Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ақсақалынан ақыл сұраған ешқашан адаспайды

Аудандық ардагерлер үйінде «Ардагерлердің ашық әңгіме алаңы» жобасы аясында Миялы ауылындағы ардагерлер бас қосты.

Оған аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов, Миялы ауылдық округінің әкімі Ерболат Иғали, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Кариндер қатысып, ардагерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов:

–  Қазақ халқы қашанда үлкеннің батасын алып, елдік тұрғыдағы мәселеде ауыл ақсақалдарына жүгініп отырған. Соған сай, жылдың алғашқы айында сіздермен бас қосып, айтар уәждеріңізді тыңдап, ой-пікірлеріңізді білу үшін жиналып отырмыз. Болашақта ауданымызда қандай жұмыстар жасалуы керек, ұрпақты қалай ұлтжандылыққа тәрбиелейміз, ұлттық құндылықтарды қалай насихаттаймыз? Міне, осы сұрақтар төңірегінде Сіздермен ақылдасқанды жөн көрдік, – деді. Содан кейін ауыл ақсақалдары сөз алып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.

Хирургті Атыраудан шақыртады 

Ауданымыз қанша жерден дамып өркендеді десек те шешілмей жатқан мәселелер жетерлік. Солардың бірі – тойдың жай басталуы. Қанша жерден айтылып, жазылып жатса да тойлар әлі де кеш басталып жүр. Жаз ештеңе емес қыстың өзінде той кешкі сағат 22:00-де әзер басталады. Күтіп шаршаймыз. Келесі мәселе – ауызсудың ащылығы.

Бұл да айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Бірақ, әлі шешімі табылмай келеді. Сосын жаңа жылдан бастап жылдағыдай қымбатшылық қыса бастады. Зейнетақы өсті екен деп бағаны шарықтатып жіберуді қою керек. Бұл әсіресе тұрмысы төмен отбасыларға қиын соғуда. Осыған бір бақылау болмай ма? Сондай-ақ, қазір ауданға білікті дәрігер жетпей жатыр. Бір ота жасау керек болса хирургті Атырау қаласынан шақыртады. Облыс орталығынан шалғайда жатқан ауданға келіп-кететін емес тұрақты дәрігер керек. Осы мәселелерді аудан басшылары басты назарға алса деген тілегім бар.

Қалидолла ІЗЕКЕН.

Әлеуметтік желілерге бақылау қажет

Ауыл тазалығына көңіл бөлу керек. Тек көктемгі-күзгі тазалық айларында емес, тазалықты үнемі қадағалаған жөн. Сондай-ақ, бізді алаңдататын түйткіл – әлеуметтік желі.

Әлеуметтік желілерде жастар көп отырады. Ал, ата-аналар олардың әлеуметтік желіде қандай топтарға тіркелді, кімдермен дос екеніне бақылау жасап жатпайды. Соның салдарынан түрлі қайғылы оқиғалар болып жатады. Сондай-ақ, қазір әлеуметтік желіде отырып алып, дәлелсіз-дәйексіз ақпараттарды салып, елді шулатып жүретіндер көбейді. Мұндай ақпараттар қоғамның наразылығын тудырып, ел ішінде түрлі қауесеттер тарауына әкеп соқтырады. Сондықтан, әлеуметтік желілерге бақылау жасаған абзал.

Құмар ХАСАН.

Жарық неге әлсіз?

Бүгінгі келелі кеңесте мен ауылда жарықшамдардың аздығын, сапасыздығын айтқым келеді. Миялының біраз көшесінде жарықшамдар бар. Бірақ, жарығы әлсіз. Тек сығарайып қана тұрады. Ал, Ж.Жабаев, А.Иманов, К.Жайылғанов көшелерінде жарықшам жоқ десек те болады.

Тағы бір мәселе – жас мамандарды жұмысқа орналастыру. Мәселен, биыл менің немерем оқу бітіріп келді. Мамандығы музыка пәнінің мұғалімі. Ал, оны келіп Миялыда жұмыс бола тұра сонау Көздіғараға жұмысқа жіберді. Ал, Миялыдағы бос орынға менің немереммен бірге бітірген көздіғаралық жасты жұмысқа алды. Неге жастарды бірін анда, бірін мында жібермей өз ауылдарында қалдырмайды. Мамандықтары да, бітірген оқулары да бірдей. Жастарды қолдау керек деп жатады. Қолдағандары осы ма?

Жаңбырбай АҚТАЕВ.

Ардагерлерді алаламаған абзал

Қазір Миялыда өздерінің қорасының артын, үйінің жанын заңсыз қоршап алған немесе көлік жүрмеу үшін кедергі қойып тастайтындар көп. Яғни, өрт сөндіру көлігі жүретін жолдарды жауып тастайды.

Ал, бұл төтенше жағдай болғанда өз кедергісін келтіреді. Өздеріне тиесілі емес жерлерді қоршап алатын адамдарға шара қолдану керек. Газеттен көріп отырамыз «Ардагерлер ЭКСПО-ға барды, тарихи орындарды аралады» деп жатады. Бірақ, оның ішінде біз жоқпыз. Үлкендерді алаламай бәріне бірдей қарау керек қой. Сосын керемет етіп ардагерлер үйін аштық. Енді осының ішіне бильярд болса деген ұсыныс бар.

Байтас МУСИН.

Жаздық су құбырын тартқан дұрыс

Жаз сайын ауданда ауызсу мәселесі жиі сөз болатыны белгілі. Оған басты себеп – халық ауызсуды құрылыс жұмыстарына, бау-бақша суаруға, көлік жууға жұмсайды. Бұл мәселені шешу үшін Ойыл өзенінен жаздық су құбырын тартқан абзал.

Осы мәселені көп ұзамай қолға алған дұрыс. Жаздық су құбыры бұрын да болды. Сол арқылы ауыл ішіндегі саябақтар мен гүлдерді суарушы еді. Соны қайтадан қолға алатын кез келді.

Жексен ҚАПЕЗ.

Салынған үйлердің бірдей болғаны жақсы

Қазір ауылымызда тұрғын үй салу үшін жаңадан жерлер беріліп жатыр. Бұл ауданның сәулетіне сәулет қосатыны белгілі. Сондықтан берілген жерге салынатын үйлердің бірдей болғаны абзал. Мәселен, су тасқынынан кейін салынған жаңа мөлтек ауданы әдемі көрінеді. Жаңа үйлер де сондай үлгіде болса ауыл ажарын аша түсетіні анық.

Әліпқали БЕРГАРИН.

Келісімшарт міндетті түрде керек

Біздің аудандағы өзекті мәселелердің бірі – жанармайдың тапшылығы. Соның ішінде дизель отыны. Былтырғы жылы жазда дизель отынының жетіспеуі салдарынан біраз шаруагердің жұмысы тұралап қалды. Осы мәселені көтерген еңбек ардагері Ғизат Арыстанғалиев маған келіп ауылдан «Қазмұнайгаздың» жанармай бекетін ашу туралы ұсыныс айтқан еді. Меніңше өте дұрыс бастама. Әрі арзан, әрі қолжетімді. Одан бөлек, қазір ауданымызда мал бағу ісінде де қордаланған мәселелер жетерлік.

Соның бірі – бақташы мен мал иесінің арасында келісімшарттың болмауы. Қазір мал жоғалса, қасқыр тартып кетсе екі тарап өзара дауласып жатады. Ал, егер келісімшарт болса дауласып жатпай-ақ, мәселені қағаз жүзінде тез арада шешуге болады. Осыны тұрғындар да, бақташылар да ұғынатын уақыт келді.

Мақсот КАРИН.

Ауыл үлкендерінің айтқан ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдаған аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов: – Барлық айтылған мәселелерді басты назарға алатын боламыз. Ауызсу, жол, жер, тазалық, мал бақтыру, жанармай бекетін ашу, ауданға білікті дәрігерлерді әкелу бәрі де орынды мәселе. Оның бірқатары қолға алынып, бүгінде алғашқы жұмыстары да жүріп жатыр. Сіздердің осындай ой-пікірлеріңіз біз үшін өте қажет. Осы орайда, бір айта кететін мәселе – ауыл үлкендері барлық жерде де дәл осылай белсенділік танытса деген ұсынысым бар. Кей кезде аудан көлемінде болатын жиындарда төрімізде баталы сөзін айтып отыратын ақсақалдарды таппай қаламыз. Ал, Сіздердің айтқан ұсыныс-пікірлеріңіз міндетті түрде қаралатын болады, – деп, жиынды қорытындылады.

Дулат МӘТЖАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT