Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Қаншама қыршынның жастық шағын жалмаған сұрапыл соғысқа қазақ даласынан қайсар жігіттердің де аттанғандығы белгілі. Оның ішінде, Қызылқоға ауданының азаматтары да бар. Солардың бірі – Жангелдин ауылының тұрғыны Нұрлан Сапашов.
1965 жылдың 1 шілдесінде Жангелдин ауылында дүниеге келген ол 1982 жылы Миялы орта мектебін тәмамдап, еңбек жолын туып-өскен ауылындағы кеңшарда қарапайым жұмыстан бастайды. 1983 жылдың күз айында Атырау қаласынан 3 ай білім алып, жүргізушілік куәлігін қолына алып, 1984 жылдың сәуір айында әскер қатарына шақыртылып, Өзбекстан елінің Самарқанд қаласында 3 ай әскери дайындықтан өтіп, камаз автокөлігіне жүргізуші болды. Сол жылдың тамыз айында Ауғанстан елінің Кабул қаласында бір ай әскери дайындықтан кейін Шинданд қаласында интернациональдық борышын өтейді. Ал, 1986 жылдың тамыз айында аман-есен елге оралып, Жангелдин ауылында кеңшар тарағанша жұмыс жасады. Бүгінде вахталық қызметте.
– От пен оққа толы ауған жеріне елімізден 22000 жауынгер атанды. 925 жауынгер ерлікпен қаза тапса, 30-ға жуығы хабар-ошарсыз кеткен. 3000 жауынгер мүгедек болып қалды. Әрине, бұл соғыс ешкімге оңайға соқпады. Енді ғана азамат атанған қаншама боздақтарымыз жат жерде жан тапсырып, көптеген жауынгер із түссіз жоғалып кетті. Аяқ-қолдан айырылып мүгедек болғандар қаншама?! Тіпті, аман оралғандардың өздері жұқпалы дертке ұшырап, әлі де ауған соғысының зардабын тартып жүр, - деп еске алады ауған жауынгері Нұрлан Сапашев.
Иә, болашаққа қадамды нық басу үшін өткенімізді өшірмей, ерлігімізді жәдігердей сақтауымыз қажет.
Кәмшат ӘБІШ