Біраз жылдан бері өз деңгейінде тасымай тұрған Ойыл өзеніне биыл мүлдем су келмей қалуы ықтимал.
Ал, бұл өз кезегінде өзеннің суы аса қажет аудандағы сегіз елді мекеннің тұрғындарына, жеріне, шаруашылығына бірқатар қиындықтар тудыратыны сөзсіз. Яғни, су келмеген жағдайда шабындықтарға су шықпайды да, құнарлы мал азығын дайындауға кедергі келтіріп, жерасты суының азаюына әкеледі. Биылғы жылы аталмыш өзенге судың қай деңгейде келуі туралы білмекші болып «Қазсушар» РМК-ның Атырау филиалы Қызылқоға өндірістік учаскесі бастығы Сайлаубек Темірғалиевқа жолыққан едік.
– Ақтөбе облысына қарасты көршілес Ойыл ауданындағы әріптестеріммен өзеннің тасуы жайлы күнара дерлік хабарласып тұрмын. Олардың айтуынша, биыл өзенге су келмейді, келсе де аз мөлшерде келуі мүмкін. Басты себеп, күзде жаңбырдың, қыста қардың жаумауынан. Егер жазатайым келе қалған жағдайда, үнемдеп тиісті жерлерге шығарамыз. Жақында мекеме мамандары Ойыл ауданындағы «Тамдыкөл» су торабына барып, онда судың жиналмағандығын көріп келді. Алайда, таяуда өзен арнасымен келген қызылсуды тиімді пайдалану мақсатында «Кезауыз» каналымен Қарабауға, Жамбыл ауылдық округіне дейін жеткізілді. Тайсойған жерасты суына аз да болса қосымша болсын деген оймен қазіргі уақытта «Ералы» су торабының есіктерін жауып, «Жаңқабай» шлюзі арқылы Жарыпшыққанға жіберілуде, - дейді ол.
Иә, жыл өткен сайын өр суының тым азаюы алаңдатарлық жағдай. Бұлай бола берсе үлкен қиындық тудыратыны кәміл. Сондықтан, тиісті орындар бір шарасын алса дейміз.
Бауыржан САҚТАСИНОВ