Биыл елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» жарияланғалы белгілі. Міне, содан бері әр өңірде жұмысшы мамандықтардың мәртебесін асқақтату жолында түрлі іс-шаралар өтуде. Әсіресе, көптен бері назардан тыс қалып келген кәсіптік-техникалық колледждерге көңіл бөлініп, бойына қан жүгіре бастады. Бұл біздің ауызымызға алдымен ілінетіні Қызылқоға аграрлық-техникалық колледжі екендігі сөзсіз. Сағыз ауылында орналасқан аталмыш оқу орнының негізі 1959 жылы қаланып, содан бері тракторшы, дәнекерлеуші, электромонтер, аспаз, тігінші сынды мамандықтарды оқытып келеді. Осы орайда, «Жұмысшы мамандықтар дайындайтын аудандағы жалғыз оқу орнының халі нешік? Училищеден колледжге айналғалы қандай оң өзгерістер орын алды? Студенттерге қандай жағдай жасалуда?» деген сауалдардың қылаң беретіні бар.
Міне, көкейдегі осынау сұрақтарға жауап іздеген біз Қызылқоға аграрлық-техникалық колледжіне арнайы ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен танысқанды жөн санадық.
Ескіден құтылмай жаңару жоқ
Аталмыш колледжге барған сәтте байқағанымыз – Сағыз ауылындағы ауылдық әкімдік пен мәдениет үйінің дәл қасында орналасқан колледждің жан-жағы асфальттанып, түнгі мезгілде жарық беріп тұратын жарықшамдар орнатылған. Ал, оқу орнының ауласы ат шаптырым аумақты алып жатыр әрі бірнеше ғимараттан тұрады. Дегенмен, ғимараттардың кейбіреуі ескі, тозығы жеткені бірден көзге көрініп тұр. Одан бөлек жарамсыз күйге түскен техникалардың да саны бірнеше. Бізді күтіп алған колледж директоры Шалқар Қасымов:
– Қазіргі таңда оқу орнында 6 мамандық, 10 біліктілік бойынша 160 студент білім алуда. Олардың арасында 107 студент Сағыз ауылынан болса, 37 студент ауданымыздың өзге ауылдарынан келіп оқуға түскен. Сол сияқты Ақтөбе облысынан – 14, Қызылорда мен Маңғыстау облысынан – 1 студенттен бар. Ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша – 77, дәнекерлеуші мамандығында – 15, электромонтер мамандығында – 18, тігін өндірісінде – 15, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығында 35 студент оқиды. Студенттер колледж асханасында бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылып, ай сайын оқу үлгеріміне байланысты 42 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Оқу орнының жалпы аумағы 4,788 шаршы метр болса, жобалық қуаты – 380 орындық. Одан бөлек спорт, кітапхана, акт залдары, асхана студенттерге қызмет етеді. Қазіргі таңда «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай колледжді жаңғырту жұмыстары қолға алынуда. Атап айтқанда, 7 миллион теңгеге жатақханаға жөндеу жұмысын жасау, 42 миллион теңгеге ІT кабинетін алу, 247 миллион теңгеге ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығына қажетті құрал-жабдықтар алу және шеберханаға жөндеу жұмыстары жасалады. Биыл 3 панельді тақта, 12 компьютер, 4 ноутбук сатып алынды. Әрине, колледждің теңгерімінде ескі ғимараттар мен жарамсыз техникалар да бар. Қазіргі сәтте апатты жағдайда тұрған бір оқу ғимараты, бір дәнекерлеу, бір ағаш цех бұзылады (снос) деп күтілуде. Сонымен қатар, Кеңес үкіметінен бері келе жатқан 5 автокөлік пен 3 тракторды есептен шығару жоспарда бар. Бұзу және есептен шығару үшін қажетті техникалық құжаттар жинақталып жатыр, – деді.
Расымен де, колледж ауласына алғаш кіргенде көзге қораш көрінген дүниелер көп болғанымен директордың сөзінен кейін жүйелі түрде жұмыстар қолға алынып жатқандығына куә болдық. Ендігі мақсат – бұл жұмыстар тек жоспар күйінде қалмай, осы жұмысшы мамандықтар жылының дуымен тез арада қаржысын бөлгізіп, жасатып алғаны жөн.
Оқушыларға арналған ашық есік
Біз барған күні коллледждің ұйымдастыруымен мектеп оқушыларына арналған ашық есік күні ұйымдастырылып жатыр екен. Жастарды жұмысшы мамандықтарға қызықтыру, әрі колледждің тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шараға Сағыз, Мұқыр ауылдық округіндегі орта мектептерден жоғары сынып оқушылары мен жетекшілері, ауыл тұрғындары қатысты. Ашық есік күні аясында өндірістік оқыту шеберханасында оқушыларға тұрғын үй бөлмесіне электр монтажын жасау, киіз үйдің метал қаңқасын электрогазбен дәнекерлеу жұмыстары көрсетіліп, түсіндірілді. Бұл жұмыстарды колледждің өндірістік оқыту шеберлері Гүлжихан Маханова, Қайыржан Қилыбаев және арнаулы пән оқытушылары Айгөлек Меделбай, Ғаламат Тілепбайлар тәжірибе жүзінде қалай жасалатындығын көрсетті. Шара барысында оқушылардың да қызығушылығы оянып, оларға электр тоғын жалғап, дәнекерлеу жұмысын өз қолдарымен жасауға мүмкіндік берілді. Солардың ішінде №9 орта мектептің 9-сынып оқушысы Данагүл Дүйсенберді екі бірдей тәжірибеге де қатысып, белсенділік танытты.
– Менің мектеп бітіруіме екі жылдай уақыт бар. Қай мамандықты таңдайтынымды әлі ойланып жүрмін. Дегенмен, бүгінгі ұйымдастырылған ашық есік күнінде жұмысшы мамандықтарға қызығушылығым арта түсті. Әсіресе, дәнекерлеу жұмысын өз қолыммен жасағаным өзіме ерекше әсер етті. Басында қорқыныш болғанымен оқытушы ағайдың көрсетуімен берілген тапсырманы ойдағыдай орындадым деп ойлаймын. Электрмен қамту, дәнекерлеу жұмыстары ең керекті мамандықтар екендігіне көзім жетті. Егер ер бала болсам ойланбастан жұмысшы мамандықтардың бірін таңдар едім, -деп ағынан жарылды ол.
Бұдан соң колледждің оқу-жаттығу алаңында арнаулы пән оқытушылары Гүлназ Сайфолла мен Балқаш Сүйеуова ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша қол жеткізген жетістіктерге тоқталып, мамандықтың қыр-сырын түсіндірсе, өндірістік оқыту шеберлері Қаныбек Шыңбаев пен Ақылбек Баймұратов оқушыларға «Беларус», «Hidromek» тракторлары арқылы жер жырту, тегістеу жұмыстарын іс жүзінде жасап көрсетті.
Ашық есік күні одан әрі колледж асханасында жалғасып, онда тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері Ақмарал Ғабдуллина мен арнаулы пән оқытушысы Нұршат Орысбаева өз студентімен бірге ақсерке балығын пеште дайындау әдісін көпшілікке көрсетіп, құпиясымен бөлісті. Ас дайын болған соң шара қонақтарына мейрамханадағыдай арнайы дастархан жайылып, оқып жатқан студенттер мәзір ұсынып, даяшы қызметін атқарды. Осылайша, екі сағатқа созылған ашық есік күнінде оқушылар колледждің тыныс-тіршілігімен танысып, жұмысшы мамандықтардың маңыздылығына көз жеткізді.
Сұраныс бар, талапкер жоқ
Ашық есік күні колледждің спорт залында «Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – ел болашағының негізі» тақырыбындағы панельдік сессиямен жалғасты. Сессияны ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша арнаулы пән оқытушысы Гүлназ Сайфолла ашып, жүргізіп отырды.
Шара барысында сөз алған «Сарықұмақ» шаруа қожалығының төрағасы Алшын Омаров: «Бүгінде шаруа қожалығына тракторшы-механизатор өте қажет. Жалақысы да жоғары. Алайда, жұмысшы таба алмаймыз. Сондықтан оқушылар жұмысшы мамандықтарды таңдап, осы колледжге оқуға түскен жөн. Оқу тегін, әрі 42 мың теңгедей шәкіртақы беріліп, жатақханамен қамтамасыз етіледі екен. Бір жақсысы – ата-анаңа салмақ салмай оқисың. Ал, бітірген соң жұмыс табу қиын емес. Ең бастысы – білімді де, білікті маман болып шықсаң болды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында сұраныс көп, бірақ талапкер жоқ» деген пікірін білдірсе, жеке кәсіпкер Гүлдәрі Алауова қазіргі заманда университет бітірген заңгер, аудармашылардан гөрі аспаз, тігінші сынды мамандар сұранысқа ие екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, өз ойын ортаға салған колледж түлегі Досжан Амангелді:
– Мен осы колледжде 2013-2016 жылдары оқып, электромонтер мамандығын алып шықтым. Қазіргі таңда, аудандық телекомуникация торабының Сағыз байланыс бөлімшесінде мамандығым бойынша жұмыс жасап жатырмын. Шүкір, табысым да жаман емес. Бастысы үш жыл оқыған еңбегім зая кеткен жоқ. Қорыта айтқанда, «Колледжден алған дипломмен жұмыс табу қиын» деген бос сөз, - деді.
Сөйтіп панельдік сессияда қатысушы үш спикер де колледжде оқудың артықшылығы мен пайдасын тілге тиек етіп, оқушыларды тәуекел деп жұмысшы мамандықтарды таңдауға шақырды. Сонымен қатар, спорт зал ішінде жәрмеңке ұйымдастырылып, онда студенттердің өз қолдарымен жасаған тігін, қолөнер бұйымдары мен түрлі тағамдар саттыққа шығарылды.
Студент санын арттырған жөн
Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылған ашық күні колледждің акт залында қорытындыланды. Онда алдымен сөз алған колледж директоры Шалқар Қасымов осы шараға атсалысқан мектеп оқушылары мен жетекшілеріне алғыс білдіріп, колледжбен әлеуметтік серіктестік орната білген «Ақтөбе қорғаныс екпе ағаштар дистанциясы» филиалының директоры Аманияз Игенісов, «Сарықұмақ» шаруа қожалығының төрағасы Алшын Омаров, жеке кәсіпкерлер Алмагүл Мәжек, Гүлдәрі Алауоваларға өз атынан алғыс хат табыс етті. Бұдан соң сахнаға көтерілген Сағыз ауылдық округінің әкімі Асхат Арыстанов:
– Бұл оқу орнының ауылдың дамып-өркендеуі жолында қосып отырған үлесі зор. Колледждің жұмысын одан әрі жандандыру жолында қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Соңғы уақытта осы оқу орнын аудан орталығына көшіру туралы түрлі әңгімелер айтыла бастағаны белгілі. Ал, жергілікті халық колледждің бұрынғыша осы Сағыз ауылында қала беруін қалап отыр. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін оқу орны нәтижелі жұмыс көрсетуі керек. Әсіресе, студент санын арттырып, сапалы маман дайындау жағына мән берген дұрыс. Бүгінгі ашық есік күні сол мақсатта ұйымдастырылуда. Ендеше, колледждің мәртебесін көтеріп, жұмысын жандандыру жолында бірлесе жұмыс атқара берейік, - деген тілегін білдіріп, колледж директорын Алғыс хатпен марапаттады.
Түйін.
Сайып келгенде біз аудандағы жалғыз оқу орнын көзбен көріп, ішкі жұмысымен танысып, материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып, жаңаша бағытта түлеп жатқандығына куә болдық. Дегенмен, оқу орны студентке толып, талапкерлер таласа құжат тапсырып жатпаса, ол жаңару мен жаңғырудан пайда аз. Әрі «Колледжді аудан орталығына көшіреді-мыс» деген хабар да тарағалы да сағыздықтардан маза қашты. Ендігі талап – колледж ұжымы жаңаша қарқынмен жұмыс жасап, нәтиже көрсетуі керек. Сонда ғана аудан, облыс басшыларының сенімінен шығып, колледжді көшіру мәселесі жабылар...
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН
ҚЫЗЫЛҚОҒА ауданы