Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҰРЫ ӨЗІНІҢ АРЫН ЖЕЙДІ

Әлбетте, халқымыз «Ұрлық түбі қорлық», «Ұры басқаның малын жейді, өзінің арын жейді» деп тегіннен тегін айтпаса керек.

Бірнеше жыл бойы бағып-күткен азын аулақ малдарынан бір-ақ түнде айырылып қалу ауыл тұрғындарының қайсібіріне де оңай соқпасы анық. Өзгенің малын әкесінен қалған мұрадай оңды-солды сатып, басқаның есебінен байымақ болғандар қармаққа да ілініп үлгеруде. Жәбірленушілердің жылқы малдарын ұрлап кетіп, оларға ірі мөлшерде материалдық зиян келтірген күдіктілерге де аудандық сотпен «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына екі айға санкция беріліп те жүр. Былтырғы жылы аудан аумағынан ұрланған жылқылардың Индер ауданының аумағынан табылып, Атырау қаласында орналасқан мал базарынан ұсталғандарды қоспағанда, биыл бір айдың ішінде аудандық сотта, мал ұрлығымен ұсталған – үш күдіктіге қатысты да «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді.

Осы орайда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, аталған заң биылғы жылдың 11 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа заң нормасы бойынша, еліміздің Қылмыстық кодексіне, арнайы «мал ұрлау»деген атаумен 188-1-бап енгізілді. Осы бапқа сәйкес, енді бөтеннің малын жасырын жымқырғандардың мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал, алдына-ала сөз байласу арқылы адамдар тобы қатысқан, ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығына қатысқандар мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

Сондай-ақ, 188-1-баптың 3-бөлігіне сәйкес, дәл осы қылмысты бірнеше рет жасағандарға, тұрғын үй-жайдың, мал қораның, өзге де қойманың ауласына кірумен жасалған мал ұрлығының жазасы, одан да қатаңдатылған. Олардың да мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен бірге биылғы жылдың 15 қаңтарынан бастап, әкімшілік заңнаманың кейбір жекелеген баптарына елеулі өзгерістер енгізілді. Мәселен, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру жөніндегі Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 608-бабының жазалары да қатаңдатылды. Бұған дейінгі заң нормасына сай көлікті масаң күйде жүргізгендерге тек үш жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы көзделген болатын. Алайда осы жазаға қарамастан, жүргізушілердің көлік құралдарын масаң күйде басқаруы, жол қозғалысы ережелерін бұзып, жол көлік оқиғасын жасау фактілері көбеюде. Соның кесірінен жәбірленушілердің мүлкі бүлініп, денсаулықтарына зиян келіп, жекелеген жағдайда кісі өлімі орын алған жағдайлар жиілеп кетті.

Сондықтан, жүргізушілердің жауаптылығын күшейту, азаматтар құқығының қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған жаңа заң нормасы әкімшілік кодекске де енгізілді. Енді жаңа өзгерістерге сай, көлікті масаң күйде басқарғандар жүргізушілік куәлігінен 7 жылға айырылып қана қоймай, оған қоса 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынатын болады. Ал, көлік құралын масаң күйде басқарып, жәбірленушінің мүлкінің бұзылуына немесе денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқтырған тұлға 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып,7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Cондай-ақ, жүргізушінің масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін де қылмыстық жаза түрлері күшейтілген. Мәселен, бұл тұрғыда, заңнамаға көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасын қолдану туралы да жаңа норма енгізілді. Бұл, өз кезегінде көлік құралын масаң күйде тізгіндеуге бейім азаматтардың жолын кесіп, осы тектес құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар болып табылады. Өмір - тәңірдің адам баласына берген үлкен сыйы дейтін болсақ, оны абайсызда болсын, қасақана болсын ешкімнің қиюына құқығы жоқ.

Сондықтан, әрбір көлік тізгінін қолына алған көлік жүргізуші өзінің ғана емес, басқа да жол жүруге қатысушы адамдардың өміріне жауапты екенін терең ұғынып, көлік жүргізуші мәдениетін қалыптастыруды жолға қоюы қажет екенін естен шығармаған абзал.

Айтжан ДОСМАҒАНБЕТОВА,

аудандық сот төрағасы

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT