Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТАСҚОРА

Осы өңірдегі қотыр-қотыр қызғылт түсті қой тастар, шомбыл-шомбыл шолым үйдей қара тастар, жерден бір кездері тас қазып алған шұңқырларды көргенде қойнауында екінің бірі бүгінде біле бермейтін сыр жатқаны еріксіз еске түседі. Иә, жер атауларының бәрі бұл жерде тегін қоя салынбаған. Бұл жер Түркістанның тасқорасы аталса, одан әрі Нұрмұқа қора, Машан қазған, Егінді жол, бір жағы Аққұдық, екінші жағы Төбеқұдық. Мен айтқалы отырғаным,  Тасқора қыстағының тарихы. Жердің қалың топырағының қыртысынан қалың-қалың қара тастарды қазып алып осы жерге екі тұрғын үй, екі отар қойға арналған қос жабық қораны сонау соғыс жылдары әйелдер тұрғызды дегенге сенгің келмейді. Бірақ қалай сенбейсің?  Себебі, еркек атаулы соғысқа аттанып елде тек әйелдер мен балалар қалды емес пе?!

Сол жұмыстың басы қасында майдангерлердің әйелдерінен құрылған бригада ішінде анамыз Ағиба Дүкенова жүрсе, бес алты жасар ұлы – Шәкірмен, әкеміздің жеңгесі Қарашаш Қозыбаққызы карьерден тас шығарып, қайраттылығымен танылған адам еді.

Әкем Түркістан Дүкенұлы Беларус майданында сұрапыл соғыс ішінде жүрді. Бұл Ұлы Отан соғысындағы жеңіске бет бұрыс жылдары болатын. 1943 жылдың күзінде Могилев облысының Шклев ауданында болған ұрыста аяғынан ауыр жарақат алып екі балдақпен елге оралды. Кейін денсаулығы түзеле келе осы айтып отырған Тасқора қыстағында зейнеткерлікке шыққанша аға шопан болып жұмыс жасады.

Бұл өңірде өздерінің еңбегімен жеңіс күнін жақындатқан әйелдер аз болған жоқ. Бірі мал бағып, бірі сиыр сауып еті мен шұжығын, сары майын майданға жіберіп отырса, екінші біреулері ауыр жұмыстан қолдары қалт еткенде қолғап, шұлық тоқып майданға жіберіп тұрды. Жер жыртты, егін салды, жинады, бастырды – бәрі балалар мен әйелдердің мойынында болды.

Біздің қаһарман аналарымыз сонымен қатар майданда қаза болған боздақтарымыздың шаңырағын құлатпай, олардан қалған жалғыз ұлмен, жалғыз қызды адам етіп шығарды. Айта кетсек, Қағылез шешеміз – Кәдірбекті, Зияқан шешеміз – Оңдасты, Ару шешеміз – Икемді, Жантаза шешеміз – Бергенді, Ажар шешеміз – Батырбайды, Пәни шешеміз – Сайлауды азамат деген лайық етіп тәрбиелеп өсірді.  Бүгінде сол аналарымыздың шаңырағын шайқалыптай өсірген ұлдар мен қыздардың ұрпағы мәуелі бәйтерекке айналып отыр. Ендеше, Жеңіске жетудің алғышарттарының бірі - тылда еңбек еткен аналарымыздың бәрі батыр атағына лайық.     

Барлыбай ТҮРКІСТАНОВ

       

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT