АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің қосылған құн салығын көтеру бастамасын қолдайтынын айтты.
— Базалық кескінде қарасақ, біз ҚҚС-ны көтеріп, соның арқасында Ұлттық қордан алатын ақшаны азайтамыз. Менің пайымдауымша, бұл жақсы жол. Бұл біздің тұрғымыздан, экономистердің пайымы бойынша дұрыс. Бірақ қарапайым азаматтар тұрғысынан қарасақ, мұнда да дұрыс. Өйткені Ұлттық қордан ақша алғанда балаларымыздан ақша аламыз. Болашақтың ақшасын аламыз да бюджет тапшылығының тесіктерін жұқалап жабамыз, — деді ол баспасөз мәслихатында.
Ұлттық банк басшысы бұл шешімді болашақтың қамы үшін жасалған қадам деп отыр.
— Салықты қазір көтеру арқылы қазір жұмыс істеп жүрген, бизнеспен айналысатын адамдардың салық жүктемесі біраз ауырлайды. Есесіне біз болашақтың қауіпсіздік қамын жақсырақ қамдаймыз. Сондықтан екеудің бірін таңдау керек болса, Үкімет дұрыс шешім қабылдап отыр және біз оны қолдаймыз, — деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, Парламентте жатқан Салық кодексінің жаңа жобасында қосылған құн салығының мөлшерлемесін 16 пайызға көтеріп, айналым шегін 15 млн теңгеге дейін түсіру ұсынылып отыр.