Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АЭС: Ядролық физика институты кадр әлеуетін қалыптастырады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға арналған Жолдауында атап айтылғанындай, қазір Қазақстан халқы егемен елдің ертеңін, кемел келешегін, оның энергетикалық қауіпсіздігінің ұзақ мерзімге арналған болашағын айқындайтын үлкен таңдаудың алдында тұр. Ол сөз жоқ, республикада атом электр станциясының құрылысын жоспарлау мәселесі.

Референдумды өткізуде көзделіп отырған басты мақсат та бұл мәселені жұртшылықтың жан-жақты талқысына салып, оны дауыс беру арқылы шешу. Сенімді әрі экологиялық тұрғыдан таза энергия көзіне қол жеткізіп, осылайша бұл саладағы тапшылықты жойып, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы атом энергиясын өндіре отырып, оны бейбіт мақсатқа, елдің игілігіне жарату, осындай игі іске бағытталған инновациялық, әлеумет үшін әлеуеті жоғары, болашағы зор, мүмкіндігі мол жобаларды тиімді және ұтымды жүзеге асыру.

Осынау стратегиялық маңызды салаға қажетті мамандарды даярлайтын жоғары оқу орны ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтің сөзінше, ол жетекшілік ететін бұл ғылыми мекеме ғалымдары елдің келешегі бүгінде күн тәртібінде тұрған атом электр станциясының құрылысына тікелей тәуелді және тығыз байланысты екеніне сенімді.

— Жасыратыны жоқ, ғалымдар жаңа ғасырдың, жаңа дәуірдің технологиясын өмірге келтіру үшін бүгін ғана емес, бірнеше ондаған жылдар бойына тынымсыз ізденіп, еңбектеніп келеді. Ал, АЭС құрылысы теориялық еңбекті тәжірибеде іске асыруға мүмкіндік пен кепілдік беретін қадам болары даусыз. Сайып келгенде, термоядролық синтездеу тәсіліне негізделген, яғни сол арқылы басқарылатын заманауи технология жаңа буын энергетикасының негізін қалайтыны кәміл, — деп түйіндеді ойын институт басшысы.

Оның айтуынша, жарты ғасырдан астам тарихы мен тәжірибесі, бай материалдық- техникалық базасы бар ядролық физика институты бүгінгі таңда атом энергетикасы саласына қажетті мамандарды дайындап шығаратын тәуелсіз елдер достастығы шеңберіндегі бірегей білім ордасы болып табылады. Сол себепті де ол білікті кадрларды әзірлей отырып, АЭС құрылысы тәрізді теңдесі жоқ, ауқымды жобаның ойдағыдай жүзеге асырылуына қомақты үлесін қосуға дайын. Түйіндеп айтқанда, АЭС Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтумен қатар, отандық ғылымды, технология мен өнеркәсіпті дамытудың қуатты импульсіне айналары ақиқат. Айрықша атап айтарлық жайт, ядролық физика институты жанында ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы құрылған. Институттың құрылымдық бөлімшесі болып саналатын бұл орталықта қазіргі уақытта ядролық және радиоактивті материалдар мен қондырғылардың физикалық қорғалуы, ядролық материалдардың есебі мен бақылауын, ақпараттық қауіпсіздік бағыттарында оқулар мен мамандардың біліктілігін көтеру курстары жұмыс жасайды. Теориялық дәрістер заманауи үлгідегі офистік интерактивтік және бейнепроекциялық жабдықтармен жарақтандырылған кабинеттерде өткізіледі. Қазақстандағы ядролық физика институты мен оның базасында құрылған оқу орталығы болашақта АЭС-те жұмыс жасауға қажетті және қабілетті, сұранысқа ие мамандардың ұстаханасы деуге әбден болады.

Дәулетқали АРУЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521