Үкімет отырысында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун авиация саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ол авиация саласының цифрлық трансформациясы персоналды, әуе кемелері мен ұйымдарды сертификаттау, тіркеу және лицензиялау, сондай-ақ ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкестік арқылы реттеу мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін атап өтті.
«Азаматтық авиация саласында 58 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, олар 100%-ы цифрлық форматта ұсынылады. Бұл мемлекеттік қызметтерді алу процесін біраз жеңілдетіп, жылдамдатты. Өткен жылы электрондық түрде 21 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың ішінде халықаралық тұрақты емес ұшуларға рұқсат, авиация персоналына куәлік, сондай-ақ экипаж мүшелеріне куәлік беру қызметі бар», — деп мәлімдеді Дмитрий Мун.
Цифрлық трансформация авиацияның кәсіби қауымдастығына ғана емес, млн-даған жолаушыларға да әсер еткені атап өтілді. Бұрын ел ішінде ұшу кезінде немесе шетелге ұшқанда құжаттарын ұмытып кеткен жағдайда немесе айыппұлдың болуына байланысты шетелге шығуға тыйым салынған кезде азаматтар үшін қиындықтар туындайтын. Көбінесе азаматтар өздерімен бірге жеке куәлігі, баланың туу туралы куәлігі немесе заңды өкіліне сенімхаты болмаған жағдайларға (мысалы, әжесі немерелерімен бірге жүргенде) тап болып жататын. Қазіргі таңда eGov Mobile мобильді қосымшасында 35 цифрлық құжат бар, оның ішінде жеке куәлік, туу туралы куәлік және заңды өкілдерге арналған цифрлық сенімхаттар бар.
Цифрлық құжаттардың заңдылығын қамтамасыз ету үшін заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді. Оның ішінде Цифрлық құжаттарды қабылдаудан бас тарту жағдайларын болдырмау үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 640-бабына жаңа нормалар енгізілді. Бұл өзгерістер цифрлық құжаттардың толық танылуын қамтамасыз етеді және оларды барлық ресми процедураларда қолдануға кепілдік береді. Енді цифрлық құжаттар қағаз құжаттарымен бірдей заңды күшке ие.
ҚР ЦДИАӨМ ұшуға тыйым салуды тексеру қызметі әзірленді. Бұл құрал азаматтарға қарызына байланысты шетелге шығуға тыйымның бар-жоғын дереу тексеруге мүмкіндік береді. Егер тыйым анықталған жағдайда, пайдаланушы банктік цифрлық қызметтер арқылы қарызын бірден төлей алады. Төлем расталғаннан кейін тыйым алынып тасталады, әуежайда күтпеген жағдайларды болдырмайды әрі сапардың ыңғайлы болуын арттырады.
Бұдан бөлек, Көлік министрлігімен бірлесіп сала қызметкерлері үшін 71 бизнес-үдеріске реинжиниринг жүргізілді.
Цифрлық трансформациядан кейін азаматтар мен бизнес ұсынатын құжаттар 43%-ға қысқарып, процестердегі қадамдар саны 34%-ға азаяды деп күтіліп отыр.
«Мысалы, азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркеу үшін қазір ұшақтар мен ұшқыштар туралы барлық жазбалар қағаз жүзінде сақталады. Енді бұл ақпараттың барлығы дерекқорда сақталады. Планшеттері бар инспекторлар барлық ақпаратты бірден көреді, актілер өздері құрылады. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету уақыты отыз жұмыс күніне қысқарады және жалпы кіру құжат’тарының саны қысқарады», — деді вице-министр.
Astana Hub экожүйесінде авиация саласындағы стартаптар да әзірленуде. Бұл әзірлемелер билеттерді онлайн сатып алуға, ұшу кезінде көңіл көтеруге және басқа да жағдайда көмектеседі. Жобалар қазірдің өзінде миллиардтаған теңге табыс тауып, жүздеген жұмыс орындарын ашты.
Вице-министрдің айтуынша, авиация саласын цифрландырудың әлемдік тәжірибесі Еуропада тек жасанды интеллект пен камераларға сүйене отырып, ұшқыштың қатысуынсыз ұшып-қонуға болатын толық автоматты ұшақтар жасалып жатқанын көрсетеді. Ал Қытайда, мысалы, қалааралық әуе таксиді енгізу бойынша сынақтар жүріп жатыр. Бұл жол жүру уақытын бірнеше сағаттан 40-60 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
АҚШ-та ұшқыштарды оқыту үшін виртуалды шындықты белсенді қолданылады. VR гарнитураларының көмегімен болашақ ұшқыштар ұшақтың нақты кабинасында жаттығулар жасай алады, бұл оқу құны мен уақытын айтарлықтай төмендетеді.
Сондай-ақ Дмитрий Мун қазақстандық әуе компанияларына лайнерлер бортында интернетті енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынатынын атап өтті.
Сонымен қатар ол қауіпсіздік стандарттарын, ұшқыштарды лицензиялауды және апат болған жағдайда жауапкершілікті қоса алғанда, аэротакси ұшуларын реттейтін заңнаманы әзірлеу қажеттілігіне назар аударды.