Наурыз – түбі бір түркі халықтарына ортақ мереке. Осыған орай іргелес жатқан ағайын ел Қарақалпақстандағы Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты Қарақалпақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, доцент, филология ғылымдарының докторы Сәрсенбай Қазақбаевқа хабарласып, Наурыз мерекесі туралы аз-кем әңгімеге тартқан едік.
«Салт-дәстүр жаңғыратын мереке» – Сәрсенбай Сейілбекұлы, алдымен ұлық мерекенің тарихына тоқталсаңыз?
– Наурыз – Орталық Азия халықтарының ең көне мерекесі. Оның біздің дәуірімізге дейін 3-4 мың жыл бұрын пайда болғаны ғылыми дәлелденген. Наурыз парсы тілінен алғанда, «Жаңа күн» деген мағына береді. Бұл күн мен түннің теңелуіне байланысты айтылған деп ойлаймын. Наурыз мерекесі туралы ежелгі түркі халықтары әдебиетінде айтылады. Мәселен, Омар Хайямның «Наурызнама» деген кітабы бар. Онда осы мейрамның қай дәуірден пайда болғаны жайында біраз дерек қамтылған. Өзбек әдебиетінің классигі Әлішер Науаидың шығармаларында да Наурыз мерекесі туралы тың дүниелер кездеседі. Сондай-ақ Орталық Азиядан шыққан басқа ғұламалардың да еңбектерінде Наурызға байланысты деректер көп. Оны Өзбекстан Республикасының мемлекеттік кітапханасы мен Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы кітапхана қорындағы көне кітаптардан таба аласыз.
2001 жылы «Қарақалпақ халқының салт-дәстүр жырлары» тақырыбында кандидаттық диссертациямды жаздым. Осы ғылыми жұмысыма Наурыз мейрамына байланысты біраз дүниені кіргіздім.
– Өзбекстанда Наурыз қалай өтеді?
– Наурызды әр халық өзінше атап өтеді. Мысалы, Өзбекстанда Ұлыстың ұлы күні – 21 наурызға тура келеді. Негізінен, күн мен түннің теңелуі де 21-нен 22-не қараған күнге сәйкеседі. Сондықтан Өзбекстанда 1989 жылы Наурызды 21 наурызда атап өту туралы мемлекет қаулысы шыққан. Міне, содан бері бұл халықтық мейрамға айналды. Осы күні барлық жұрт әдемі киініп, көшеге шығып серуендеп, бір-бірін мерекемен құттықтап, шат-шадыман қуанышқа кенеледі. Теледидарда мерекеге байланысты түрлі кештер, қойылымдар көрсетіледі. Наурыз мерекесі біздің елде үлкен шаһарлардан бастап, шағын елді мекендерге дейін тойланады.
Тайқазандарға бұрқыратып палау пісіріледі. Жыршылар төгілтіп жыр айтып, әншілер әуелетіп ән салады. Бишілер мың бұралып билейді. Бозбалалар мен бойжеткендер ырғалып алтыбақан тебеді. Қырда қиқулап ат бәйгесі ұйымдастырылады. Қысқасы, бұл мерекеде халқымыздың сан ғасырдан бері жалғасқан ғажайып салт-дәстүріміздің барлық рәсімі сән-салтанатымен жасалады. Сондай-ақ наурызда жерге көк шығып, диханшылық кәсіп басталады. Еңбек көрігі қызады. Бір жағынан, Наурыз – түркі халықтарына ортақ мереке. Біздің тіліміз де, дініміз де, діліміз де, салт-дәстүріміз де ортақ. Бұл мейрам түркі халықтарының туыстығын, достығын одан әрі жақындатып, бекіте түседі. Сондықтан бұл мейрамды түркі халықтары арасындағы алтын көпір деуге болады.
– Отбасыңызда Наурызды қалай қарсы аласыз?
– Біз екі-үш отбасы бірігіп, «сүмелек» тағамын дайындаймыз. Бұл мерекенің наурыз көже секілді басты тағамы. Наурыздың пайда болғанына 3-4 мың жыл болса, содан бері де бұл тағам дайындалып келеді. Ел аузындағы аңыздарға сүйенсек, «сүмелек» немесе «сумалак» сөзінің екі мағынасы бар. Біріншісі – парсының «си мелек», яғни «отыз періште» деген сөзінен шыққан дейді. Наурыз кезінде «сүмелек» қайнап жатқанда қазанның қасында 30 періште отырады-мыс. Сондай-ақ оны бұрын «семене» деп те атаған. Оны күздік бидайдан әзірлейді. Күздік бидайды ыдысқа егіп, қараңғы жерге сақтайды. Оған күн сайын екі-үш мәрте су құяды. 5-6 күн өткеннен кейін бидайдың дәні көгеріп шығады. Содан оны алып, келсапқа түйіп, суын алады. Оның суы сүт секілді аппақ болады. Сол суды қазанға құйып, онымен бірге ұн салады. Қазан түбіне ұн жабысып қалмау үшін 5-6 тас салып, оны былғап тұрады. Тағы да қосатын ас түрлері бар. Мұны біраз уақыт дайындайды. Оны ішер алдында адамдар бір-бірін мейраммен құттықтап, жақсы тілектерін айтады. Бұл тағамның адам денсаулығына пайдасы өте зор. Өйткені жаңа өскен бидай дәруменге бай. Қыстан денсаулығы әлсіреген адамға күш-қуат береді. Сауабы да мол.
Әңгімелескен – Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»