Бизнес негіздерін меңгеріп, қайтарымсыз грантқа ие болып, кәсібін ашқан жандардың қатарында Гүлшат Аралбай да бар. Сағыз ауылында туып-өскен ол Орал қаласында Жәнгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде білім алып, ветеринарлық-санитарлық дәрігер мамандығын алады. Алайда, мамандығы бойынша тұрақты жұмыс болмаған соң қосымша курс оқып, косметолог, бет-әлпетке массаж жасаушы (скульптурный массажист) мамандығын алып, осы кәсіппен айналысады.
Уақыт өте келе кәсібін кеңейтуді ойлаған ол отбасымен ақылдаса келе «Бастау Бизнес» жобасы аясында сан-салалы кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификатқа ие болады. Енді қандай кәсіп ашуды ойластырғанда оған жолдасы Нұрбек көмекке келеді. Нұрбектің Сағыз ауылында жоқ өрнектас (брусчатка) өндіру туралы ұсынысын қолдап, жоба жасақтайды. Сөйтіп, өткен жылы «Өрнектас өндіруді ұйымдастыру» бағытындағы жобасы арқылы 2 миллион 190 мың теңге грантқа қол жеткізеді. Отбасының бастағалы отырған кәсібін алға қарай дамытуды ойлаған Нұрбек жасап жүрген вахталық жұмысын тастап, алған қаржыға цехқа қажетті құрал-жабдықтарды алуға жұмыстанады. Ғаламтордан іздеп, жасақталған жобаға сәйкес пластикалық қалыптар, дайындалған ерітінділерді араластыратын екі бетон араластырғыш (бетономешалка), қалыпқа құйылған ерітіндінің ауасын шығаруға арналған екі виброүстел, жерді нығыздап тегістейтін бір виброплита және қалыптар сатып алады. Інісі Альбертті көмекшілікке алып, жұмысын бастайды. Бұған дейін мұндай кәсіппен айналыспағандықтан өрнектасты қалай жасау керектігін үйрену үшін ізденеді. Ғаламтор арқылы өрнектас және оның қалыбын шығаратын цехы бар Алматы қаласында тұратын Әділбек есімді кәсіпкермен танысып, онлайн үйренеді. Кәсіпкердің жұмысымен танысуға барғанда олар тұтынушыларға өрнектастан басқа тұрғын үйлер мен ғимараттарға заманауи полифасад өнімін жасап жатыр екен.
Әрине жұмыстың оңайы жоқ екені белгілі. Бұл ретте, Нұрбектің түсіндіруінше, полифасад өнімін жасаудың да өзіндік машақаты жетеді. Бетон араластырғышқа құйылған суға тазаланып, жуылған ең ұсақ қиыршық тасты (щебень) салып араластырады. Оның үстіне қажетті мөлшерде М-500 маркалы цемент және талшықты фибро қосылады. Әбден араластырған соң ерітіндіні қалыпқа құйғанда арасына арнайы сым темір салынады. Ерітінді құйылған қалыптар ағаш поддондарға салынып, вибростолға қойылады. Вибростолды іске қосқанда ол дірілдеп ерітіндідегі артық ауаларды шығарып, нығыздалып, қатаяды. Әр қалыпқа шамамен 10 келідей ерітінді кетеді. Дайын өнімді бөлмесіне апарып 24 сағат кептіреді. Міне осындай процестерден кейін полифасад өнімі дайын болады. Өнім дайын болған соң 40 литр суға 10 литр тұз қышқылын (соляная кислота) қосып, қалыптар тазаланып, жуылады. Бүгінде сапалы дайындалатын бұл өнім – қасбетті өңдеу мен әрлеуде таптырмас дүние. Өрнектасты дайындау жүйесі полифасадпен бірдей десе де болады. Онда тек, цементпен бірге қиыршық құм (ПГС) қосылады. Жергілікті жерден шығатын қиыршық құм кәдеге аспайтындықтан шикізатты Ақтөбе қаласынан алдырады.
Кәсіпкер Гүлшаттың айтуынша, олардың дайындаған өнімдері жақсы сұранысқа ие. Ауданнан басқа көршілес аудандардан, тіпті ішінара қаладан да тапсырыстар түседі. Олар, бағасына, сапасына қарап, тасымалға кететін шығындарын есептеп тапсырыс береді. Мәселен, Сағыз ауылына жаяу жүргіншілер жолын салып жатқан мердігер мекеме 300 шаршы метр өрнектас алды. Шикізаттың дені ауылдан табылса, негізгі химиялық қоспалары Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алынады.
– Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейту мақсатында цех салуды жоспарлап отырмыз. Кәсіп кеңейсе жаңадан жұмыс орны да ашылады. Жалпы ниеттенген жанға жасайтын жұмыс жетеді. Ізденіп, қызығушылық танытқандарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Ертең мұндай мүмкіндік болмай қалуы ықтимал. Сондықтан, ертеңгі күні «қап» деп өкініп қалмас үшін тәуекелді серік етіп, әркім қабілетіне қарай кәсіп ашып алғандары дұрыс. Қалай болғанда да жұмыс жоқ деп жатып алмай, ерінбей еңбек еткен жөн. Табыстың кілті табанды еңбекте екендігін естен шығармайық, - дейді кәсіпкер Гүлшат Аралбай.
Міне, отбасылық кәсіптің дамуына кәсіпкердің өзінен бастап отбасы мүшелері мол үлес қосып отыр. Ендеше, ынтымақпен жасалған мұндай істің берекелі болатыны ақиқат. Қашанда, табыстың кілтін таба білгеннен артық қандай бақыт бар?
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ