Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімгенегізделген мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру үрдісі мемлекеттік міндеттерді қоғам күтетін талап-тілектерге сәйкес жүзеге асыруға қажет негізгіқұндылықтар мен қағидаттарды қайта қарауды өзектендірді.
Еліміздегі мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мұндағы басымдықтардың бірі – мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу. Бүгінде Мемлекет басшысының мемлекеттікқызметті жаңғырту тапсырмасын жүзеге асыруаясында 4 заң қабылданып, бірқатар заңға тәуелді актілер дайындалды. Енді мемлекеттікқызметшілерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Мемлекеттік қызметті заман талабына сайтүбегейлі жаңғырту тек құқықтық-нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізумен шектелмейді. Мұндағы басты міндеттің бірі – мемлекеттікқызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру. Ол үшін мемлекеттік қызметшіге саналы тұрғыда өзгеріс қажет. Бұл ниет қалаулары мен ұстанымдық қағидаттарын өзгерту талабын тудырады. Алда осы арнадағы жұмысты жандандыруды көздеп отырмыз.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда: «Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, баршаеліміз жаңарады», деп саналы өзгеріске дегенқажеттіліктің пісіп-жетілгенін айтқан болатын.
Өкінішке қарай, бүгінде мемлекеттікқызметшілердің Әдеп кодексінен өзге, олардың қоғамдағы болмысы мен тұлғасына қатысты саналы жаңғыруға бағытталған бірде-бір құжат жоқ. Сондықтан еліміздегі мемлекеттікқызметшілердің саналы тұрғыдан жаңғыруына ықпал ететін, олардың ұстанымдары мен құндылықтарын жүйелейтін арнайы Доктрина жобасын дайындауды қолға алдық. Ондамемлекеттік қызметшілердің қоғамның сұранысына жауап бере алатын мақсатты дағдылары, құндылықтық ұстанымдары топтастырылды. Бұл құжат мемлекеттік қызметшілердің саналы, рухани-адамгершілік тұрғыдан өзгеруіне түрткі болуға бағытталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметін сапалы түрде кәсібилендіруді көздейді.
Мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіруге қатысты әлемдік тәжірибені зерделегенде баршаға ортақ, әмбебап, үздік тәжірибе немесе қандай да бір үлгілі стандарттың жоқ екенін көреміз. Мәселен, белгілі бір елдетиімділігін көрсететін жүйе басқа елде тиімдіболмауы мүмкін. Халықаралық тәжірибеден аңғаратынымыз – мемлекеттік қызметтің біртұтас және тиімді жүйесін құру әр елдің тарихи, мәдени, ұлттық және басқа да өзіндік ерекшеліктерін ескереотырып жүргізілетіні. Сондықтан отандық мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысынжетілдіру өзге елдердің тәжірибесіне арқа сүйеп қана қоймай, еліміздің дәстүрлі-мәдени, әлеуметтік-тарихи факторларын, ұлттық құндылықтарын ескере отырып жүзеге асырылуықажет.
Қазіргі біздің қоғам мемлекеттікқызметшілерден елдік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білімімен тәжірибесін отанымыздың дамуына жұмсауын күтеді. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық жетілуі– тұтастай қоғам өзгеруінің алғышарты. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысықоғамға үлгі болуы қажет. Ол үшін мемлекеттікқызметші кәсіби, тұлғалық ізгі қасиеттерді бойынажинақтап, іс жүзінде оның нәтижесі көрініп тұруы керек.
Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі оның кәсіби қызметімен тығыз байланысты. Руханимәдениет пен білім, алған тәрбие адамның тұлғалық болмысын құрап, нәтижесінде оның іс-әрекетіне ықпал етеді. Мұнда зұлымдық пен әділетсіздікке жол бергізбейтін ішкі бақылаушы – ар-ұжданның орны ерекше. Ардан аттамау – адамшылық бастауы. Ізгі қоғам туралы ұзақ ізденген данышпан ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ар-ұжданға жүгінген қоғамда заңдарға жүгінуге қажеттілік азаяды дегенге саятын тағылымды ой қалдырған. Бұл заңдарға жүгінуге жеткізбей, әрадамның ар-ұжданы деңгейінде көптеген сұрақтың шешімі бар екенін айтып отыр.
Алдымен адам ішкі ар-ұждан заңдарын жетекшілікке алу керек. Сонда әркім өмір сүруге қажетті, жазылған сыртқы заңдарды бұзудан қорыққандықтан емес, адамшылық парызы үшін түзелу жолында болады. Бұл ой – бүгінгі саналыжаңғырудың да негізіне айналуға тұрарлық идея. Яғни ар-ұждан бақылауын күшейту – қазіргі қоғамдағы әр адамның тұлғалық болмысынжетілдіру бойынша саналы жаңғыруының бастышарты болуы керек.
Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу адамнаноны саналы тұрғыдан сезінуді, шын ынта-жігерін, ең бастысы – ниет тазалығын талап етеді. Ел игілігіүшін адал, риясыз қызмет ететін мемлекеттікқызметші нағыз азамат және Отанды сүюдің үлгісі болуға лайық. Ол саналы адам ретінде өз-өзіне «мен өз өмірімді, өзім өмір сүріп отырған қоғамды, мемлекетті жақсарту жолында не істедім?» дегенсұрақ қояды. Мемлекеттік қызметшіге тұлғалық болмысын жетілдіру үшін өз-өзіне есеп беру және өзін-өзі тану мәдениетін дамыту маңызды. Бұлжауапкершілікті арттыруға негіз болып, жақсы жаққа өзгеруіне жол ашады. Есеп алу айна тәрізді өзіне сырт көзбен қарап көруге мүмкіндік тудырып, қателіктермен жұмыс істеуге ынталандырады. Мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби біліміменпайда келтірумен ғана шектелмей, сонымен қатар адамшылық тұрғыдан басқалар бой түзейтін үлгіге айнала білуі керек.
Мемлекеттік қызметшілердің бойынан Абай бейнелеген «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылыжүрек» көрініс табуы қажет. Бұл қасиеттер мемлекеттік қызметшінің кәсіби және тұлғалық дамуына айтарлықтай ықпал ете алады. Абай «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп осы үш қасиеттің адамбойынан көрініс табуын толысудың, кемел болудың басты шарты ретінде қараған. Ақыл мен қайрат жүрекке бағынуы керек деген байламға келген. Өйткені барлық мейірім, жанашырлық атаулыжүректен шығады. Ойшыл «Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің шектеулісің» дейді. Өз басының қара қамын ғана ойламай, әрдайым елдік мұратты биік қоя білу, елге адалқызмет ету – адам бойындағы адамшылықтың біркөрінісі. Хакім отыз жетінші қара сөзінде тағы да «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының біріболасың» деген. Абай ақыл, қайрат, жүректі бірдейұстауды «толық адамға» тән сипат ретінде қараған. Осы орайда, Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы «Абайдың «Толық адам» концепциясы, шындапкелгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», деген пікірі біздің қоғам үшін аса маңызды. Абай айтқан, «толық адам» мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысын жетілдіруде негізгі бағдар болуы қажет.
Әрбір мемлекеттік қызметшінің халыққа сапалы қызмет етуі мемлекеттік қызметке кіркелтіретін бюрократияға, формализмге, имитацияға және қызметтің декларативтілігі элементтеріне жолбермеуінен көрінеді. Саналы жаңғыру жолындағы маңызды қадамның бірі – халыққа адал ниетпенқызмет етуге деген ынта-жігерді арттыру. Бұған қоса ұлттық мүддені басым қою, мемлекеттік сана, әділдік, ашықтық, антқа адал болу – бұлар мемлекеттік қызметшілердің саналы тұрғыдан жаңғыруына септігін тигізетін ұстанымдар. Осылармемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысынанкөрініс тапқанда мемлекеттік аппараттың жаңаша сипатта дамуына серпін береді.
Мемлекеттік сана – мемлекетшіл болу, ұлттық мүдделердің мәнін түсіну. Президент айтқандай, әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуыкерек. Мемлекеттік сана деңгейіне көтерілген адамүшін, мемлекет пен елдік мүдделер – қашанда алдыңғы орында. Бұл – тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты, жерді сақтау, табиғи ресурстарды, мәдени мұраны қорғау сынды іргеліқұндылықтарды қабылдап, олармен біртұтас болуды білдіреді. Мемлекетшіл, мемлекеттік сана деңгейінде ойлайтын тұлғалар халық алдындағы жауапкершілікті сезінеді, ұлттық мүдделерге сәйкес ойлайды және әрекет етеді, елдің бүгіні мен болашағы үшін қам жейді. Елдің қамын ойлау – нағыз мемлекетшіл тұлғаға тән басты сипат.
Халқымыздың тарихында елдің болашағы үшін аянбай еңбек етіп, елге қызмет етудің тамашаүлгісіне айналған тұлғалар аз емес. Бұған көптеген мысал келтіруге болады. Мәселен, көрнекті Алашқайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деп өзінің жеке басынанұлттық мүддені биік қойып, елдің қамы үшін еңбек етіп, шын мәніндегі мемлекетшіл тұлғаға айналған.
Мемлекеттік қызметшілер Отанға қызмет етумәдениетін дәйекті түрде игеріп, жүзеге асыруықажет. Елге қызмет ету әркімнің өзіне жүктелген міндетті шынайы және адал орындауынан көрінеді. Мемлекеттік сана деңгейіне көтерілу, ұлттық мүдделерді сақтау үшін тек білімді және құзыретті болу жеткіліксіз. Алаш қайраткері ӘлиханБөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Бұл жерде мінез деп адамның ішкірухын, адамдардың игілігі үшін елге қызмет етсемдеген жүрек қалауын айтып отыр. Шәкәрім айтқандай, халыққа еңбек қылу – адамдық борышың.
Мемлекет басшысы өз Үндеуінде «Мемлекеттікқызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттікқызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау дегенсөз» дегенде осы адамдық борыштың өлшемі жайлы айтып отыр емес пе?
Мемлекеттік қызметшінің саналы жаңғыруына қажет басты ұстанымның бірі – әділдік. Әділдік – бұл адамға бағдарланған мемлекеттік басқару жүйесіндегі басымдық беріліп отырған негізгіқағида. Орта ғасыр ғұламасы Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» шығармасында мемлекетті басқаруға қажет төрт қағиданы негіздеген. Соның ең басынаәділетті қойған. Одан кейін дәулет, ақыл-парасат және қанағат. Әділдікті күнге теңеген. Бұл салыстырудың мәні: аспан жарығы барлығына бірдей, біркелкі, ешкімді алаламай нұрын төгетіні сияқты әділдік те күн тәрізді барлығына ортақ игілік.
Әділдіктің мәні – баршаға тең мүмкіндік қалыптастыру. Хакім Абай әділетті – баршаізгіліктің анасына теңеп, ынсап пен ұяттың әділеттен шығатынын айтқан. «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса оның ұяты да жоқ» деп, әділдікті ар-ұяттың өлшемі ретінде қараған.
Қазақ даласындағы әділдіктің символы – билеринституты. Билердің әділдігі туралы әңгімелер, мақал-мәтелдер, олардың мемлекеттік ауқымдағы және күнделікті мәселелер бойынша шешімқабылдаудағы даналығы жайында тарихтанкөптеген мысал келтіруге болады. Олардың әділдігіне қатысты «Қара қылды қақ жарған» сөз тіркесі қалыптасқан. Бұл әділ шешім шығарудың аса күрделілігі мен нәзіктігін, би төрелігін жүзеге асырудағы ерекшелікті білдіреді. Бабаларымыздан«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мәтел қалған. Әділ би жоғары шындықтан басқа ешкімге артықшылық бермейді.
Әділдік қағидатын сақтау моральдық-адамгершілік таңдаумен, шындықты таба білумен, объективті қорытынды жасай алумен байланысты. Күнделікті өмірде әр адам іс-әрекет жасамас бұрын ойланып, өзі қалағандай ғана емес, сонымен біргеөзін басқаның орнына қоя білуі керек.
Әділеттілік өмірде ешкімге де бөле-жара артықшылық бермейтін баршаға ортақ заңдылық күшіне ие тәртіпке сай әрекет етуден, өзіңізге басқалар қалай қарым-қатынас жасағанын қалағаныңыздай, басқа адамдармен солай қарым-қатынас жасаудан, басқа адамға жеке пайда табу құралы ретінде қарамаудан, жеке мүдделерге қайшы болса да, әділ шешімге кедергі жасамауданкөрініс табады. Әділетті қоғам құрудың негізгіфакторларының бірі – мемлекетте заңдар мен құқықтың үстемдігін орнату.
Мемлекеттік қызметшінің саналыжаңғыруындағы басты ұстанымның бірі – ашықтық. Ашықтық – канцеляризмге, бюрократияға, сөзбұйдаға жол бермеу, кемшіліктер, олқылықтар орын алған жағдайда шынайы болу. Ашықтық халық пен мемлекеттік аппараттың арасындағы байланысты нығайтып, ауызбіршіліккежол ашады. Жұртшылық талабымен санасуды, маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезіндеолардың пікірін ескеруді талап етеді. Ашықтықтан күтілетін нәтиже – қоғам тарапынан сенімге иеболу. Азаматтардың еркіндігі мен демократиялық ұстанымдар құрметтелетін қоғамда әртүрлі көзқарастар білдіруге тыйым салынбайды. Сондықтан пікір алуандылығына ашық, шешімқабылдауда әділ болу басты ұстанымға айналуықажет.
Мемлекеттік қызметші өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында азаматтардың қажеттіліктерін танып, олардың үніне құлақ асуы керек. Қабылданатын шешімнің заңдылық, объективтілікережелеріне және мемлекет мүдделеріне сәйкес келуін ескерген жөн.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ашықтық қағидатымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы «Біз адаммемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» дегеннегізгі қағиданы айқын ұстанамыз. Біздің қоғам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымын үлкен үмітпен қабылдады. Сондықтан мемлекеттікқызметшілер әрбір азаматтың үмітін ақтауға және тілектерін ескеруге барынша күш салуға тиіс» деген сөзінде осы ашықтыққа үндейді.
Мемлекеттік қызметші үшін саналыжаңғырудағы тағы бір іргелі қағидат – мемлекеттікқызметке кіру кезінде беретін антқа адалдық. Ант ету – адамның жауапкершілікті ар-ұжданымен қабылдап алатын рухани-адамгершілік санаттағы салтанатты шара. Ол адамның ар-ұждан бақылауын іске қосып, өз міндетін саналы түрде түсінуді және айтылған сөздері мен жасайтын әрекеттері үшін моральдық жауапкершілікті қабылдауды білдіреді.
Адамзат тарихында антты бұзу, анттан аттауәрқашан айыпталып, мұндай әрекет адамның ар-намысы мен беделіне ойсырата зиян келтіріпотырған. Антты бұзу ел алдында айыпталуменқатар, сенім мен құрметтен жұрдай етеді. Анттықастерлеу, оған ерекше мән беру – халқымыздың болмысына тән қасиет. Халқымызда ант сөзіне қатысты «серт беру», «уәде», «серттесу» ұғымдары бар. Қазақ даласының салт-дәстүрлерін зерттеушіғалымдар елімізде тағдырлы шешімдерқабылданғанда уағдаластықтарды сөз беру, уәделесу арқылы бекітетін ерекше дәстүрдің болғанын алға тартады. Бұл біздің қашанда антынаадал халық болғанымызды білдіреді.
Антқа, берілген уәдеге адалдықты сақтай білу – өнегелі адамға, шын ерге тән қасиет. Анттан аттапкеткен адамдарға жұртшылықтың көңілі суып, оларжағымсыз кейіпке ұшырап отырған. Абайдың тілімен айтқанда «Ант ішіп күнде берген жанықұрсын», яғни сөзінде тұра алмайтын, уәделерін орындай алмайтын адам өз ар-ұжданын, жанын, адамдық қадір-қасиетін түкке тұрғысыз күйге түсіреді. Бұл оның адамдық мәнінің жоғалуына әкеледі.
Антқа адалдық «адамға бағдарланған» мемлекеттік басқару моделіндегі мемлекеттікқызметшілердің негізгі әдеп қағидаларының бірі – адалдық ұғымына етене жақын түсінік. Адалдық жария түрде айтылатын құндылықтық көзқарастардың іс жүзінде, шын мәнінде, жүзеге асырылуын білдіреді. Адал адам – бұл арлы адам.
Ата-бабаларымыз ар-абыройды баға жетпесқұндылыққа балаған. Хакім Абай «Пайда ойлама, ар ойла» деп адам үшін ар-ұжданның бәрінен қымбат, бәрінен биік екенін айтып өткен. Ойшылдың осы сөзін әрбір мемлекеттік қызметші көкейіне құйып, өмірлік ұстанымына айналдыруға тиіс. Әр қызметші өз бойында жасаған іс-әрекеті үшін жауапты болуды жоғары мәдениет ретіндеорнықтыруы керек.
Мемлекеттік қызметші жоғарыда айтылғандарды ескеріп, саналы өзгеріске бет бұрса, оның тұлғалық болмысының да уақыт талабынасай жаңа сипатта жаңғырары анық.
Түйіндей келе айтарым, саналы өзгеріс үшін бізбір нәрсені жақсы түсінуіміз керек. Ол – мемлекеттік қызметшілердің жоғары құндылықтарды ұстануы жазадан, сыннан немесебақылаудан қорыққандықтан емес, өзінің ішкі ерік-жігерімен, ниет қалауымен орындалуы. Сонда ғана саналы өзгеріс іс жүзінде орын алмақ. Ал саналыөзгеріс – мемлекеттік қызметті сапалыжаңғыртудың негізі болмақ. Ең бастысы, бұл біздің жұмыс тәсіліміздің түбегейлі өзгеруіне жол ашады.
Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істеріагенттігінің төрағасы