Бүгінде ауданда қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, мектеп, балабақша, мәдениет үйлері және тағы да басқа нысандар салынып жатқаны аян.
Әйтсе де, сол салынып жатқан құрылыстар кейбір мердігер компаниялардың кесірінен тоқтап, нысандарды уақытылы тапсыруға кедергі жасап жатқаны көңілге кірбің ұялатады.
Бұл орайда, аудан әкімдігінде өткен жиналыста аудан басшысы Арман Баженов: – Ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының кейбірі мердігер компанияның салғырттығынан тоқтап, жұмысты кешеуілдетіп отыр. Мұның барлығы біздің жұмысымызға кедергі. Сондықтан, алдағы уақытта сол мердігерлерге ескерту беріп, одан нәтиже шықпаса шартты бұзуға мәжбүрміз. Округ әкімдері де осы жұмысқа баса назар аударып, жұмысты талап етуі қажет. Бірлесе атқарған жұмыста ғана нәтиже болады, – деген болатын. Расында, құрылыс неге уақытында бітіп, уақытылы тапсырылмайды? Бұған қандай себеп? Округ әкімдері құрылыстың тез бітуіне неге ықпал етпейді? Біз осы сұрақтарға жауап іздегенді жөн көрдік.
Құрылыс қарқыны қандай? Аудан әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиевтің айтуынша, ауданда құрылыс саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар екі-үш жылдықтың көлемінде қарқынды дамуда. Оның ішінде Миялы ауылы «Мөлтек-1» ықшам ауданынан 122 тұрғын үйдің жеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды. Қазіргі уақытта тұрғындарға тиесілі жердің көлемі анықталып, қадаларын қағу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Мұқыр, Сағыз, Миялы ауылдарынан 486 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы салынуда. Бүгінгі күні Миялы, Мұқыр ауылдарындағы газ желілерінің жұмысы аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Ал, қалған құрылыс жұмыстарын келесі жылы толық аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға «Сұңқар Құрылыс LTD», «CATP», «Гаризонт» және «Build market-T» жауапкершілігі шекеулі серіктестіктері жауапты. Ал, Жангелдин ауылдық округі әкімшілік ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға қабылдау мерзімі қыркүйек айының жоспарында. Аталған құрылыс жұмыстарының барлығына тапсырыс беруші – аудандық құрылыс бөлімі.
Сонымен қатар, Атырау облыстық құрылыс басқармасының тапсырыс беруімен Қарабау ауылындағы 100 орындық балабақша құрылысын «ИндерЭнергоГаз» ЖШС-гі 2017 жылы бастаса, фельдшерлік акушерлік пункт құрылысын «ЭКО Инком» ЖШС-гі жүргізуде. Ал, 2016 жылы басталған Сағыз ауылындағы 424 орындық мектеп пен 290 орындық балабақша құрылысы аяқталуға жақындаса, Мұқыр ауылдық округінен тұрғызылып жатқан 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы енді ғана қарқын алып келеді. Ал, күні кеше ғана Мұқыр ауылынан 424 орындық мектептің қадасы қағылды.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта Сағыз ауылынан 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, орталық аурухана аймағынан мүрдехана, Жамансор елді мекенінен 120 орындық негізгі мектеп пен 60 орындық интернат, Мұқыр ауылынан 160 орындық балабақша мен су айдау ғимаратын қайта жаңғырту, Қарабау ауылдық округінен су айдау мұнарасын салу жоспарға енгізілген. Аталған жұмыстар бойынша жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда.
Жауапкершілікке тартылды Мамандардың түсіндіруінше, қазіргі таңда құрылысы тоқтап тұрған құрылыс нысандары жоқ. Алайда, жасалған келісімшарттағы міндеттемелерін толық әрі уақытында орындамағанның салдарынан баяу жүріп жатқан құрылыс жұмыстары жоқ емес.
Бұл орайда, мердігер компанияларға уақытында ескертулер беріліп, оған құлақ аспаған жағдайда ісі сотқа жолданады. Айталық, 2016 жылы қолға алынған «Қарасу жерасты су қорындағы екі ұңғыманы іске қосу» құрылысын кенжелетіп, келісімшарттағы міндеттемелерін толық орындамаған «ЭРА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сотқа беріліп, сот шешімімен айыппұл өндіруге шешім шықса, Қарабау және Жасқайрат ауылдарындағы тұрғын үй құрылысын кешеуілдеткен «АвтоСтройКонсальтинг» ЖШС-гі сот шешімімен мемлекеттік сатып алу порталына «жосықсыз қатынасушы» деп танылды.
– Негізінен құрылыс жұмыстарының сапасыз орындалу себептерінің бірі – бюджеттен қаржы бөлу уақыты мен мемлекеттік сатып алу бойынша қаралу ұзақ мерзімді алуына байланысты, құрылыс жұмыстарын қыс, күз мезгілдерінде бастауға тура келеді. Ал, күз, қыс айларында жүргізілген жұмыста қандай сапа болсын?! Содан соң жоспарлы уақыттан кешігіп жатады. Алдағы уақытта да өз жұмыстарына жауапсыздық танытқан мердігер компаниялар жауапқа тартылып, шарасы алынатын болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиев. Демек, жауапсыздық танытқан жауапкершіліктен тыс қалмайтыны анық. Осы тұста, мердігер компания басшылары мен ауыл тұрғындары не дейді? Енді соған құлақ түрелік.
Жыл аяғына дейін тапсырылады Мердігер компания үшін жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтау жауапкершілігін, ыждағаттылығын көрсетеді. Негізі бізге артылған жауапкершілік жоғары. Соның шегінен шығу үшін жұмыстанудамыз. Тендерге түсіп ұтып алған құрылыс жұмыстарында біраз кемшіліктер орын алып отыр. Бұл біздің кінәміз әрине. Жауапкершіліктен де қашпаймыз. Бірақ, компанияның ішкі жағдайларына байланысты осындай жағдай орын алды. Осы себептен құрылыс басындағы жұмыстар екі-үш айға тоқтап тұрды. Алдағы уақытта кемшіліктің орнын толтырып, жыл аяғына дейін жаңа нысандарды тапсырамыз. Қазіргі таңда 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Барлық күшімізді осы бағытқа жұмылдырудамыз. Ал, Қарабау, Жасқайрат ауылдарындағы тұрғын үй құрылысының сексен пайызы бітіп тұр. Тамыз айының соңына дейін бітеді. Нұршат ШОЛПАНОВА, «АвтоСтройКонсальтинг» ЖШС-нің директоры.
Талапты күшейту қажет Қандайма құрылыс болмасын халықтың қамы үшін жасалып, елдің болашағымен байланыстырылады. Ал, оның сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажет екені айтпаса да түсінікті жайт. Осы тұста, аудандық мәслихат депутаттарымен партиялық бақылау жасап, ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын қадағалап отырамыз. Құрылыс жұмыстарын бақылау кезінде жұмыстың аяқталу мерзімі мен қызмет сапасына аса көңіл бөлеміз. Кей кезде құрылыс басына барған сәттерде мердігерлерді кездестіру қиын. Жұмыс басында жауапты мамандары ғана болады. Ал, олар жұмыстың басы-қасында болып, бақылап отырғаны болмаса жұмыстың қалай, қашан бітетіндігін білмейді. Ал, біз көрген кемшіліктерді, басқа да ескертпелерді басшыға емес қосшыға айтып кетуге мәжбүр болып жатамыз.
Алдағы уақытта мердігермен келісімшарт жасалар алдында барлығын егжай-тегжейлі түсіндіріп, нақты талаптар қою қажет секілді. Ал, жұмысты бір күн кешіктіретін болса, олармен жасалған келісімшарттың күшін жойып, жұмысты тоқтату керек. Олай болмағанда, мердігер өз білгенін жасап, жұмысқа бас шұлғи қарағанын тоқтатпайды. Сол себептен, бірінші кезекте мердігерлерге қойылар талапты күшейту қажет. Альберт АҚҚАЙНАНОВ, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Салғырттық сынға ұшыратады Ауылдан мәдениет үйі бой көтеретінін естігенде қатты қуандым. Өйткені, ауылдық клуб қазіргі уақытта мектептің акт залын пайдаланып, мәдени шараларын өткізіп келеді. Ол әрине тарлық етеді. Ауылдың халқы да аз емес, бес мыңға жуықтайды. Ал, аядай ғана акт залда өткен шараның не мәнісі болсын. Жақында бірнеше айдан бері тоқтап тұрған құрылыс жалғасын тауып көңілімізді көтеріп тастады. Мәдениет үйінің құрылысы тоқтап тұрған сәтте нысан басындағылардан себебін сұрағанымызда «материал жоқ» деген сылтау естідік. Сонда қалай? Жұмысқа жауапты мердігер не ойлайды? Жұмысты жоспарсыз бастағаныма деген ойға қаласың. Ал, жауапсыздық соңы мердігерді сынға ұшыратып отырғаны анық. Осындай салғырттықтың салдарынан қарапайым халық зиян шегетіні шындық. Неге уәделі іске жауапкершілікпен қарап уақытында орындамасқа? Мұндай жауапсыздық тек қана осы мәдениет үйінде емес басқа да құрылыс алаңдарында кездесіп жатады. Бұл дегеніміз мемлекеттің қаржысын желге ұшырып, халықты босқа үміттендіру деп білемін. Төлеу ТАЙЖАНОВ, Мұқыр ауылының тұрғыны.
Сөзімізге құлақ аспайды Қарабау ауылында салынып жатқан балабақша, фельдшерлік акушерлік пункт, тұрғын үй құрылысы бақылауымызда. Қазіргі таңда салынып жатқан, қай құрылыс басында да жұмыс мардымсыз. Осыны көріп отырған ауыл халқы бізге сіздерден ықпал болса деген талап-тілектерін айтады. Сондай-ақ, құрылыс жұмысына ауылдан жұмыссыз адамдар тартылды. Бірақ, бүгінгі күні жасаған жұмыстарына жалақы да ала алмай отыр. Жұмыстың жүрмей жатқанын көріп отырған соң қол қусырып отырғымыз да келмейді. Алайда, мердігер компаниямен сөйлесу мүмкін болмай отырғандығы рас. Өйткені, олар құрылысқа тапсырыс берушімен ғана сөйлесеміз деп бізді көзіне ілмейді, сөзімізге құлақ та аспайды. Десе де, жергілікті атқарушы билік болған соң халықтың тілегіне жауапты болып отырмыз. Іргетасы қаланған әрбір құрылыс нысаны халық игілігі үшін жасалып жатыр. Осыны мердігер де, тапсырыс беруші де ұғынса игі дейсің. Қанат ҚАЙРУЛЛИН, Қызылқоға ауылдық округінің әкімі.
Қадағалау болса қапы қалмаймыз Қазір Мұқыр ауылында мәдениет үйі жоқ. Мәдени ошақтың жоқтығы ауыл халқы үшін қиынға соғуда. Бұл мәселенің көтерілгеніне де бірнеше жыл болды. Облыс, аудан әкімдеріне де талай мәрте айтылып жүр. Өткен жылы ауыл халқы мәдениет үйінің құрылысы басталып, қуанған болатын. Бірақ, тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармай, басталған жұмыс көңіл көншітпей отыр. Жыл басында құрылыс жұмыстары тоқтап тұрды. Кешегі айда ғана қайта басталды. Алайда, жұмыс мардымсыз. Қырқүйек айында пайдалануға берілу керек жаңа нысанның елу пайызы да орындалмаған. Осы тұста, жасалып жатқан жұмысқа құзырлы орган тарапынан бақылау, қадағалау керек секілді. Сонда ғана жұмыс қарқын алып, нәтижелі болары анық. Олай болмаған күнде құрылыстың жыл аяғына дейін тапсырылуы неғайбыл. Асқар ЕСЕНҒАЛИЕВ, Мұқыр ауылдық клубының меңгеруш
Кемшілік көп кетеді Тұрғызылып жатқан сән-салтанаты келіскен әдемі ғимараттар ауылдың ажарын ашары анық. Мен өзім құрылыс саласында жиырма жылдай еңбек еттім. Осы салада жүріп ұғынғаным құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру үлкен жауапкершілік. Өйткені, басшылық жұмысты жақсы ұйымдастыра білсе, нәтиже де ойдағыдай болады. Қазіргі кезде тендер арқылы салынатын құрылысты мердігер компания ұтып алады. Ал, компания басшысы құрылыс алаңына бір келіп, кейін сол жаңа нысанға бригадир сайлайды. Міне, жұмысты әрі қарай жүргізетін осы маман. Сондай-ақ, құрылыс алаңына келген соң әр адам қауіпсіздікті сақтап, құрылыс құрал-саймандарын ұқыптылықпен ұстаудан бастап барлығына жауапты. Ал, қазір ше? Бригадир де, құрылысшы да өз ісіне салғырт қарайды. Салынып жатқан жұмысқа жаны ашымайды. Содан келіп сапасыз салынып, кемшілік те көп кетеді. Сондықтан, құрылысшы да басшы да құрылысқа жауапкершілік танытуы қажет. Бекболат ҚАРАШОЛАҚОВ, Сағыз ауылының тұрғыны.
ТҮЙІН: Ауданда салынып жатқан құрылыстарды естігенде бір қуанып қалдық. Алайда, жоспарлы жұмыстың жоспарынан кеш аяқталуы көңілге кірбің ұялататыны аян. Бұл тұста мердігер де, тапсырыс беруші де, құрылыс алаңында жүрген құрылысшы да кінәлі екені даусыз. Сол себепті де жауапты мамандар артылған сенімді жауапкершілікпен атқара білгені қандай жақсы?! Өйткені, бой көтерген құрылыс алаңдарының барлығы қарапайым халықтың қамы үшін жасалып жатқан игі бастамалар.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.