Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Инвестиция — игілікті істің бастауы 

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеудің маңыздылығы нақты айтылды.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына инвестиция тарту басты мәселе екендігін де қадап айтты. Бұл жолда аудандарда ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді үйрету орталықтарын ашу керектігіне көңіл аударды. Бұл суармалы егістіктің мәдениетін арттырып, оның өнімін молайтуда, топырақтың құнарлылығын сақтап әрі молайтуды, жалпы шаруа қожалықтары қызметінің тиімділігіне оң ықпал тигізері ақиқат. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні шаруа қожалықтарында дақылдарды егудің технологиясы, агротехникасы, ауыспалы егіс жүйесі, минералдық тыңайтқыштарды тиімді пайдалану әдістері, топырақты өңдеу тәсілдері өз дәрежесінде ескеріле бермейді.

Сонымен қатар, Жолдауда ирригация жүйесімен, су шаруашылығы мәселелерімен нақты айналысу қажеттігі айтылды. Бұл біз үшін де өте маңызды проблема. Бұл бағытта бірқатар шараларды іске асыру қажет деп санаймыз. Мал шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде ет өндірудің басты көзі, бұл табиғи жайылымдар екені белгілі. Бізде сегіз миллион гектарға тарта аумақты осы жайылымдар алып жатыр. Құнарлылығына қарай, орта есеппен бір құшақ шөп, бір килограмм етке тең келеді екен. Бұл біздің резервіміздің молдығын көрсетеді. Алайда, бұл мүмкіндік судың тапшылығынан өз дәрежесінде пайдаланылмай келеді. Жайылымдарды суландыру, егіс шаруашылығы қажеттілігін қамтамасыз ету бағытында Жайық өзені бойынан су қоймасын салу жөнінде бұрыннан ұсыныстар болса да, бір сәті түспей-ақ қойды. Бізде бірде-бір су қоймасының болмауы мәселені күрделендіре түсері даусыз. Биылғы су тасқынында көптеген бұрынғы кеуіп қалған суландыру каналдарына су шықты. Десек те олар реттелмегендіктен, кезінде тазартылмағандықтан мол суды тиімді пайдалану іске аспады. Сонымен қатар, жайылым, су мамандарын дайындау — басты мәселе. Жолдауда көрсетілгендей, енді бұл проблемаларды шешуге де, инвестиция тартуға да мүмкіндік туып отыр.

Бақтыбек ТАУБАЕВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, Атырау облысының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521