Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Әдістемелік, халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – терме» атты жыршы-термешілердің аудандық байқауы өтті.
Оған ауданға қарасты он ауылдық округтен 16 мен 35 жас аралығындағы алты үміткер қатысты. Биылғы Жастар жылына, Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдық, қазақ поэзия падишасы атанған белгілі ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай тақырыптық бағыттағы шығармалар орындалды. Миялы өнер мектебінің мұғалімі Биғайша Ағашина, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің саз пәні ұстазы Жансұлу Баймағамбетқызы, аудандық балалар кітапханасының директоры Роза Әбілханова төрелік етті. Байқаудың шымылдығын Ойыл ауылдық округінен келген өнерпаз Қуат Жаймағамбетов Майлықожаның «Жақсы бір адам қартайса...» термесімен ашты. Содан соң Сағыз ауылдық округінен Әдемі Сағызбай мен Бекзат Нұрланұлы Аслан Мәтеновтың «Сүгірге арнауын» орындады. Одан әрі Миялы ауылдық округінен Кенесары Мизамов «Сүгірдің термесімен», сазгер Роза Әлқожаның «Фариза» әнін әуелетіп әсерлі кештің сәнін кіргізді. Көздіқаралық Жарқынай Мұқашева орындауындағы ақын Гүлфина Қойшығалиеваның «Жастарға арнау» термесінің бүгінгі күн тақырыбымен астасып жатқандығы көңілге қуаныш ұялатты. Жамбыл ауылдық округі атынан өнер көрсеткен Есен Құрмаш «Әлеумет келдің ал қалай?» атты Сәттіғұлдың толғауымен түйіндеді. Қазылар алқасы байқау қорытындысын жариялағанша «Арман» мәдениет үйі өнерпаздары күшімен дайындаған концерттік бағдарламасына куә болдық. Артынша барлық үміткерлер сахна төріне шақырылды.
Байқау қорытындысымен жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттау рәсімін аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жарас Есенғалиев жүргізді. Ауылдық округтердің намысын қорғаған термешілер Әдемі Сағызбай мен Бекзат Нұрланұлы Алғыс хатпен марапатталды. Ойылдық Қуат Жаймағамбетов пен жамбылдық Есен Құрмашқа үшінші орын бұйырды. Термеші Жарқынай Мұқашева екінші орынды иеленсе, миялылық Кенесары Мизамов байқаудың бірінші жүлдесін қанжығалады. P.S. Өкінішке орай, 400 орындық мәдениет үйінің залында 4 адамның (оның үшеуі қазылар алқасынан) болуы көңілімізді су сепкендей басты. Текті сөздің төресін тыңдайтын елдің болмағаны бізге «жетім қыздың тойындай» әсер қалдырды. Тіпті, сайыскерлердің жарым-жартысының қазыларға ұсынған жыр-термелерінің сөзін жатқа білмей, «шпоргалканы» пайдалануы байқау бәсін тым төмендеткендей болды. Бұл неліктен? Шынымен, термешілер байқауының күндізгі сағат 11-де өткізіліп, көрермен үшін қолайсыз сәттің таңдалуынан ба? Әлде, бұл көпшілік халық үшін қажетсіз шара ма? Ұйымдастырушылар аталған байқауды жұмыстан тыс, кешкілік уақытта өткізгенде әлдеқайда тиімді, әрі тыңдарман үшін ұтымдырақ болмас па еді? Осындай көкейде жүрген көп сұрақтың жауабын құзырлы мемлекеттік органдар болашақта ескерсе дейміз. Толғанып терме төксе ұлы бүгін, «Тыңдалмаған-сөз жетім» біл ұғымын! Ертеңгі ұрпақ үшін жеткізейік, Бабамнан қалған өнер жыр ілімін. Сіз бенен бізде шіркін не арман бар? Танытсақ рухымыздың тірілігін. Ұлықтап ұлы құндылықтарымды, Ұлтымның мойындатсақ ұлылығын.
Әсел ТАУШАНОВА