Атыраулық Нұрлан Домбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада Комитетінің ұйымдастыруымен өткен "Алтын Самғау - 2019" спорттық сыйлығында "Ең үздік паралимпиадалық спортшы" аталымында жеңімпаз атанды.
Нұрлан ағымдағы жылдың ақпан айында Түркияда өткен әлем біріншілігінің алтын алқасын иеленген болатын. Осылайша, паратаэквондодан екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Шілдеде өткен Иордания мемлекетіндегі біріншілікте - Азия чемпионы, қарашада Италияда болған турнирде - Еуропа чемпионы болды. Ол 2019 жылы өткен байрақты бәсекелердің бәрінде Көк байрағымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Паратаэквондоға 2014 жылы келсе де, бүгінде, ол 75 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей, паратаэквондашылардың әлемдік рейтингінде көш бастап тұр. Ендігі мақсаты - келер жылы Жапонияда өтетін Паралимпиада ойындарында үздік деп танылу.
- Бала кезімнен спортқа жақын едім. Футбол, баскетбол, одан қалса каратэ, таэквандо сияқты шығыс жекпе-жектерін жақсы көретінмін. Екі қолымнан айырылғаннан кейін паратаэквондоға қатысу туралы ойлай бастадым. 2016 жылы жарыстарға шығып, сол жылы-ақ Еуропа чемпионы атандым. Мен спорттан өз жолымды таптым деп ойлаймын. Спортқа келгелі достарымның да қатары көбейді. Жалпы, қай спортшының да арманы - Олимпиада чемпионы атану. Сол арманыма жетемін деген ниеттемін, - дейді Нұрлан Домбаев.
Айта кетейік, 38 жастағы Нұрлан Домбаев - екі дүркін әлем, екі дүркін Азия және екі дүркін Еуропа чемпионы атанған алғашқы атыраулық спортшы.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі