Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауында азаптауларға қатысты қылмыстарды тергеу жөніндегі функциялар Бас прокуратураға жүктелген.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап азаптау туралы істерді тергеу жөніндегі айрықша тергеулік прокуратура органдарына айқындалды. Егер, бұрын азаптауға қатысты істерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, полицияның өзіндік қауіпсіздік басқармалары немесе басқа да қылмыстық қудалау органдары тергеген болса, қазір бұл істер бойынша тергеп-тексеруді прокурор ғана жүргізеді. Бұл Президенттің прокуратура органдарына артқан жоғары сенімі және қоғамның сұранысы, сонымен қатар объективті және әділ процессуалдық шешімдер қабылдау үшін үлкен жауапкершілік. Қазақстан азаптауға нөлдік төзімділікті ұстанады және азаптауға байланысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдататын Заң қабылдады. Енді азаптау орын алған органдардың басшыларына да жауаптылық көзделген. Азаптауды қолданған үшін жазаның ең жоғарғы мерзімі 10 жылдан 12 жылға дейін ұзартылды, рақымшылық, ескіру мерзімі, өкіну және тараптардың татуласу негізінде азаптау үшін қылмыстық жауапкершіліктен босату жойылды. Бас прокуратура Стамбул хаттамасының негізінде азаптауды тергеу әдісін әзірледі. Прокуратура органдарында азаптау туралы істерді сотқа дейнгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы нұсқаулық бекітілді. Азаптау туралы арыздарды алған кезде, прокурорлар дереу тергеуге және қылмыс іздерін тіркеуге кіріседі. Сондай-ақ азаптау туралы арыздарды тіркеу кезінде прокурорлардың іс-қимылдарын егжей-тегжейлі алгоритм әзірленген. Азаптауға қарсы күресті нығайту мақсатында қолданыстағы нормативті құқықтық актілерге өзгерістермен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және азаптаудың алдын алу мақсатында прокуратура органдарымен тиісті шаралар қабылданатын болады.
Қызылқоға ауданының прокуратурасы