Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Әзірге, эверест! Мен тағы келемін»

Былтырғы жылдың желтоқсан айының ортасында әлеуметтік желілерден Мәскеу қаласында тұратын жерлесіміз Бибігүл Өтемағанбетованың биіктігі 8848 метр болатын атақты Эверест шыңының 5555 метрін бағындырғаны жайлы суреттері жарияланды. Тау шыңының басынан өзінің туған ауданына сәлем жолдаған қайсар қызбен телефон арқылы тілдесіп, ерлікке жетелеген сапары туралы сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Бибігүл Кәбдікәрімқызы, алдымен өзің туралы, отбасың жайлы айтып өтсеңіз?

– Мен Мұқыр ауылында 1975 жылдың 8 ақпанында дүниеге келдім. Әкем Кәбдікәрім Нұрымғалиұлы мен анам Айтқаным Қазалықызының тұңғышымын. Менен кейін Самғат (жеке кәсіпкер), Саламат (облыстық полиция басқармасында, майор) есімді екі інім бар. Үйлі-баранды, Атырау қаласында тұрады. Кішкентай кезімде Миялы ауылына көшіп келіп, 1982 жылы Н.К.Крупская (қазіргі Х.Досмұхамедұлы) атындағы орта мектепке бірінші сыныпқа бардым. Алғашқы ұстазым Дәмелі Ізбасқанова. 1992 жылы орта мектепті бітірген соң Түркия мемлекетіне оқуға барып, бір жыл Самсун қаласында түрік тілін үйрендім, 1993 жылы Стамбул университетіне оқуға түсіп, халықаралық қатынастар және құқық факультетінде білім алдым. Орыс тілін жетік білуімнің арқасында туристік фирмаға жұмысқа орналасып, Түркияға ТМД елдерінен келген туристерді қаланың тарихи жерлерін аралатып, таныстыратынмын.

1998 жылы оқуымды бітірген соң бір түріктің туристік фирмасымен келісім шартқа отырып, Мәскеу қаласына жұмысқа келдім. 2002 жылы мәскеулік Владимир деген жігітке тұрмысқа шықтым. Илья (18 жас), Денис (7 жас) есімді екі ұлым бар. Жолдасымның әкесі Александр Сайкин атақты кеңестік спорт шолушысы Николай Озеровпен бірге жұмыс жасады. Мамандығымды жете меңгеру үшін көп жерді, елді аралап, білімімді жетілдірдім. Сөйтіп, тәжірибе жинақтаған соң 2009 жылы жеке «Pronto Tour» туристік фирмамды аштым. Бұл ретте, маған жолдасым Владимирдің көп көмегі тиді.

– Бұрын тауға шығып па едіңіз? Эверест шыңына шығу өз идеяңыз ба? Топта өзіңнен басқа қыздар болды ма?

– Бұрын мен тауға трекпен (көп күндік жаяу туристік маршрут) шығып көрмеппін. Туып-өскен жерімде тау болмағанымен, тауды жақсы көрдім. Ал, Эверест шыңына шығуды маған қазан айында серіктестерім ұсынды. Топтағы тоғыз адамның алтауы әйел адам, ал үшеуі ер адам. Олардың төртеуі бұрыннан тауға шығып жүрген жандар болса, қалғаны бірінші рет тауға аяқ басқандар. Әрине, бірінші рет шыңға шығу оңай болмады. Жалпы, мен бес жылға жуықтады скалодром (құзға өрмелеуге арналған жасанды құрылыс), пилатес (дене жаттығуларының жүйесі) секілді спорт түрлерімен күнделікті жаттығып келемін. Бұл тауға шығу кезінде маған үлкен көмек болды.

– Тауға, соның ішінде алып Эверест шыңына шығу туралы ойың бар екенін білгенде отбасың, ата-анаң, бауырларың құптады ма?

– Әрине, Гималай тауына, соның ішінде Эверест шыңына шығамын дегенде бәрі қарсы болды. Қорықты. «Мүмкін бармассың, Райыңнан қайтарсың» деп жолдасым сапарға шыққанша үгіттеді. Алайда, өзім қолға алған қиын сапармен күресуге бел байлап, жолға шықтым.

– Непал еліне ұшақпен барған боларсыздар? Ал, қазіргі ахуалға байланысты тест тапсыру, басқа да жағдайлар қалай жүрді?

– Рас ұшақпен бардық. 26 қараша күні Мәскеу қаласында ұшаққа отырып, Стамбул қаласы арқылы Непалға ұштық. Непал астанасы Катмандуға жақындаған сайын жүрек лүпілі күшейіп, жиі соға бастады. Қалай болғанда да ештеңе ойламау мүмкін емес. Әйтеуір, Катманду әуежайына ұшағымыз аман-есен қонып, көңіліміз орнына түсті. Шағын ғана әуежайда адам аз болғандықтан визамыз тез рәсімделді. Бұдан кейін бәріміз тест тапсырып, нәтижесін күттік. Қорытындысы оң нәтиже болып, үш жұлдызды қонақ үйге орналастық. Бізден басқа келіп жатқан туристерді көре алмадық. Қалада үш күн болдық. Түнгі қаланы аралағанда байқағанымыз дүкен, кафелердің барлығы ашық, сауда жасап тұр. Қала тұрғындары пандемия тәртібін қатаң сақтауда. Көшеде адам аз болғанымен медициналық бетпердесіз жүрген ешкім кездеспеді. Алайда, көшеде үлкенді-кішілі ғибадатхана көп. Көптігі сонша қаланың әр тұрғынына бір ғибадатханадан келетін секілді. Сондай-ақ, мотоцикл – Непалдағы негізгі көлік құралы екен. Қаланың Тамель атындағы көшенің бойы туристерге арналған дүкендер мен шағын кафелерге толы. Дүкендер тауға шыққанда қажетті киім-кешек, құрал-жабдықтарға толы. Тауарлардың сапалары жақсы әрі бағалары қолжетімді. Жалпы, туристер үшін мүмкіндігінше барлық жағдай жасап отыр. Бір тәуліктен соң Катмандудан шағын ұшақпен Лукла қаласына ұштық. Оған 45 минут уақыт кетті.

– Осы тұста, саяхат барысына тоқталсаңыз?

– Лукла қаласы Эвересттің айналасына баратын туристер мен альпинистердің транзиттік пункті. Теңіз деңгейінен 2600 метрдей биіктікте орналасқан қалаға көлікпен келетін жол жоқ болғандықтан, жолаушылар жаяу немесе ұшақпен қатынайды. Ертеңгілік асымызды ішкен соң қаладан шыға берістегі полиция бекетінде тексеріліп, рұқсат қағаздарымыз рәсімделген соң жаяу жолға шықтық. Бірінші күні Пакдинг асуына (2835 метр) дейін көтерілдік. Әзірге топтағылардың барлығының да көңіл-күйлері жақсы, сергек. Екінші күні жүрер жолымыз қиындай түсті. Көзге көрініп тұрған тауға жету үшін асуы көп тіке жол да бар. Бірақ, біз «алыс та болса жақын» деп айналма жолды таңдадық. Жаяу жүріп шаршағандарға мінуге жылқы берілді. Бірақ мен жаяу жүрмек болып шештім. Тауда ыңғайлы аяқ киім болмаса жүру де қиын. Үстімізде қабат-қабат киім. Таулы жердің ауа райы біресе ысып, біресе салқындайды. Ысығанда жеңілдеп шешінеміз де, тоңғанда қайта киінеміз. Жоғары көтерілген сайын ауа қысымы азайып, демалу да қиындайды. Сол күні үнемі жоғары өрлеумен жүріп, 3440 метр биіктікте орналасқан Намчы деревнясына келіп «Yak Hotel» қонақ үйіне қондық. Ендігі меже Тенгбоче деревнясы, биіктік 3800 метр. Одан әрі Дингбоче, Лобуче деревнясын басып өтіп, 4 желтоқсан күні Эверест базалық лагеріне тоқтадық. Таңғы сағат бестерде лодждан (шағын қонақ үй) шығып, 5 желтоқсан күні Горакшеп (5190 метр) деревнясына жақын Кала Паттар шыңына жеттік. Яғни, межеге алған 5555 метр биіктікке көтерілдік. Биіктікте естелік суретке түсіп, өзімнің өсіп-өнген ауданыма, отбасыма сәлем жолдадым. Мақсатымыз орындалған соң сол жерден тікұшаққа отырып, Катмандуға келдік. Бұдан кейін Стамбул арқылы ұшып өтіп, 11 желтоқсанда Мәскеудегі отбасыма оралдым.

– Тауға шыққанда далаға қондыңдар ма, әлде арнайы қонатын орындар болды ма?

– Жалпы, тау асуларында шағын деревнялар бар. Ондағы тұрғындар туристер арқылы, нақтырақ айтқанда Эверест шыңы арқылы күндерін көріп отыр. Әр деревняда лодждар, кафелер бар. Бірақ, отын жағы тапшы болғандықтан тек қана асханаларда от жағылады. Жатын бөлмелерде жылу жоқ. Біз Намче деревнясында екі күн қонсақ, қалған Пакдинг, Тенгбоче, Дингбоче, Лобуче, Горакшеп деревняларына бір күннен түнедік. Өйткені, жоғары көтерілген сайын ауа райы салқындай түседі.

– Қайдан тамақтандыңдар? Ыстық тамақ болды ма?

– Тамақты лоджа қожайындары дайындайды. Непалдықтардың момо деген тамағы бар, біздің мантыға ұқсас. Көбіне соны береді. Ал, ыстық тамақ қиындау болды. Жолдан шаршап, салқыннан тоңып келгенде ыстық тамақ ішкің келіп, сұрасаң сорпа деп тез дайындалатын «доширакты» алып келеді.

– Кім бастап жүрді, жүктеріңізді қалай тасыдыңыздар? Күніне қанша метр жүрдіңіздер?

– Тауға шыққанда туристерді жергілікті тұрғындардан, яғни непальдықтардан шыққан гид бастап жүреді. Өйткені олар таудың әр тасын біледі. Ал, жүкті жылқымен немесе якпен тасымалдауға болады. Бірақ біздің жүгімізді шерптер алып жүрді. Шерп деген тауда тұратын өзгеше халық. Дүниеге келгеннен бері тауда өмір сүрген соң ауыр жүк тасуға әбден шыныққан жандар. 50-60 келі жүкті арқалап қиналмай тауға шыға береді. Өзіміздегі рюкзакта жолға қажетті заттар болды. Әрі кеткенде 5-6 келі болады. Күніне орта есеппен 500-600 метр жер жүріп отырдық.

– Қауіпті оқиғалар, қорқынышты жағдайлар кездесті ме?

– Айтарлықтай қауіпті оқиғалар кездеспеді. Лукла әуежайына қонар кезде ғана бойымызды қорқыныш биледі. Ұшқыштар да, саяхатшылар да білетін дұғаларымызды күбірлеп, ішімізден оқыдық. Өйткені бұл әуежай әлемдегі ең қауіпті әуежайдың бірі. Ұшағымыз жерге аман-есен қонған соң «Уф!» деп демімізді сыртқа шығарып, көңіліміз орнына түсті. Әуежайдың ұшу-қону алаңы ұзындығы небәрі 520 метр екен. Оның бір жағы тік құз болса, екінші жағы жартасқа тіреледі. Сондай-ақ, таудың тастақ жолы да қауіпті. Кейбір жерлерде жолдың бір жағы қия шың. Абайламай сүрініп кетсең төмен қарай құлдилайсың. Екі таудың ортасын жалғастырған аспалы көпірлердің бірнешеуінен өттік. Көпірлер мықты бекітілген. Төменде сарқырап ағып жатқан өзен көрінеді. Қарасаң қорқынышты, басың айналады. Бұл жерде ең бастысы биіктен қорқатын қорқыныш сезімі (фобия) болмауы қажет.

– Құпия болмаса қанша қаражат керек?

– Құпия емес. Жалпы жол шығыны 1200 доллар көлемін құрады. Бірақ мұның ішіне ұшақ билеті мен тамақтың қаржысы кірмейді. Билет бағасы қай жерден ұшуына байланысты. Ол жақта тамақ та көп қымбат емес. Әрі кеткенде күнделікті түскі, кешкі ас 5-7 долларға шығады.

– Межелі жерге жеткенде қандай сезім биледі? Енді қайта келу ойыңда бар ма?

– Бұл қиын жол болды. Біз кәсіпқой альпинист немесе даңқты спортшы емеспіз, жай ғана саяхатшымыз. Біздің мақсатымыз биікті бағындырып, рекорд жасау емес, табиғатты көру, тамашалау, тыңдау, есту. Жоғары көтерілген сайын тау сұлулығы айқындала түседі. Табиғаттың мұндай фантастикалық көрінісін көргенде шыдай алмай суретке, бейнефильмге түсіре бердім. Алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Нағыз еркіндіктің тауда екенін ұқтым. Әрине шаршадық. Соңғы 150 метр жерді еңбектеп барғандай күй кештім. Бірақ шаршасақ та бақытты едік. Өйткені өзіміз мақсат тұтқан биіктікке жеттік. Бұлттар аяқ астында қалқып жүр.

Эверест шыңы қол созым жерде, бірақ қашық. «Әзірге ЭВЕРЕСТ! Мен тағы келемін» деп кері қайттым. Осы сапардан кейін мен Қазақстанды және біздің әдемі жерлерімізді қалай өркендетуге, бүкіл әлемге көрсетуге болатынын түсіндім. Бұйыртса биылғы жылы Қазақстандағы Тянь-Шань тауына трекинг өткізуді жоспарлап отырмын.

– Әңгімеңізге рахмет! Ойлаған жоспарыңыздың іске асуына тілектеспіз.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT