Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Нашақорлықпен күрес – ортақ іс

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек» деген болатын.

Соңғы жылдары есірткінің тырнағына ілігушілер қатары арта түсуде. Бұрын нашақорлар мен ақ өлімді саудалаушыларды шетелдік кинолардан көрсек, енді қазақтың да бас ауруына айналуда. Бүгіндей цифрландыру дәуірінде, қандай ақпараттың да қолжетімділігі артқан кезде жастардың арасынан есірткіқұмарлар шығуы өкінішті-ақ.Себебі, өміріне бұл зиянды әдетті енгізген жанның қайта үйірін табуы қиын. Инеге байланып, бәрінен баз кешіп, өмірдің қызығынан мақұрым қалып, адамдық қалыптан кеткендерді ескірткіден тек өлім ғана ажыратады. Қаншама адам шегіп алып, не істеп, не қойғанын білмей ауыр қылмысқа барып, темір тордың арғы жағынан шығуда. Есірткі ешкімге опа бермейді. Оған тәуелділік және есірткінің күшті түрлерімен жасалатын қылмыстар ажырамас байланыста. Себебі, оны сақтау, тасу, жеткізу, тарату кез-келген уақытта түрмеге қамалуға соқтырады. Ғалымдардың айтуынша соңғы жылдары есірткіге бойы күшке толы, тау қопарардай жастар мен IT саласын жақсы білетін адамдар тәуелді бола бастаған. Нашақорлық адамды көбінесе дозаны алу үшін қаражат іздеуге итермелейді, олар аурудың салдарынан ашкөздік пен қатыгездіктен тартынбайды.

Шегіп алған нашақордың ақыл-есі тұманданып, қандай қылмысқа да барады. Мысалы, әлеуметтік желіден Ресейдің бір қаласында 32 жасар нашақордың көп қабатты үйдің кіре берісінде тұрған студент қыздың бетіне пышақпен ұрғанын оқыдық. Пышақ қыздың бет сүйегінің сол жағына, көздің астына, сабына дейін кірген. Қанға боялып жатқан студентті үйден шыққан апасы көріп, «Жедел жәрдем» шақырған. Қылмыскер болса, осыдан кейін кіреберісте жасырынып, көршісіне шабуыл жасаған. Бірақ, онысы сәтсіз аяқталып, ер адам нашақормен күресіп, оны полиция келгенге дейін ұстап тұрған. Енді бір қалада немересі туған әжесін өлтірген. Неге ондай қылмысқа барғанын сұрағанда: «Мен әжемді емес, аюды өлірдім», деп жауап берген. Көріп отырсыздар, есірткі адамды есалаң етеді. Елімізде ақ өлімді саудалаушылар, зертхана ашушылар көбейсе, демек оған сұраныстың артқаны. Қазақта: «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды», деген даналық сөз бар. Біреулер жеңіл пайда тапқысы келіп, есірткі таратушылардың азғыруына, мол ақшамен арбауына еріп тапсырмасын орындайды. Олардың қылмыс пен өлім дәнін сеуіп отырғанын ұқпайды. Нәтижесінде тұтылып, соттың шешімімен лайықты жазасын арқалап, пайда емес, зиян шегеді. Есірткі тарату қоғам үшін қауіпті қылмыс болғандықтан мемлекет оның жолын кеседі. Соны неге ойламайды екен? Халқымыз: «Қайғысыз қара су ас», деп текке айтпаған. Ал, оларға әлеуметтік желі арқылы осындай жолмен табыс табуды ұсынып отырғандардың ұпайы түгел.

Жалпы, Қазақстанда 18 мыңның үстінде нашақор наркологиялық есепте тұрғаны айтылады. Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше елімізде олардың саны 200 мыңға жуық. Жыл басынан бері тоғыз айда есірткіге байланысты алты жарым мыңнан астам қылмыс анықталған. Басым бөлігі тарату мен сақтау. Бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңмен салыстырғанда шамамен 16% - ға көп. Мұндай деректерді Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті ұсынған. Құқық бұзушылықтардың ең көп саны есірткі заттарын сату мақсатынсыз заңсыз өңдеуге қатысты болған. Жастардың ескірткінің тырнағына ілінуінің алдын алу, нашақорға айналуына жол бермеу баршамыздың ортақ міндетіміз. Ол үшін жастар жиі отыратын әлеуметтік желілерде түсінік жұмыстарын жүргізіп, ескірткіқұмарлықтың неге соқтыратынын жиі айтқан артық етпейді. «Ұра берсе киіз тоқпақ жерге кіреді», дегендей, қайталай берсе, құлаққа ұялап, санаға сіңеді, ертең азғырушыларға ермейді.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT