2025 жыл — елімізде жұмысшы кәсіптерінің жылы. Бұл жыл аясында еліміздің барлық өңірлерінде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, кадрлар даярлау сапасын жақсарту және жұмыс берушілермен байланысты кеңейтуге бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленді. Атырау облысында да осы оқу жылында 4,5 мыңнан астам грант бөлінді. Облыста барлығы 24 колледж жұмыс істейді, оның 12-сі жұмысшы мамандықтарына оқытады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау мақсатында Үкімет Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы республикалық жоспарды бекітті, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі 2025–2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі жол картасын қабылдады.
Бүгінде Қазақстанда 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент білім алуда. Солардың бірі — 16 жастағы наубайшы-студент Диас Серікқалиев. Оның аспаздыққа деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Алдымен анасы екеуі бірге тамақ дайындап үйренсе, кейін өзіне тән ерекше әдіс-тәсілдерді қосып, тәжірибе жинақтай бастаған. Сондықтан да ол 9-сыныпты аяқтағаннан кейін нағыз наубайшы болуға бел буды.
«Бұрын мен де қатарластарым сияқты 11-сыныпқа дейін оқимын, сосын университетке түсемін деп ойлайтынмын. Бірақ 9-сыныпты аяқтағаннан кейін менің шын мәнінде наубайшы әрі аспаз болғым келетініне көзім жетті. Қызмет көрсету саласы — әрдайым сұранысқа ие. Мұнда біз шеф-аспаздардың асханасындағыдай жағдайда оқимыз. Маған осында оқу өте ұнайды. Мектепте негізгі білімді меңгеріп болдық, енді уақытты босқа өткізудің қажеті жоқ. Әрі мамандық алып, ерте жұмыс істеуге болады. Мұнда оқыған таныстарымның көбі жақсы табыс табуда. Қазір бірінші курстамын, бізге тағам дайындау технологиясының негіздері, оларды сақтау, өңдеу жолдары үйретіліп жатыр», – дейді Диас.
Диас жақында кәсіби маман болып, жақсы табыс табатынына сенімді. Колледждің мейрамхана бизнесіндегі сенімді серіктестері бар, бұл нақты асүйлерде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Ол болашақта өз мейрамханасын не кафесін ашып, ерекше тағамдарымен тұтынушыларын қуантуды армандайды.
Колледждердегі мамандықтар сан түрлі: медбикеден бастап бағдарламашыға дейін, дыбыс режиссері мен киім дизайнеріне дейін бар. Қолыңыздан бір іс келсе – өзіңізге ұнайтын бағытты табуға болады.
Атырау сервис колледжінің 16 жастағы студенті Нұрсулу Балтабаева – өте шығармашыл жан. Ол шаш үлгілерін жасағанды, бояп, өргенді ұнатады. Сондықтан да 9-сыныпты аяқтаған соң «Шаштараз ісі» мамандығын таңдауы кездейсоқ емес. Нұрсулу үшін колледжде тек оқу емес, сонымен қатар мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап, жұмыс істей бастау мүмкіндігі маңызды. Ол болашақта кәсіби шеберге айналып, өзінің сұлулық салонын ашуды, креативті идеяларын жүзеге асырып, сұлулық әлемінде жаңа трендтер қалыптастыруды армандайды.
«Маған мұнда оқу өте ұнайды. Себебі шаштараздық өнердің қыр-сырын меңгеріп, өз ойымдағы ерекше шаш үлгілерін жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Кабинет қажетті құралдармен және материалдармен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта қалалық сұлулық салондарының бірінде тәжірибеден өтіп жүрмін. Таныстарымды шаштап, құрбыларыма бояу жағып беремін. Бұл мамандықты бала кезімнен армандадым, сұлулық әлемінде еңбек еткенді жаныма жақын санаймын. Мұндағы оқу ақысыз. Қызмет көрсету саласында еңбек еткісі келетін жастар үшін бұл үлкен қолдау деп санаймын. 9-сыныптан кейін мектептен кеткеніме өкінбеймін. Дипломды неғұрлым ерте алсам, соғұрлым ертерек табыс таба бастаймын», – дейді Нұрсулу.
Жұмысшы мамандықтарының жылы аясындағы іс-шаралар жоспарына келесілер кіреді: өңірлік ерекшеліктерді ескеретін жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды даярлау, жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және олардың құқықтарын қорғау. Мектептерде 1000 бейінді сынып ашу жоспарланып отыр.
«Мамандыққа бағдар беру жұмыстарының реформасы мектеп оқушыларына еңбек нарығындағы жаңа талаптармен танысып, нақты салалардағы мансаптық мүмкіндіктерді бағалауға, болашақ мамандығын дұрыс таңдауға жол ашады. Мектептердегі кәсіптік бағдар қызметі күшейтіледі, оқушылардың кәсіби диагностикасы толық қамтылады. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларына колледждер базасында практикалық дағдылар мен алғашқы жұмысшы мамандығын үйрету тәжірибесі енгізіледі», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Мемлекет колледждер үшін жан басына шаққандағы жаңа нормативтік қаржыландыруды енгізді. Бір студентті оқытуға бөлінетін орташа қаржы көлемі 437 мың теңгені құрайды. Ал жаңа оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге қол жеткізген колледждер үшін бұл сома екі еседен аса өсіп, орта есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады.
«Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, оқу орындарын заманауи материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз ету, педагогтердің біліктілігін арттыру – біздің басты басымдығымыз», – деді министр.
Дуалды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардың нақты тапсырысы бойынша мамандар даярлау мақсатында бизнес құрылымдар мен инвесторларды белсенді тарту жоспарлануда.
Қазіргі таңда 518 кәсіпорын колледждерге қамқорлық көрсетіп отыр, бұл көрсеткішті 4 мыңға дейін жеткізу көзделуде. Кәсіптік стандарттар, мемлекеттік білім беру стандарттары және WorldSkills талаптары негізінде шамамен 8 мың оқу бағдарламасы әзірленген. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам оқу бағдарламасын бірлесіп әзірлеуде, ал өндірістік базаларда 1500 педагог тағылымдамадан өтеді.
Атырау аграрлық-техникалық колледжінің директоры Ислам Жанзақовтың айтуынша, олардың студенттері еңбек нарығында сұранысқа ие, жұмысқа орналасу деңгейі 80%-ды құрайды. Жастар арасында ең танымал мамандықтар — ветеринария, электрмеханика, автоматтандыру және басқару, құрылыс және теміржол тасымалы. Қазіргі уақытта мұнда 1300 студент білім алуда.
Ал Атырау көлік және коммуникациялар колледжінің директоры Жанбек Ниталиевтің сөзінше, олардың оқу орнында небәрі 500-ден астам студент оқиды, дегенмен бітірушілерге сұраныс жоғары және 60-тан астам ұйыммен толыққанды дуалды жүйе жолға қойылған.
Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту көзделіп отыр. Премьер-Министр Олжас Бектенов төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары үшін кадр даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ бұл кәсіптердің беделін көтеру шаралары талқыланды. Жаңа өзгерістер мамандарды даярлауға арналған заманауи жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталады. Қазіргі таңда еліміздегі 772 колледж 15 бағыт бойынша мамандар дайындап жатыр. Жұмысшы мамандықтары бойынша еңбекке орналасу деңгейі 70%-ды құрайды.
Үкімет басшысы экономиканың дамуымен және жаңа өндірістердің пайда болуына байланысты Қазақстанға білікті жұмысшылар жетіспейтінін атап өтті.
«Соңғы жылдары кәсіби білім беру саласында бірқатар кешенді шаралар қолға алынды. Колледждерде жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқу енгізілді, кадр даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайды. Бұрын бюджет есебінен колледждерге жыл сайын шамамен 93 мың студент қабылданса, биыл олардың саны 142,5 мыңға жетті. Сондай-ақ колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға артты. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары жалғасуда. «Жас маман» жобасы аясында 180 колледжді қайта жабдықтауға республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінді», – деді ол.
Премьер-Министр атқарылып жатқан шараларға қарамастан, кадр даярлау әлеуеті толық ашылмағанын және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту қажеттігін баса айтты.
«Халықаралық салалық стандарттар мен сертификаттауды белсенді енгізу қажет. Бұл үшін Оқу-ағарту министрлігі колледждердің жұмыс сапасына тәуелсіз баға беріп, олардың бейіндендірілуі мен саралануын аяқтап, технологиялық көшбасшыларды айқындауы тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді. Бүгінгі таңда еліміздің 30 жетекші жоғары оқу орны 100-ден астам колледжбен серіктестік орнатып, ұқсас білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда.
«Дуалды оқытуды дамытып, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде нақты кәсіпорындар үшін мақсатты кадр даярлауды кеңейту қажет. Колледждер жастар, жұмыс берушілер мен инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналуы тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кадрларды сапалы даярлау – мемлекет, кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы нақты жауапкершілік бөлінісі арқылы жүзеге асады. Сондықтан біз бұл процеске бизнестің белсенді қатысуын арттыруды көздеп отырмыз. Ең бастысы – колледж түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болып, лайықты жалақы алуы қажет», – деп қорытындылады Олжас Бектенов.
Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту аясында ғылым және жоғары білім министрлігі мен оқу-ағарту министрлігіне колледж түлектерінің жоғары оқу орындарында туыстас мамандықтар бойынша оқуын жалғастыру үшін гранттар санын көбейту мақсатында мемлекеттік тапсырыс құрылымын қайта қарау тапсырылды
Аман ШАМАР