Мәдениет жетістіктері
Осы жылға жоспарланған іс-шаралардың қатарында Атырау облысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бекітілген мерейлі даталарға арналған іс-шаралар ретімен ұйымдастырылды.
Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мира Дәулетбаевадан алған мәліметке сүйенсек, «Жошы ұлысының 800 жылдығына» орай «ШЕБЕР – FEST 2024» атты шеберлер мен қолөнершілердің республикалық фестивалі, Рысбай Ғабдиев атындағы ІІІ республикалық дирижерлер конкурсы, Қаршыға Ахмедьяров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің Республикалық деңгейдегі дирижерлармен концерттері, Табылды Досымовтың шығармаларына арналған «Самала саздар сағымы» атты аймақтық ән байқауы, танымал сазгер Болат Қохамановтың шығармашылығын насихаттау және қолдау мақсатында «Атырау – ардақты өлкем» атты эстрадалық ән орындаушылар арасындағы республикалық конкурс, «25 қазан – Республика күніне» арналған «Менің елім, менің жерім…» тақырыбында кәсіби суретшілердің республикалық симпозиумы өтті.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылы аталып өтілетін, өңірге танымал тұлғаларды ұлықтау мақсатында өлке әдебиетінің көрнекті тұлғалары Фариза Оңғарсынова, Берқайыр Аманшин, Нұралы Әжіғалиевке арналған облыстық өнер ұжымдарының театрлық қойылымдары мен өзге де ақпараттық-танымдық іс-шараларын және концерттік бағдарламалары ұйымдастырылды.
Жазушы Әбіш Кекілбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай, «Талғамы биік дара тұлға» кітап көрмесі, «Азамат жолы ар жолы» Әдеби қобдиша, «Мұхиттай айдынды шыңырау» Ауызша журнал, «Әбіш әлемі» Әдеби сағат, «Кемел талант, дара дарын» библио – репортаж, «Қазақ руханиятының абызы» Кітаптарына шолу шаралары жоғары деңгейде аталып өтті.
Бұған қоса, Фариза Оңғарсынова, Берқайыр Аманшин, Нұралы Әжіғалиев секілді көрнекті тұлғаларға арналған облыстық өнер ұжымдарының концерттері, театрлық қойылымдары мен өзге де ақпараттық-танымдық іс-шаралар ұйымдастыру көзделген. Атап айтқанда, Халық ақыны, қоғам қайраткері Ф.Оңғарсынованың «Жыр падишасы-Фариза» поэтикалық әдеби-сазды кеші, ғылыми конференция, «Патша сөздің Фаризасы» тақырыбындағы аймақтық эссе байқауы өткізілді.
Қоршаған ортаны қорғайық
Атырау облысында жыл басынан бері атмосфералық ауаның сапасына жасалған тексеру нәтижелері белгілі болды. Облыстық экология департаментінің мәліметінше, осы кезеңде 239 сынама алынып, 2769 анықтама жүргізілген.
Зерттеу барысында атмосфералық ауаның ластануына қатысты мынадай деректер анықталған: 172 ауа сынамасы алынса, олардың 14-інде зиянды заттардың шекті шоғырлануы асып кеткен.
Сонымен қатар 233 жоғары ластану және 5 экстремалды жоғары ластану жағдайы тіркелген.
– Ауаның күкіртсутегімен ластануына әсер етуші негізгі нысандарға «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Квадрат» және «Тухлая балка» булану алаңдары, «Норт Каспиан Оперейтинг компани» компаниясының қалдық алаңы, қала ішіндегі кәріздік сорғы станциялары жатады.
Көлік шығарындылары да ауа сапасына әсер етуде. Бұл бағытта 104 автокөлік тексеріліп, 18-інде зиянды заттардың нормативтен асуы анықталған. Қорытындысында көлік иелеріне ескерту жасалды, — дейді аталған департаменттің баспасөз қызметінің өкілі Эльнара Оралова.
Экологтар «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ға қарасты «Квадрат» булану алаңында күкіртсутегінің шекті деңгейден бірнеше есе асып кеткенін анықтады. Тіркелген деректер бойынша күкіртсутегінің деңгейі 0,589 мг/м3-ге дейін жеткен. Негізінен белгіленген көрсеткіш — 0,008 мг/м3. Бұл факті бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы хаттамалар толтырып, мекемеге шара қолдану туралы шешім шығарды.
Экология департаменті атмосфералық ауаның ластануын азайту бойынша бақылауды күшейтіп, қосымша шаралар қабылдауда. Жауапты мекемелер мен кәсіпорындарға қатаң талаптар қойылып, заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған хаттамалар жолданған.
Халің қалай, қандас?
Атырау облысына биыл 1 қарашаға дейін шетелдерден 198 отбасы немесе 239 этникалық қазақ қоныс аударды. Республикаға тұрақты тұру мақсатында келген олар ресми түрде “қандас” мәртебесін алды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариеваның айтуынша, елге қоныс аударғандардың басым бөлігі – 156 отбасы Өзбекстаннан келген. Бұдан басқа Ресей Федерациясынан – 22, Қытай Халық Республикасынан – 10, Түркіменстаннан – 7, Украинадан – 1 және Тәжікстан мен Түркия Республикаларынан осынша жанұя көшіп келген.
–Елге оралған отандастардың бейімделуі мен жұмыспен қамтылуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде 14 қандас жергілікті мансап орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелген. Бір адам әлеуметтік жұмыс орнына орналасса, біреуі ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Сондай-ақ тағы бір адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді, — дейді Альфия Байғанинқызы.
Өз тілшіміз