Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне түркиялық жас ғалымдар «Орхун» академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқу-зерттеу жұмыстарын жүргізуге келді. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Каппадокия университетінің 2 курс магистранты Нұрай Явуз бен Эге университетінің 2 курс магистранты Сулейман Мете Дикмен қазақ тілі мен мәдениетін, тарихын терең білуге талпынып жүрген мамандар. Олар аз уақытта қазақ тілін жақсы меңгеріп алғандарын айтады.
Сулейман Мете Дикмен қазақ тілі мен мәдениетін терең меңгеру үшін Атырау қаласын таңдағанын айтса, Нұрай Явуз бауырлас қазақ халқын жақын тұтатынын, оның ішінде Атырау халқының қонақжайлығына риза екендігін жеткізді.
Айта кетейік, Атырау университеті сыртқы академиялық ұтқырылық бағдарламасы бойынша шетелдік 85 жоғары оқу орнымен келсім-шарт жасасқан. Былтыр аталған оқу орнына 7 шетелдік студент білім алуға келген. Биыл Польша мемлекетіне 9, Түркия еліне 8 атыраулық студент оқуға барады.