Жалпы қазақ халқы әуелбастан жеті санын киелі санап, өмірдегі біраз дүниесін осы санмен байланыстырған.
Атап айтқанда, «Жеті ата», «Жеті қазына», «Жеті жұт», «Жеті өнер» деген сынды жалғаса береді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да сол бір баба дәстүрінің жұрнағындай. Бірақ, бұл мақаланың мазмұны бөлек, арқалар жүгі ауыр. Себебі, бүгінгі технология мен жаһандану дәуірінде ұлттық болмысынан айырыла жаздаған жас ұрпаққа баһадүр бабалардың ерлігін насихаттап, олардың тарихи санасын ояту кезек күттірмейтін мәселе. Осы орайда мақалада айтылған ой-тұжырымдарды оқи отырып, Елбасының тарих пен бүгінгі дәуірді шебер байланыстыра білген көрегендігіне қайран қаласың. Соның дәлелі тарихи сананы жаңғырту мәселесіне орай айтқаны. Президент өз мақаласын «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», деп бастап, мұның «жай ғана әдемі афоризм еместігін» ескертті. Айтылған ойдың астарынан «Бұл – тарихи шындық» деген тұжырымды ұғуға болады. Демек уақыт пен кеңістіктің көк-жиегі тоғысқан кезде ұлттық тарихымызға терең үңіліп, түп-тамырымызды жете танып, оның күрмеуі күрделі түйінін шешуге ұмтылу – баршамызға ортақ міндет. Бұл ретте Президент мақаласында санамалап көрсеткен Ұлы Даланың жеті қыры арқылы біздің ғалымдарымыз бен тарихшыларымызға жаңа міндет артып отыр.
Сондай-ақ, менің жеке өзіме ұнағаны – кино мен телевизия саласына жаңа бетбұрыс жасау. Біздің тарихымыз бен ұлттық болмысызды насихаттайтын жаңа кинолар мен бағдарламалар түсіру. Сөздің шыны керек халық қазіргі көгілдір экранды жаулап алған қаптаған шоулар мен мәнсіз сериалдардан шаршады. Көрерменге ерекше серпіліс беретін тарихи туындылар керек. Балаларды «Человек паук», «Халк», «Панда» емес өзіміздің ертегілердегі «Желаяқ», «Көлтаусар», «Ер Төстік» сынды кейіпкерлермен тәрбиелеуіміз қажет. Ал, қыздарға «Машаны» емес, «Мақта қызды» көрсеткен абзал. Сонда ғана ұлықты ұл, қылықты қыз өсіп шығады. Осындай ұлы мақсаттарды көздеп жазылған мақаланы ел болып қолдауымыз керек. Ішінде айтылған тұщымды ойлар мен маңызды мәселелерді шағын кітапша қылып шығарып, мектептерге таратса да артық болмайды. Біз сол арқылы Ұлы даламыздың барлық қыр-сырын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіре аламыз деген ойдамын.
Мұрат СҰЛТАНОВ,
«Бәйтерек» мешітінің бас имамы.