Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Елімізден көмір тек лицензия арқылы экспортталады

АСТАНА. KAZINFORM – Көмір экспортына лицензия беруді көздейтін Үкімет қаулысы қабылданды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. 

«Алдағы жылыту маусымына шамамен 12 мың автономды қазандық дайындық жұмыстарынан өтті. Автономды қазандықтар қажетті көмірмен - 93, мазутпен - 99 және дизель отынымен 90 пайыз қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні білім беру және денсаулық сақтау нысандары мен тұрғын үйлер жылыту маусымына толықтай дайын», - деді министр.

Оның атап өтуінше, коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке және халықтың пайдалануына арналған көмірге қажеттілік 8,2 млн тоннаны құрайды. Жылыту маусымы басталғаннан бері шамамен 3 млн тонна жеткізілді. Бұл жылдық жоспардың 37,1 пайызды құрайды. Ал өткен жылы жоспардың орындалуы 35,1 пайыз құраған болатын.

«Бүгінгі таңда еліміздің көмір тұйықтарындағы түрлі маркадағы отын қоры шамамен 577 мың тоннаны құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық. Министрлік тарапынан өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету бойынша тұрақты мониторингі жүргізілуде. Қазақстан темір жолы мен көмір өндіруші кәсіпорындар көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын. Сонымен қатар, әлеуметтік көмірдің елден тыс жерлерге кетуін болдырмау мақсатында көмір экспортына лицензия беруді көздейтін Үкімет қаулысы қабылданды. Бұдан бөлек, делдалдардың жұмысын болдырмау мақсатында көмірді сатуды биржаға шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде жылыту маусымы басталып, халық тарапынан көмір сатып алу белсенді түрде жүріп жатыр. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде, халықтың көмірді сатып алуы бойынша ақпараттандыру жұмыстарын белсендету қажет», - деді Қанат Шарлапаев.

Министрдің айтуынша, барлық өңірде жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталып жатыр. Жөндеу жұмыстары қалған өңірлерде жылу беру басталғанға дейін аяқталатын болады. Халықты көмірмен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар министрліктің тұрақты бақылауында тұр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT