. Ұят боладының кебін киіп, отбасылық зорлық-зомбылыққа шыдап отыратын әйелдер де бар. Қит етсе шақырту беріп, ерін қаматамын деп қорқытатындар да кездеседі. Көбіне шақырту беретін де осылар. Жалпы, отбасы болған соң түрлі жағдайлар орын алады. Оны ашуға жеңдірмей, бала болашағын ойлап әрекет еткен дұрыс. Отбасынан бір жақты тәрбие алып шыққан бала өмір қиындығын жеңе алмай, келеңсіз жағдайларға ұшырап жатады. Мұндай жағдайлар тәжірибемізде жиі орын алады.
Бекзат БАЙЖАН,
аудандық полиция бөлімінің ювенальды полиция тобы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға учаскелік полиция инспектор.
Ашуды ақылға жеңдірдік
Отау құрғанымызға бес жылдан асты. Ұлымыз бар. Иә, рас отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ұрыс, реніш болып жатады. Жас болған соң қызғаныш та бар. Бірақ, ондай сәттерде үйдегі үлкендердің ақылын тыңдаймыз. Бірде арамызда қатты реніш туып ажырасуға бел будық. Ол кезде кішкентайымыз 1 жаста болатын. Мен баламен төркініме кетіп қалдым. Екі-үш күннен кейін бала үйді сағынып, құса болды. Осы мезетте мен де ақылға келіп ол райымнан қайттым. Қазір ашуды ақылға жеңдіруге тырысып, ондай қадамға барғымыз келмейді.
Серік-Дана, жас отбасы.
Ажырасқанмен қиындық шешілмейді
Ажырасу арқылы барлық қиындықты жеңеміз деген қате пікір. Ол шешімді қабылдау арқылы біз өзімізге жаңа бір қиындықтардың болатынын біле бермейміз. Қазақта ешуақытта қайтып келген қызын себепсізден үйде ұстамаған, тіпті ажырасуға жеткізбес үшін бар ақылын, даналықпен жеткізе білген. Барынша екі жастың туыстары жиналып, қайта жарастырып жіберуге тырысқан. Осы тұста, қазіргі жастарға ата-ананың айтар ақылы аз сияқты көрінеді маған. Неге? Қазір ұлының ажырасқанына, қызының қайта келгеніне ұялатын, өкінетін үлкендер азайып бара жатқандай. Сол себептен, балаға берер тәрбиеге осалдық танытпаған абзал. «Бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» демекші баланың болашағына, ертеңіне алаңдамаймыз десек тәрбиеге көп мән берілгені дұрыс.
Мақсот КАРИН,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Вахталық әдістің де әсері бар
Мен ұзақ жыл вахталық әдіспен жұмыс жасадым. Қазір сол жұмысты қойдым. Оған түрліше себептер болды. Соның бір мысалын ғана айтайын. 28 күн жұмыс жасап, 28 күн демаламыз. Өздеріңіз білесіздер, әзіл-шыны аралас «Еркек үйден қырық қадам аттағаннан кейін бойдақ» дегенді алға тартып жатады ғой. Бір күні вахтамыз бітіп, бір топ жұмыстас жігіттер болып, қалаға қыдыруға келдік. Саунада көңілді отырыс болды. Өздеріңізге мәлім, ішке «ақаң» барғаннан кейін қыз іздеп атып шығатын әдет қой. Қыза-қыза келе бәріміз қыздар шақырамыз деген келісімге келдік. Ішінде бір пысықайы қыздарды шақырып қойды. Оларда әзер отыр екен, жетіп келді. Ойымызда дым жоқ. Вахталық әдіспен жұмыс үшін жан-жақтан жиналған жігіттерміз ғой. Бір кезде шар еткен қыздың дауысы шықты. Басқа бөлмеде отырған біз атып тұрдық. Есікке қарай жақындай бергенімізде, қыз атып шықты да қаша жөнелді. Жұмыстас жігітіміз состиып тұрып қалған, өңі боп-боз. Қақшиып бір орында қатып қалды. Аң-таңбыз. Түсінетін түріміз жоқ. Бір кезде әлгі жұмыстас жігітіміз киімін киді де: «Жігіттер манағы қыз менің заңды некелескен әйелім. Қара көлеңкеде байқамаппын. Үйге бармай осында келіп жүрген өзімде де обал жоқ», – деді де шығып кетті. Төбемізден жай түскендей болды. Келесі күні әлгі жұмыстас жігіт асылып өліпті деген хабар келді. Вахталық әдістің бір жаманы – бір ай жұмыста, бір ай ауылда жүресің. Бұл әсіресе, жас отбасыларға қиын. Негізі ақыл тоқтатқандардың жұмысы. Олай дейін десең, ауылда жұмыс табылып болмайды. Амал жоқ, отбасыңды асырау үшін вахталық жұмысқа кетуге мәжбүрсің. Өз басым, сол оқиғадан кейін вахталық жұмыстан шығып, жалақысы аз болса да басқа жұмысқа ауыстым. Әрине, бәрі санаға байланысты ғой. Дегенмен, ажырасқандар санын азайтамыз десек, жас отбасыларға ауылдан жұмыс тауып беруге жұмыстанған жөн сияқты. Әйтпесе, үйдің берекесін кетіретін әйел де еркекте нәпақа табу үшін қаңғырып жүрсе, жоғарыдағыдай оқиғалардың қайталанбасына кім кепіл?
Ізгілік ҚҰЛБАРАҚОВ.
Заңдылық тұрғысынан нақты зерделенуі тиіс
Несін жасырайық, қазіргі таңда ажырасу белең алып, бойдақ әйелдер мен еркектердің көбейгені жасырын емес. Осы орайда, маған мынадай ой келеді: Неге көбіне көп әйелдерге бала қалдырылып, ер азаматтар сол бала он сегізге толғанша алимент төлейді? Жақында бір ағамыздың «Үлкен бір компанияда қызмет етемін, айлық ақым да әжептәуір. Сол айлық ақымның 180 мың теңгесін ай сайын бірінші әйелімнен ажырасқаным үшін ұстап қалады. Әрине, балаларымның нәпақасы болар» деп ағынан жарылғаны бар еді. Сонда дейміз-ау, ай сайын жоғарыдағыдай алимент алып отырған әйел адам жұмыс жасап, бала-шағасын асырайды деп айту қиын сияқты. Олардың бала үшін төлеп отырған әкесінің ақшасын өз кәдесіне жаратып, өзі қалаған еркегімен қыдырысқа түсіп жүрмесіне кім кепіл?! Әлбетте, ондайдан құдай сақтасын. Дегенмен жаман айтпай жақсы жоқ қой. Сондықтан, осының барлығы заңдылық тұрғысынан өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын дәрежеде зерделенсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Ермұхаммед ЕРДОСОВ.
Кейде өкінемін
Ажырасқаныма үш жылдай уақыт өтті. Бала менің тәрбиемде. Екінші сыныпта оқиды. Үйленгенімізге бес жылдан асқанда жолдасым екеуміздің арамызда келіспеушіліктер пайда болды. Қызғаныш, баспанамыздың жоқтығы, ақша мәселесі, жұмыстың тұрақсыздығы барлығы қабаттасып кетті. Ата-анамыз ауылда тұратын. Осындай қиындықтарды жеңе алмай екіге айырылдық. Қазір сол болмашы қиындықты жеңе білмегенімізге өкінемін. Балам әкесімен жиі араласып тұрады. Бірақ, қосылуға ниетім жоқ. Алдағы өмірімде баламды өзім жеткізгім келеді.
Нұргүл АРМАН,
аты-жөні өзгертілген.
Баланың болашағын ойлау керек
Келін болып түскеніме елу жылдан асты. Ата-енеммен бірге тұрдық. Отбасында үлкендердің ақылы біз үшін заң болатын. Әрине, отбасы болған соң кикілжіңдер болады. Бірақ, оның бәрін де үлкендер ақылға жеңдіріп отыратын. Жолдасым үйдің үлкені болған соң одан кейінгі балаларға қарайласып тұрдық. Ол кезде кеңшардың жұмысымен қатар үй тірлігі де қатар жүретін. Өмірге тоғыз бала әкеліп, бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Аллаға шүкір, үлкен әулетпіз. Жастарға айтар аналық ақылым көп. Отбасы болып үлкен өмірге қадам басқан соң ыстығына күйіп, суығына тоңып, кездескен қиындықты жеңе білу керек. Екі жас ажыраспас бұрын өздерінің болашағын, арадағы баланың болашағын ойлауы керек. Ертеңгі күні балалары тірі жетімнің күйін кешсе кімге олжа? Жастар осы жағын ойланса деймін.
Сәнтай ЖӨКЕСОВА,
зейнеткер, ардақты ана.
Келешегін ойламаған әкеден не қайыр?
Араққа сылқия тойып келетін отағасы үнемі үйдің шырқын бұзатын. Маған, балаларына қол көтеріп, сәл нәрседен ұрыс шығаратын. Бастапқыда түзелер деген үмітпен балаларым үшін барлығына көндім. Тапқан таянғанын араққа салғаны бұлай тұрсын ай сайын балаларына тиетін жәрдемақыға да қол салатын. Әкелері ащы суға тойып келген күні еркелікті, не жылауды білмейтін балалар бір бөлмеге тығылатын. Маған қол көтерсе араша сұрайтын балалар өздері де таяқ астында қалатын. Арада бірнеше жыл өтті. Шыдамның да шегі бар араққа салынған отағасының түзелмесін біліп, ажырасуға бел будым. Өйткені, балаларының ертеңін ойламаған әкеден не қайран.
Алма ЕРКІНҒАЛИ.
Жастарда жауапкершілік неге төмен?
Бүгінгі жастардың арасында отбасын құру жөніндегі жауапкершілік сезімі төмен. Неге бұлай деймін, жыл басында кәсіби емес медиатор болып тағайындалдым. Осы кезде бірқатар жұптардың түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола ажырасуға ниет білдіретініне көзім жетті. Әр үйдің сыры басқа демекші, әр отбасының ажырасу себептері де әртүрлі. Ажырасуға ниетті жұптарға не себеп деген сауал тастасаң көпшілігі «бір-бірімізді түсінісе алмадық» деп жауап береді. Сонда олар үшін ажыраса салу ойыншық болғаны ма, неке үшін күресу әрі оны сақтап қалу керек емес пе?! «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» –дейді халқымыз. Жаңылысу да, қателесу де, кей кезде аяқты шалыс басу да адамзат баласының бәріне тән нәрсе болса керек. Сондықтан, екі тарап бір-бірін түсініп, кешірімді болса келеңсіз жағдайлар орын алмаған болар еді.
Бағытжамал ЖҰМАБАЕВА,
кәсіби емес медиатор.
Түйін. Қалай болғанда да, отбасын құрған жас жұбайлардың ажырасуға жол берілмегені дұрыс. «Үйлену оңай, үй болу қиын» демей ма халқымыз?! Демек, қандай ма болмасын қиындыққа төзіп, балалары мен елінің болашағын ойлаған ерлі-зайыптының абыройы асқақ, беделі биік. Ендеше, ажырасуды сәнге айналдырмайық, ағайын!
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.