Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ БОЛАТЫН КЕЗ КЕЛДІ»

Бүгінде түрлі компаниялар мен жеке кәсіпкерлер: «Тракторшы мен дәнекерлеушілерді жұмысқа қабылдаймыз. Жалақысы 300-500 мың теңге» деген жарнаманы жиі беретін болған. Басқаны айтпағанда алақандай ауданымыздың өзінде заңгер мен қаржыгерден гөрі тракторшы мен жұмысшыларға ас дайындайтын аспазды жиі іздейді. Яғни, жұмысшы мамандықтары барлық жерде сұранысқа ие. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деген болатын. Бұл ретте, «Ауданда жұмысшы мамандықтары қалай дайындалуда, олар жұмыспен қаншалықты қамтылуда?» деген заңды сауалдар туындары хақ. Соған орай, таяуда ғана Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінің директоры болып тағайындалған Шалқар Қасымовқа хабарласып, осы және басқа да сауалдарға жауап іздегенді жөн көрдік.

– Шалқар Нығметоллаұлы, «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» дейді. Алдымен өзіңізді газет оқырмандарына таныстыра кетсеңіз?

– Мен 1970 жылдың 5 сәуірінде Қаракөл ауылында дүниеге келдім. 1986 жылы Қаракөл орта мектебін тәмамдап, Атырау қаласындағы №1 училищеге оқуға түстім. Оны бітірген соң өзімнің еңбек жолымды Абай, Ленин атындағы кеңшарларда жұмысшы болып бастадым. 1988-1990 жылдары Қарулы Күштер қатарында азаматтық борышымды өтеген соң Ақтөбе индустриалды-педагогикалық техникумында, артынша Алматы Орталық Азия университетінде оқып, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. 1993 жылы Кенбай орта мектебіне өз мамандығым бойынша қызметке тұрып, аталмыш оқу орнында 2009 жылға дейін оқушыларға алғашқы әскери дайындық барысын үйреттім. 2009 жылдан Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжіне ауысып әр жылдары оқытушы, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, арнайы пән оқытушысы, директордың кәсіптік оқыту жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Ал, өткен қараша айынан бастап колледж директоры болып тағайындалдым. Жалпы еңбек өтілім – 31 жыл. Осы саналы ғұмырымда оқушылар мен студенттерге бар білгенімді үйретіп келе жатқан педагогтың бірімін. Отбасымда жолдасым екеуміз 4 бала тәрбиелеп отырмыз.

– Аудандағы кәсіптік бағдар беретін бірден бір оқу орны Сіз басшылық ететін колледж екендігі белгілі. Ендеше, колледждің өткеніне көз жүгіртіп, тарихынан сыр шертсеңіз?

– Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі 1959 жылдың 11 мамырында «УМСХ-112» деген атаумен Приморье МТС жанынан құрылған болатын. Училище сол жылдары жаңадан құрылып, ірілендірілген ұжымшар, кеңшарларға механизатор дайындау үшін ашылған. Алғашында 320 студент оқыған. Училищенің алғашқы директоры Николай Ким деген кісі болды. Көзкөргендердің айтуынша ол кісі өте байсалды, ұқыпты, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін, саяси сауаты мол, білікті басшы болған. Заман ағымына сай оқу орнында бірнеше құрылымдық өзгеріс болып отырды. Алғашында тек қана жұмысшы мамандықтарын дайындайтын болса, 1980 жылдан бастап жалпыға бірдей орта білімді қосып беретін 2 жыл 10 айлық мемлекеттік оқу орынына айналды. Сонымен қатар, 1984 жылы №11 кәсіптік-техникалық училище, 1996 жылы №8 кәсіптік мектеп болып өзгерді. Ал, 2008 жылы Атырау облысы әкімінің №81 қаулысымен №11 кәсіптік лицей, 2012 жылы Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі болып қайта жаңғыртылды. Бүгінде колледж Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті Атырау облысының білім саласындағы бақылау департаменті берген 15.11.2020 жылы №14009529 бас лицензия негізінде білім беру қызметін жүзеге асыруда.

– Енді колледждің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып келе жатқан үлесіне тоқталсаңыз?

– Ауданның дамуы мен өркендеуіне колледж түлектерінің қосқан үлестері зор деп есептеймін. Кеңес үкіметі заманында аудан «Қызыл Тулы Қызылқоға» атанғаны белгілі. Міне, сол атақтың артында егінші, шопан, механизатор болып ел дәулетін еселеген колледж түлектері тұр. Атап айтқанда Социалистік Еңбек Ері Кісебай Асабаев, ауыл шаруашылығы саласының озаттары Атырау Жұмиев, Кәдірбек Сұлтанов, Артельбай Құлымғариев, Мәтжан Көпбергенов, Халел Ахметниязов, Қошан Дүйсемұратов, Жаукен Түркістанов, Айсұлу Баетова, Жоламан Рашқалиев, аудан әкімі болған Есенгелді Нұршаев, жазушы Марат Мәжитовтер біздің колледжден білім алып шыққандар. Қазірдің өзінде колледж түлектері ауданды дамыту жолында әр салада жемісті еңбек етуде.

– Сіз аталмыш оқу орнында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келесіз. Бұрынғы училище мен қазіргі колледждің айырмашылығы қандай, колледж болғалы қандай артықшылықтарға қол жеткіздіңіздер?

– Әрине, өзгеріс көп. Бұрынғы училище мен қазіргі колледждің арасындағы айырмашылық білім беру жүйесінің дамуы мен қоғамдағы талаптарға сәйкес дамып, жетіліп отырады. Мысалы, училище болған уақытта жұмысшы кадрлар дайындалып, түлектерге кәсіби біліктілікті растайтын арнайы куәлік қана берілсе, колледж болғалы студенттерге кәсіби білім ғана беріп қоймай оларды жоғары білімге дайындап, техникалық және кәсіптік білім туралы дипломмен қоса еңбек нарығына кең жол ашылды. 2020 жылы №2 оқу және тұрмыстық қамту кешені ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Одан бөлек колледжде бұрынғы заманға қарағанда материалдық-техникалық база жаңартылып, студенттерге қолайлы жағдай жасалуда.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияғалы белгілі. Осы орайда, аудандағы жұмысшы мамандарды дайындайтын бірден бір оқу орны есебінде колледждің қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтсеңіз?

– Соңғы жылдары колледждің материалдық-техникалық базасы жаңарып, ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, білім алушыларға барынша жағдай жасалуда. Қазіргі таңда оқу орнында 6 мамандық, 10 біліктілік бойынша 160 студент білім алуда. Олардың арасында 107 студент Сағыз ауылынан болса, 37 студент ауданымыздың өзге ауылдарынан келіп оқуға түскен. Сол сияқты Ақтөбе облысынан – 14, Қызылорда мен Маңғыстау облысынан – 1 студенттен бар. Ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша – 77, дәнекерлеуші мамандығында – 15, электромонтер мамандығында – 18, тігін өндірісінде – 15, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығында 35 студент білім алуда. Студенттер колледж асханасында бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылып, ай сайын оқу үлгеріміне байланысты 42 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Оқу орнының жалпы аумағы 4,788 шаршы метр болса, жобалық қуаты – 380 орындық. Одан бөлек спорт зал, кітапхана, акт зал, асхана студенттерге қызмет етеді. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаннан кейін түрлі іс-шаралар қолға алынуда. Жақында Атырау қаласында кәсіптік колледж басшылары мен жұмыс берушілердің үш күндік форумы өтті. Онда бірнеше меморандумға қол қойылды. Біздің колледж бен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы арасында электргазбен дәнекерлеуші, электромонтер мамандықтарын дуальды оқыту бойынша келісімшарт жасалуда. Келісімшартта болашақ маман оқуда жақсы жұмыс көрсеткіштеріне ие болса, жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Сол сияқты келесі жылы қайта жаңғырту бағдарламасы аясында колледждің өндірістік-техникалық қамту ғимараты жаңа заманауи оқу-жаттығу құралдарымен қамтылатын болады. Одан бөлек жатақхана мен №3 оқу корпусын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаржы бөлінеді.

– Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – оқу орнын бітіргеннен кейін лайықты жұмыс табу. Осы бағытта колледж қандай жұмыстар атқаруда, жылына колледж бітірген қанша түлек мамандық бойынша жұмысқа орналасады?

– Расымен де, қазір лайықты жұмыс табуда өзекті мәселелердің бірі. Бұл тек колледж студенті үшін емес жоғары оқу орнын бітірген түлектер үшін де аса маңызды. Осы орайда, колледж тарапынан жыл сайын бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру, коледжден кейін жоғары білім алу бағытында түсінік жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, соңғы 3 жылдағы 142 түлектің ішінде 80-і мамандық бойынша жұмысқа орналасса, 12 түлек жоғары оқу орындарында білім алуда.

– Енді колледж жетістігі мен мақтаулы мамандар, дарынды студенттер жайлы айтсаңыз?

– Бүгінде біздің колледж бірнеше оқу орнымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауда. Атап айтсақ Махамбет, Құрманғазы аудандарындағы аграрлы-техникалық колледждері және Ресейдің Астрахань облысының «Астрахань агротехникалық техникумы» мен Астрахань «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық колледжі» арасында өзара тәжірибелер алмасу туралы меморандум және жеке кәсіпкерлермен, мекемелермен әлеуметтік серіктестік қарым-қатынас орнатылған. Ал, мақтаулы мамандарға келер болсақ оқу орнында кәсіби мамандықтарға оқытып, жұмысшы мамандар дайындауда Балхаш Сүйеуова, Қаныбек Шынбаев, Нұржамал Түркістанова, Ақмарал Габдуллина, Бақтылы Мырзашева сияқты оқытушылар бар. Осындай тәжірибелі мамандар артынан колледждің инженер-педагог құрамы жас мамандармен жыл сайын толығуда «Бала жанының бағбаны – мұғалім» десек, колледждегі үлгі тұтар ұлағатты ұстаздардың оқу-тәрбие жұмысы бойынша шәкірттері арасында да жетістіктері аз емес. Атап айтар болсақ биылғы 14-18 қазан аралығында Атырау қаласында «WorIdSkiIIs Atyrau 2024» өңірлік чемпионатында колледж студенті Әсем Аманжол «Аспаз ісі» құзіреттілігі бойынша ІІІ орынды иеленсе, Перизат Әлиқызы «Сән технологиясы» құзіреттілігі бойынша ІІ орынды иеленді. Одан бөлек облыстық білім беру басқармасының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Креативті куратор» байқауына қатынасқан оқытушымыз Гүлназ Сайфолла «Топтағы өзін-өзі басқаруды белсенді ұйымдастырғаны үшін» номинациясымен марапатталды. Тағы бір жағымды жаңалық – колледждің студенттік парламенті «Облыстық үздік студенттер парламенті» байқауында І орынға ие болса, «Atyrau Stydents Union» жобасының аясында Фариза Оңғарысынованың туғанына 85 жыл толуына орай «Поэзия падишасы» атты облыстық байқауда Әсем Аманжол І орынды жеңіп алды. Спорт саласында да студенттер облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда биіктерден көрініп жүр. Олардың осындай жетістікке жетуіне жетекшілері Бекзат Мағзом мен Тұманбай Сералының қосқан үлестері зор.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан,

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

Қызылқоға

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT