1 миллион теңгені өзара үш бейнеоператор бөлісті, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алуға насихаттайтын үздік бейнеролик байқауы қорытындыланды.
6 қыркүйек күні басталған байқау мерзімі екі аптаға созылды.
Шараны облыс әкімдігінің қолдауымен "Атырау - Ақпарат" медиахолдингі ұйымдастырды.
- Вакцинация туралы үздік бейнеролик байқауына 20-ға жуық жұмыс келіп түсті.
Операторлардың қай-қайсы да роликтерді шығармашылық және кәсіби тұрғыдан түсіруге көңіл бөлген. Барлық материалдар ерекше бағалауға, назар аударуға тұрарлық, өйткені олардың тақырыбы Covid-19 пандемиясымен тікелей байланысты. Байқау қорытындысы бойынша үш жеңімпаз анықталды, олар креативті жастар, барлығы біздің өңірдің тұрғындары, - деді "Атырау-Ақпарат" медиахолдингінің директоры Ысқақ Егембердиев.
Жүлде қоры 1 миллион теңгені құраған байқау қорытындысымен 1 орынды Нұрсұлтан Зиядаев иеленді. Оған 500 мың теңге тапсырылды.
2 орын және 300 мың теңге сертификаты Расул Бекмағамбетовке бұйырды.
3 орын мен 200 мың теңге Асхат Тантаевқа табысталды.
Роликтер әлеуметтік желілерде жарияланып, сондай-ақ жергілікті телеарналардан көрсетілетін болады.