Қазіргі қоғамда табысты болу туралы түсінік көбінесе кеңсе жұмысы, жоғары лауазым немесе ІТ саласындағы қызметпен ғана байланыстырылады. Алайда, осы түсінікпен шектелу – қоғам дамуын бір жақты көрумен тең. Шын мәнінде, ел дамуының діңгегі – адал еңбекке сүйенетін, қолымен іс тындыратын жұмысшы мамандардың қажырлы қызметіне байланысты.
Бүгінгі таңда нағыз кәсіби маман – ол міндетті түрде дипломы бар адам емес. Тіпті кейде диплом иесі емес, шебер қол, жауапты көзқарас және нақты дағдысы бар жұмысшы елге көбірек пайда әкеледі. Электрик, сантехник, дәнекерлеуші, тас қалаушы, аспаз, механик – бұлардың бәрі тек мамандық емес, өмірге қажет кәсіптер. Әр отбасы, әр мекеме осы мамандық иелерінің көмегіне тәуелді.
Еңбек адамының беделін арттыру – ұрпақ тәрбиесінің де бір тетігі. Бүгін баланың санасына "еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" деген қағиданы сіңірсек, ертең өз ісін сүйетін, мамандығын мақтан тұтатын азаматтар қалыптасады. Бұл – тек кәсіп таңдау ғана емес, бұл – ұлттық тәрбиенің, еңбекке құрметтің негізі.
Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтары – бұл шет елге тәуелді болмаудың бір жолы. Өз елімізде өз мамандарымыз еңбек етсе, сырттан маман шақыруға мұқтаж болмаймыз. Бұл – экономикалық дербестік, ішкі еңбек нарығын нығайту, ұлттық өнімнің сапасын арттыру деген сөз.
Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері заманға сай жаңарып, жастарды сұранысқа ие мамандықтарға даярлап жатыр. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, жұмысшы мамандығына ие болу – тек жұмыс табудың емес, өмірлік орныңды табудың да кепілі.
Әсел ТАБИҒАТҚЫЗЫ