Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕГЕН АМЕРИКА САПАРЫ

Мемлекет басшысы өз Жолдауында жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс деген болатын. Шын мәнінде осы ауданның өзінде білім теңізіне құлаш ұрып, мұхиттың арғы жағынан білім алып келген жастар бар. Солардың бірі – миялылық Сымбат Бекзатқызы.

Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқитын Сымбат жақында «TechGirls» бағдарламасы бойынша Америка еліне барып, бір айдай білім алып, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Таяуда ғана елге келген Сымбатпен хабарласып, Америка сапарынан алған әсері, болашақ жоспары хақында сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Сымбат Бекзатқызы, ел ертеңі білімді жастардың қолында екендігі анық. Ендеше, білім теңізіне құлаш сермеп келе жатқан өзіңмен жақынырақ таныссақ...

– Мен 2007 жылдың 17 маусымында Миялы ауылында дүниеге келдім. Ата-әжемнің тұңғыш немересі, әке-анамның тұңғыш қызымын. Әкем Бекзат Сүйінов салық саласында қызмет етсе, анам Светлана Сақтағанова аудандық аурухананың дәрігері. Ата-әжем де, ата-анам да мені жастайымнан кітап оқуға, білім алуға баулыды. «Артық білім –кітапта» деген мақалды жадыма түйіп, 2013 жылы Б. Аманшин атындағы орта мектептің 1-сыныбына қабылданып, Айва, Люба апайлардан тәлім алдым. Ал, 5-сыныпта сынып жетекшім Ақбөпе апай болып, ол кісіден де біраз дүние үйрендім. 2019 жылы 6 сынып оқып жүргенімде Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсу үшін бағымды сынап көрдім. Емтихан өте қиын болды. Алайда, мектептегі мұғалімдерімнен алған білімнің нәтижесінде еліміздегі ең озық мектептің оқушысы атандым. Бұл мектеп менің білімге деген ынтамды одан әрі аша түсті. Кейіннен өзімнің туған інім Азаматты да емтиханға дайындап, осы мектептің оқушысы атануына үлесімді қостым. Сіңлім Айшат болса, қолыма алғаш қалам ұстатқан Б.Аманшин атындағы орта мектептің 5-сыныбында оқиды.

– Қазіргі таңда еліміздегі ең озық үлгідегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқисың. Ол мектептің өзге мектептерден қандай айырмашылығы бар?

– Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі оқу процесі орта білім беру мектептеріне қарағанда салыстырмалы түрде күрделі. Ең бастысы ол мектепте білім алуға қажетті барлық жағдай жасалған. Оқушылар мұнда тек білім алып қоймай, домбыра үйреніп, робот құрастырып, спортпен айналысып, түрлі жарыстарда топ жарып жатады. Мұнда сабақ таңғы сағат 8:30-да басталып, түскі 15:25-ке дейін созылады. Күніне негізгі 8 сабақ өтеді. Кейін қосымша сабақтармен және үйірмелермен мектептегі күніміз кешкі сағат 17:00-де аяқталады. Мұндай қарқынды оқу үдерісі оқушылардың терең білім алуына және жеке қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Біздің мектеп өзге халықаралық мектептер сияқты ақылы емес, оқу тегін. Ең бастысы мектепке қабылдау емтиханынан жоғары балл жинау қажет. Қабылдау емтиханы тек 6-сыныптан басталады. Бұл оқу ордасының тағы ерекешілігі - 11 емес 12-сынып оқисың. Соңғы 12-сынып халықаралық стандарттарға сай оқу бағдарламасымен ерекшеленеді. Бұл біздің түлектерімізге шетелдік жоғары оқу орындарына, мысалы, АҚШ, Италия және басқа да елдерге түсуге үлкен мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде мектептің бізден бұрынғы түлектері әлемдік деңгейдегі университеттерде оқып жатыр.

– Бүгінде бүкіл әлемді озық технологиясымен, ғылыми жетістігімен мойындатқан бірден-бір ел Америка екендігі белгілі. Таяуда Сіз мұхит асып, аталмыш елге барып келдіңіз. Сол сапарыңыз жайлы айтып берсеңіз.

– Расымен де, Америка әйгілі «Айфон» телефонын ойлап тапқан Стив Джоюс, айды қойып Марсқа ракета ұшырып жатқан Илон Маск, компьютердің «атасы» саналатын Билл Гейтс сынды тұлғалардың мекені. Сондықтан ол жаққа барып, білім алу әрбір білім қуған жастың арманы. Сол сияқты мен де аталмыш елге баруды көптен армандап жүрдім. Түрлі жолдарды қарастыра жүріп, Америка Құрама Штатының мемлекет департаменті қаржыландыратын «TechGirls» бағдарламасын естідім. Бұл бағдарламаның мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінен үздік оқушыларды жинап, оларға ғылым және технология бағытында білім беру. Аталмыш бағдарламаға қатысып, бағымды сынадым. Түрлі емтиханнан өтіп, сауалнамалар толтырдық. Нәтижесінде еліміз бойынша сынақтан өткен үш қыз болып, Америкаға жолдама алдық. Америка сапарында үш қалада болып үлгердік. Ең алдымен Вирджиния штатындағы Блэксбург қаласына жолымыз түсті. Ол қаланың Virginia Tech университетінде STEM бағытында білім алдым. Онда екі апталық курстан өтіп, жоба қорғадық. Кейін Вашингтон штатындағы Сиэтл қаласына бардық. Онда жергілікті отбасымен бірге 5 күн тұрып, америкалық мәдениет пен өмір салтымен таныстық. Содан соң әйгілі Microsoft, Amazon, Oracle секілді технологиялық компанияларды аралап, күнделікті жұмыстың қалай жүретіні туралы білдік. Соңында ел астанасы Вашингтон қаласына келдік. Онда Вашингтон монументі, Линкольн мемориалы секілді көрнекті жерлерін аралап, NASA Goddard Space Flight Center атты халықаралық ғарыш стансасының зертханасында болдық. Соңында АҚШ-тың мемлекеттік департаментінде болып, сапарымыз қорытындыланды.

– Бұл сапардан қандай әсер алдыңыз, не түйіп, не үйрендіңіз?

– Америкадағы сапарым ерекше әсер сыйлады. Ең қызығы – Arduino құралы арқылы робот құрастыруды үйрендім. Сонымен қатар, Алжир және Руанда елдерінен келген қыздармен бірге шағын жоба жасап, оны қорғадық. Тағы бір түсінгенім –Америка бізден алыста жатса да, еліміз біртіндеп дамып, американдық деңгейге жақындап келе жатыр екен. Жалпы бұл елдің менталитетін зерттегенде бәрі күлімдеп, жылы сөйлеп, адаммен араласуға тырысып тұрады. Мұғалімдері оқушылардың көңіл-күйіне қарап, әр қиындықта көмегін ұсынып, үнемі қолдап отырады. Ең ерекше сыйлық – бізге кетерде ноутбук пен Arduino жинағын берді. Қысқасы бұл сапар маған ұмытылмас әсер сыйлап, білімге деген құштарлығымды аша түсті.

– Америкадан келгеннен кейін көрген-білген, үйренген дүниелеріңді кейінгі буынға үйрету жоспарда бар ма?

– Әрине, өзім бір жерден жақсы дүние көрсем сонымен бөліскім келіп тұрады. Сол мақсатта қараша айында өзім оқып білім алған Б. Аманшин атындағы орта мектебіне келіп, 5 сынып оқушыларына STEM саласында бағыт бағдар беріп, роботехника және инженерия туралы оқыта бастадым. Бастауыштан енді шығып, жоғары сыныпқа қадам басқан балалар болғандықтан, оларға жастайынан STEM жайында үйретіп, қызығушылығын ашауды жөн көрдім. Сабақ барысында балаларға Америкадан алған Arduino жинағын көрсетіп, ондағы құралдармен әртүрлі қызықты заттарды жасап көрдік. Сонымен қатар, ағаш таяқшаларынан көпірдің макетін құрастыруды үйретіп, құрылыс инженериясымен таныстырдым.

– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді. Болашақ арман-мақсатың қандай?

– Менің болашақ жоспарым – химиялық инженерия саласында білім алып, таза энергия және қоршаған ортаны қорғау бағытында зерттеулер жүргізу. Бұл сала мені ғаламдық мәселелерді шешуге, соның ішінде экологиялық мәселелер мен энергия тапшылығын жоюға үлес қосу мүмкіндігімен қызықтырады. Мектеп бітірген соң шетелдік беделді университтерге түсуды жоспарлап отырмын. Ол жерде химиялық инженерия бағдарламасы бойынша білім алып, зерттеу жұмыстарында тәжірибе жинағым келеді. Қазақстандағы ғылымды дамытуға және экологиялық таза технологияларды енгізуге үлес қоссам деймін. Осы мақсаттарға жету үшін сапалы білім алу және заманауи технологияларды меңгеру керек. Сол мақсатта жатпай-тұрмай ізденіп жатырмын.

– Бүгінде көп жастар өнер немесе спортты таңдап, тезірек елге танымал болғысы келетіні жасырын емес. Ал, ғылымның жолы ауыр әрі ізденуі көп болғандықтан ол жолдағы жастар көп таныла бермейді. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Әрине, ғылым жолына түсу оңай емес. Ол ұзақ ізденіп, терең білім алуды қажет етеді. Бірақ, ғылымның адамзат үшін пайдасы ұшан-теңіз. Мысалы, Абай атамыз «Ғылым таппай мақтанба...» деп не үшін айтты? Яғни, ғылым жолында нәтижеге жетіп барып мақтанған абзал. Мен өнер, спорттан гөрі осы ғылым саласына жастайымнан қызығамын. Бұл қасиет ата-анамнан берілген деп ойлаймын. Сондықтан болашақта өзіме ғылыми зерттеулер жүргізуді және жаңалықтар ашуды мақсат етіп қойдым. Сөйтіп, туған жеріме, Қызылқоға өңірінің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Сол арқылы болашақта жоғары білім алып, тәжірибе жинаған соң туған өлкеме оралып, жергілікті жастарды ғылымға баулуды жоспарлап отырмын. Бұл – өңірдің болашағына инвестиция салудың бір жолы деп білемін.

– «Ұстазы жақсының ұстамы» дейді дана халқымыз. Бұл орайда, өзіңізді білім нәрімен сусындатып, үйреткен мұғалімдерің жайлы айтып өтсең...

– Мені білім жолында жетелеген ұстаздар көп. Ең алдымен бастауышта әріп үйреткен Айва апай мен Люба апайға алғысым шексіз. Кейін 5-6 сыныптарда сынып жетекшім болған Ақбөпе апайым бар. Осы ұстаздарымның арқасында көп нәрсе үйреніп, Назарбаев зияткерлік мектебіне түсе алдым. Айтпақшы, сол мектепке түсу емтиханына дайындаған марқұм Жеміс апайға да қарыздармын. Әлі есімде, осыдан алты жыл бұрын Жеміс апаймен бірге емтихан тапсырмаларын орындап, сұрақтарды талқылап, шешімін тапқанша отыратынбыз. Сол кісінің еңбегінің арқасында емтиханнан жоғары балл жинадым. Қазіргі оқып жатқан мектебімде де білікті ұстаздар жетерлік. Соның ішінде кураторым Айнұр Нұрлыбекқызына алғысым шексіз. Мені сыныптың оқу озаты деп жетелеп, бағаларымның түсіп кетпеуін қадағалап жүреді. Оған қоса, 7-сыныптан бері математикадан беріп келе жатқан Мейрамгүл апайдың да еңбегі зор. Міне, осындай ұстаздардың арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырмын. Қорыта айтқанда, білім жолында жолыққан мұғалімдерімнің бәрі өте білікті де білімді болып шықты.

– Назарбаев зияткерлік мектебінде өзіңізден басқа жерлес оқушылар көп пе, олармен араласып тұрасыз ба?

– Біздің мектепте қызылқоғалық оқушылар өте көп. Бәрімен араласып тұрамын. Мектеп бітіріп кеткендер арасында кезінде бізге жол көрсете білген Меруерт Мақсот, Мансұр Қабиболла, ағайынды Аманбек пен Нұрлыбек Сәуірбайлар бар. Сол сияқта дәл қазір 12-сыныпта оқитын Бекарыс Мақсот, 11-сыныптағы Фарида Баймағанбет, Нұрай Жарасқызымен араласамын. Одан төмен сыныпта оқитын Ернұр Қабиболла мен өзімнің інім мен сіңілім Азамат, Инабаттарға білгенімізді үйретіп келеміз. Олардан бөлек ауданымыздың өзге ауылдарынан да оқушылар бар. Бәріміз Назарбаев зияткерлік мектебінде бір үйдің балаларындай білім алып жатырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан,

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT