Аудандық мәслихаттың және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан кезекті іс-шарасы дүйсенбі күні Көздіғара ауылдық округінде өтті. «Самал» мәдеиет үйінде ұйымдастырылған аудандық «Екі жұлдыз» ән байқауы мәдениет саласының үздігі, аудандық мәслихаттың V шақырылым депутаты Алмас-Болат Қарабалинді еске алуға арналды.
Жастайынан өнерге құштар болып өскен ол Көздіғара ауылдық округінде 1970 жылы өмірге келді. Алмас-Болаттың әкесі Махмут Комсомол кеңшарында зоотехник болып жұмыс жасаса, анасы Ағипа тоқымашылар бригадасында еңбек етті. Ауданның Құрметті азаматы атанған әкесі мен анасы өмірге 10 (бес ұл, бес қыз) бала әкелді. Биыл мерейлі жетпіс жасқа толған үлкен ұлы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Сағызбай Қарабалин өз естелігінде:
«Інім Алмас-Болатты гастрольдік іссапарларға өзіммен бірге ертіп жүретінмін. Сол кездерде інім Бесұлтан Жакиевтің «Әке тағдыры» қойылымында Жеңісбектің қасында жүретін балалардың бірінің рөлін сомдады» деп жазады. Кішкентай кезінен сахнаға шығып, киелі өнерді серік қылған Алмас-Болат Жаңашаруа орта мектебін бітірген соң «Жас талап» комсомол-жастар бригадасында еңбек етіп, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Екі жыл Прибалтика жерінде әскери борышын өтеп келген соң Гурьев мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіп, бітірген соң Ақкөл ауылдық клубында әдіскер болып орналасып, өнер саласындағы алғашқы еңбек жолын бастайды. Еңбек ете жүріп қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін бітіріп алады. Одан әрі «Самал» мәдениет үйіне ауысып, 1992 жылы драма үйірмесін ашады. Оның жетекшілігімен Сая Қасымбектің «Жарайсың, шал-жігіт», Есенжол Домбаевтың «Біздің ауылда қызықтар бола береді», Қаныбек Байсейітовтің «Беу қыздар-ай», Берік Қорқытовтың «Жарайсың бажа» комедиясын, Бикен Римованың «Қос мұңлық» драмасы, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» лирикалық драмасын және басқа да қойылымдарды сахналап, ұжым 2015 жылы «Халық театры» атағын жеңіп алды. Сондай-ақ, 1998 жылы мәдениет үйі жанынан «Қарабалиндер» отбасылық ансамблін құрып, түрлі қойылымдарды көпшілікке ұсынып, халықтың қошаметіне бөленді. Отбасылық ұжым мүшелері Әсет, Есет, Бекет және Ғазиза Қарабалиндер сатиралық қойылымдарды да шебер меңгеріп, көрермендерін күлкіге кенелтетін. Олардың «Стекең мен Гитекең», «Тосын сыйлық», «Әскердегі бір күн», «Рэкет», «Бадро», «Қуғыншы» қойылымдары да жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Халықтың көзайымына айналған «Қарабалиндер» отбасылық ансамблі 2009 жылы «Халықтық» ұжым атағын қорғады. Ауданда мәдениет саласының өркендеуіне қаншалықты үлес қосса, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да аянбай тер төкті. Аудандық мәслихаттың депутаты болған кезде өз сайлаушыларының мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірлерін тиісті орындарға жеткізіп, оң шешілуіне ықпал етті. Сонымен қатар, өнерге қанат қаққан жас таланттарға қол ұшын беріп, өнер жолына түсуіне септігін тигізді. 2018 жылы Есенжол Домбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған облыстық «Шынайы шымылдық» байқауында Алмас-Болаттың жетекшілігімен «Біздің ауылда қызықтар бола береді» комедиясын сахналаған «Самал» мәдениет үйі жанындағы халық театры ұжымы І орынды жеңіп алса, өзі Жапек рөлін сомдап, «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясын иеленді. Бұл майталман өнер иесі, халық қалаулысы Алмас-Болат Қарабалиннің соңғы рет сахнаға шыққаны болатын. Бір жылдан кейін абзал азаматтың жүрегі мәңгілікке тоқтап, бақилық болды. Миялылық Қымбат Қарабалинамен отау құрған ол өмірге екі ұл әкелді. Қазіргі таңда әке жолын қуған екі ұлы Есет пен Бекен өнер саласында жемісті еңбек етіп, көрермендерінің көзайымына айналып жүр.
Шарада аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мәдениет қайраткері Сәмен Яқып, Көздіғара ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қайырбай Ерекенов және ұлы Бекет Қарабалиндер құттықтау сөз сөйледі.
Аудандық «Екі жұлдыз» ән байқауына сегіз жұп қатысып, бақтарын сынады. Сахна шымылдығын сағыздық Ришат Шыңдыбай мен Дәлубай Сисенбаев Ү.Ерниязовтың «Сүйемін» әнімен ашса, Мұқыр ауылдық округінен қатысушы Сержан Махамбет пен Мөлдір Әбдірахманованың орындауында Т.Молдағалиевтің «Қаздар қайтқанда» әнімен жалғасты. Бұдан әрі миялылық Бисұлтан Мұқтаров пен Жансұлу Зиманова Ұ.Жолдасовтың «Тамшылар», жангелдиндік Гүлсезім Тасқынбай мен Римма Ғалым М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Бақыт», ойылдық Нұрбол Бижанов пен Бауыржан Мәмбетқалиев Б.Байқадамовтың «Су тасушы қыз», жамбылдық Аманқос Сақиев пен Амангүл Такошева Т.Серіковтің «Таңғы арай», тасшағылдық Мырзахан Бақтығали мен Самат Есқұловтар М.Қабыловтың «Жол» әнін орындап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленсе, ән байқауы көздіғаралық жұп Үсен Көбенғалиева мен Ақмарал Жалмұқанованың орындауындағы М.Ілиясовтың «Мерекем» сен әнімен қорытындыланды. Байқау нәтижесінде Миялы ауылдық округінен қатысқан Бисұлтан Мұхтаров пен Жансұлу Зиманова І орынды жеңіп алса, II орынды жамбылдық Аманқос Сахиев пен Амангүл Такошева, III орынды көздіғаралық Үсен Көбенғалиев пен Ақмарал Жалмұқанова иеленді. «Көрермен көзайымы» атағын тасшағылдық жұп Мырзахан Бақтығали мен Самат Есқұлов иемденді. Осылайша мәдениет саласының үздігі, аудандық мәслихаттың V шақырылым депутаты Алмас-Болат Қарабалин атындағы ән байқауы өз мәресіне жетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ