Әкем Сәлкен Түгелбаев – Екінші дүниежүзілік соғыстың үш майданына қатысқан айрықша тұлға. Алғаш 1939 жылғы Фин соғысында болыпты. «Финляндия мемлекеті – қызыл әскерге орасан қарсылық көрсетіп, соғыста дереу тоқтата алған ел», деп еске алатын ол майдандағы жағдайды інілеріне айтқан кезде.
– Бұл Финляндияның ұтымды бір шешімі болды. Біздің әскер атысты тоқтатып, келісімге келді. Финляндияның бұзылмай аман қалуы басшыларының ақылдылығынан болса керек...».
Осылай деуші еді жарықтық. Бұдан кейінгі әкемнің майдан жорығы Румынияда жалғасты. 1941 жылы Гитлер осы жерде біздің әскерилерді әуе бомбасының астына алған. Украинаны, Дон өзенін артқа тастап кеңес әскері Кавказға бет алады. Германияның дайындығын көрген әкем неміс танкісінің беріктігіне таңғалатын. «Қанша граната лақтырғанымен жарылмайтын алып техника кісілерді қуып жетіп, жаншып өтетіні фашистердің жауыздығын көрсетті» дейтін майдангер әкеміз. «Ақмоладан бірге аттанған жолдасым Мұхамедғали деген азамат сүрініп кетіп, танкінің жалпақ табанының астында қалып қойды. Бұл – немістің озбырлық көрсеткеніне нақты мысал. Кісі үстінде тұрған ауыр техника бір орында шыр көбелек айналып әрі қарай бет алды. Мен үміттеніп жетіп келгенімде мыжылған винтовканы, касканы ғана көрдім. Біз Кавказда бекініс құрдық. Бұдан кейін үлкен шайқас – Сталинградтағы бетпе-бет кездесу. Жойқын ұрыста аспанды неше күн қара түнек басып тұрды. Қазақтың талай мен деген жігіттері топырақ астында қалды ғой» дегені де есімізде. Әкей сол бір күндерді еске алғанда «Менен жүз есе артық жігіттер опат болды» деуші еді. Інілерін жігерлендіріп, «Жақсы, батыр жігіттерді көзіміз көрді, қалайша айтпассың» дейтін мұңайып. Майдан жолында әкеміз Курск доғасында, Польша, Венгрия, Аустрия, Берлинді азат ету үшін болған шайқаста ауыр жараланды. Сол Берлинді толық алу үшін жүрген кескіліскен ұрыста майдангер немере ағасы Қапыш Түгелбаев қаза табады. Бауырының қазасын естіртуге көрші дивизиядан арнайы делегация келгенін үнемі еске алушы еді.
Әскери достық лебіз деген – осы. Бұдан соң Эльба өзенінде америкалықтармен бітімге келіп, екі жақ қолға түскен тұтқындарды айырбастайды. Бұл қызыл әскердің екінші майданға аттанар алдындағы үлкен бір дайындығы еді. Көп майдангер Мәскеуде Жеңісті тойлап жатқанда әкем мен өзге де қаруластары Қиыр Шығысқа аттанып, Моңғолия- Қытай жеріне кіреді. Халхинггол маңында жапонның квантун әскерімен бетпе-бет кездеседі. Бұл соғыс немістің амал-тәсілдерінен басқаша болды. Жапондар ширақ қимыл жасап, түрлі қулықтарға барды. Бірақ тәжіриебелі әккі қызыл әскер оларға мұрсат бермеді. Қытайдың Харбин, Мугден сияқты көптеген ірі қаласын босатты. Жапондықтар Американың атом бомбасынан кейін берілуге мәжбүр болды. Бейбіт өмірде майдангер жолдастары әке-шешемді құрметтеп Мәскеу, Киев, Иванов, Запорожье, Ташкент, тағы бірсыпыра қалаларға арнайы шақырып, қонақ етті. Бұл қан майдандағы бауырластықтың жалғасы-тын. Көкшетаулық қандыкөйлек жолдасы Жапар Сүлейменов екеуі біраз жерді көрді. Мен қысқаша жазбамда әкемнің майдангерлік соқпағы арқылы тарихтың бір үзігін түсіндіргім келді. Әке-шешем дүниеден өтсе де, бір қауым ұрпағы ерлігін ұмытпайды. Екінші дүниежүзілік соғыстың ащы ақиқаты бүгінгі тойып секірген әлемге, ұрпаққа сабақ болса екен дейміз.
Мұрат ТҮГЕЛБАЕВ,
майдангердің ұрпағы