Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕРЕН ЕҢБЕК ИЕСІ

Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдауына еңбек адамының еңбегі еленуі жөнінде баса назарға ала отырып, айтып өтті.

-Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған "Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс" қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді, - деп мәлімдеген еді.

Ел үшін еңбек етіп, көптің құрметіне бөленген жандар қашанда қадірлі, құрметті. Ал сол еңбек еленіп, көп ішінен ерекше көзге ілігіп, абырой мен атаққа бөленіп жатса, мерейінің үстегені. Әрине, ол атақ пен абыройды ешкім сұрап та, сатып та алмайды, оның мәнділігі мен маңыздылығы осында. Ерекең, Ерболат Насимуллин «ұлттық мерекеге орай «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленіпті» дегенді естігенде елең етіп, «әп, бәрекелді» дескеніміз де содан еді. Мұндайда, кім болса да, алдымен өмірдерегіне үңілетініміз бар ғой. Ерекең де нағыз ауылдың топырағынан шыққан азамат.

1954 жылдың осындай қарашасында сонау Мыңтөбе аталатын елді мекенде дүниеге келді ол. 1962 жылы Жанбай ауылында мектеп табалдырығын аттап, 1972 жылы Махамбет мектеп-интернатынан үлкен өмірге жолдама алды. Ал 1976 жылы сол кездегі Гурьев педагогикалық институтынан «Тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шықты. Алғашқы еңбек жолы Мақат ауданындағы Сағыз сегізжылдық мектебінде басталып, осында тарих, география, дене шынықтыру, еңбек және бейнелеу пәндерінің мұғалімі болып тер төгіп, әу бастан жан-жақты жан болуға дағдылана бастады. Осында жүріп әскер қатарына шақырылған жас Семей қаласында орналасқан артиллериялық полкте азаматтық борышын абыройлы өтеп те оралды. Осыдан кейін, яғни 1980 жылы Аққыстау орта мектебінде жал-ғасқан оның ұстаздық еңбек жолы 22 жылға созылып, аталған білім ұясында тарих пәні мұғалімі, ұйымдастырушы, мектеп директоры-ның оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да болды.

Одан кейінгі алты жылдан астам уақыт бойына Абай атындағы орта мектептің тізгінін ұстады. Білімі мен білігі тең түскен Ерекең бұдан кейінгі бес жылда өзін мемлекеттік қызметте сынап, 2008 жылдың 14 наурызы мен 2013 жылдың 29 наурызы аралығында Нарын ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. 2013-2017 жылдар аралығында аудандық білім бөлімінің әдіскері, Аққыстау орта мектебі директорының орынбасары, директоры болып жүріп зейнеткерлік демалысқа шыққан оның білім саласындағы жұмыс өтілі бақандай 40 жылды құрапты. Ал сол зейнеткерлікке шыққалы бері арада жеті жыл уақыт өтсе де Ерекең әлі елге еңбек етумен келеді.

Ол Атырау облысы дін істері басқармасының «Ақпараттық-талдау орталығының» Исатай ауданындағы «Діни бірлестіктермен жұмыс» және «Аудандық жұмыссыздықты үйлестіру» бөлімінің маманы болды, Атырау облысы ҚХА «Қоғамдық келісім» КММ мекемесінің Исатай ауданындағы сарапшысы қызметін де атқарды. Жаратылысынан еңбекқор Ерекең қоғамдық өмірден еш қол үзбеген жан. Ол 2018 жылдан бері ДСД-ағымдарға қарсы Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, аудандық сот жанындағы «Билер кеңесінің» төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, аудандық музей жанындағы «Мирас» өлкетанушылар клубының мүшесі. Мұның сыртында әртүрлі комиссияларға мүшелігі тағы бар. Сондай-ақ, үстел теннисін, волейбол да ойнап, жүгірумен де айналысатын ардагердің ауданда бұқаралық спорттың дамуына қолдауы да аз емес. Ойлап көрсеңіз, осының бәрі - еңбек.

Ал 2022 жылдың қазан айынан бергі уақытта аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде қыруар шаруаның басы-қасында жүргені және бар. Әділіне жүгінер болсақ, Ерболат Насимоллаұлы еңбегімен еліне еленгелі қашан. Өзін сөзге тарта қалсаң, мұғалім еңбегі хақында толғана әңгімелейді. -Ұстаздық қызметте 40 жылдай уақыт еңбек еттім. Қазір аудандық, облыстық деңгейдегі жауапты қызметтерде жүрген шәкірттерімді көріп, өз ісіме марқайып отырамын. Ұстаздық қызметті қалаған Г.Төлеуғалиева, С.Қойшекен, Д.Қдралин, Ә.Пазылғалиев сынды шәкірттеріммен мақтана аламын. Жалпы, елдің болашағын тәрбиелеп жатқан ұстаздар еңбегі – үлкен еңбек,-деген кейіпкеріміз қоғамдық өмірге араласып отыру, келеңсіздіктермен бірлескен күреске өз үлесін қосуға жұмыстану, өзгелерге жақсы қырымен үлгі болу әр азаматтың мақсаты болса ғанибет деген ойын да ортаға сала кетуді артық көрмеген. Иә, оның осынау еңбегі елеусіз емес. Ондаған алғыс хат пен құттықтаулардан бас-талатын марапаттардың бәрін тізбелеп шығуды мақсат тұтпадық. Оның бәрі «еңбек ер атандырарын» анықтай түсер дүниелер деп білдік. Ал, кешегі күні кеудесіне тағылған мемлекеттік марапат – «Ерен еңбегі үшін» медалі соның тағы бір айқын айғағы еді.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT