АИТВ -инфекциясының анықталуы 2022 жылдың 10 айы мен биылғы жылдың 10 айын салыстырғанда 16%-ға төмендеді. Бұл туралы Атырау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Төлеміс Шаменов айтты.
«Бұл АИТВ-нің алдын алуға арналған жұмыстардың жанданып, кәсіпорын, мекемелерде түсіндіру іс-шараларының жүйелі жолға қойылуының нәтижесі»- дейді Т.Шаменов.
АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу мақсатында барлық жүкті әйелдер АИТВ-ға екі мәрте және жыныстық серіктестері тестілеуден өтеді. Бүгінде АИТВ мен өмір сүретін 4 жүкті әйел мен перинаталдық байланыстағы 11 бала қазір дәрігерлердің бақылауында. Жыл басынан бері Атырау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының заманауи зертханасында 100 мыңнан астам зерттеу жасалған. АИТВ-ны анықтауға арналған автоматты зерттеу құрылғысы биоматериалды сапалы, әрі тез арада талдауға мүмкіндік береді.
2023 жылы зертхана аккредитациядан өтіп, СТ РК ISO 15189-2015ж сертификатын алды. АИТВ инфекциясы уақытылы емделмеген жағдайда иммунитет әлсіреп, оппортунистік аурулар пайда болады.
Дегенмен, дертті уақытылы анықтап және АИТВ мен өмір сүретіндер үздіксіз ем қабылдау арқылы өміріне төнген қауіпті сейілтеді, нәтижесінде сапалы әрі ұзақ өмір сүруге болады, дейді ақ халаттылар.