Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Арман» мәдениет үйінде аудандық «Әуезді үн» саз байқауы өтті.
Вокалды топтардың өнерін насихаттау, талантты орындаушыларға мәдени көпшілік шараларға қатысуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысушылар сайыстың бірінші кезеңінде acapellaда бір ән салса, екінші кезеңде вокальды аспаптың сүйемелдеуімен бір ән орындады.
Сайыстың алғашқы кезеңінде «Бір бала», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Наз қоңыр», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Желсіз түнде жарық ай», «Бір бала» сынды әуезді әндер шырқалса, екінші бөлімде қазақ эстрадасының қоржынындағы ең таңдаулы әндер шырқалды. Сахна мәдениетіне, дауыс ырғағына, орындау шеберліктеріне, репертуарларына мән бере отырып үміткерлердің өнерін бағалаған қазылар алқасының ұйғарымымен бас жүлдені миялылық Нұржанат Нұрболат пен Жұмакелді Әділ жеңіп алса, І орынды Жамбыл ауылдық округінен қатысушы Айсұлу Сағызбай мен Дастан Асан иеленді. Ал, екінші және үшінші орындарды мұқырлық Аягөз Қасым, Есбол Жұмағали, Серікболсын Меңдібай мен қарабаулық Райгүл Тасқалиева, Ернұр Жеңісовтер өзара бөлісті.
Бауыржан САҚТАСИНОВ