«Арман» мәдениет үйінде 1990 жылдары тамылжыған әсем әндерімен елімізге танымал болған «Наурыз» тобының әншілерінің бірі Амантай Қабдығалиевтің «Наурыз – көктем» атты ән кеші өтті.
Айта кетсек, кезінде ауылдың өнерпаз жастарын жинап, елімізге танымал сазгерлердің әндерін орындап жүрген топ алғаш рет сағыздықтар алдында Наурыз мерекесінде өнер көрсетті. Көрермендердің көңілінен шыққан топқа халық «Наурыз» тобы деп ат қойды. Сөйтіп, халықтан бата алған өнерпаз жастар тобы түрлі байқауларда жүлделі орындардан көрініп, көрермендердің сүйікті тобына айналды. Бұл ретте, «Наурыз» тобының халыққа кеңінен танымал болуына, топтың көркемдік жетекшісі Әбдіғапар Темірхановтың еңбегінің зор екендігін айтқан жөн.
Сахна шымылдығын Т.Досжановтың сөзіне жазылған Ғ.Хамзиннің «Наурыз көктем» әнімен ашқан әнші Амантай Қабдығалиев одан ары көрермендердің қошеметімен жергілікті сазгерлер Е.Құлиевтің «Ардақты ана», Ә.Темірхановтың «Ағалар», «Туған күн», Т.Рақымның «Боз орамал», С.Өтеуовтің «Аңсағаным сен ғана» әндерін орындады. Ал, әншінің орындаған сазгер Ш.Қалдаяқовтың «Теріскей», «Дүнген қыз», «Сағынышым менің» әндеріне жұртшылық ыстық ықыласпен қол соқты. Сондай-ақ, көрермендер Амантай Қабдығалиевтің тамылжыта шырқаған «Асыл құрбым», «Досыма», «Ауылдың адамдары-ай», «Тойға тарту» әндерінің куәсі болды. Сонымен қатар, кеште сағыздық әншілер Мәншүк Мерғалиева, Ахат Өскенбай әннен шашу шашса, әке жолын қуған әншінің ұлы Ақтай Амантайұлы «Әке-ана» әнін тарту етті.
Өнер сүйер көрерменге тамаша кеш сыйлаған әнші Амантай Қабдығалиевтің қоңыр үнді әуені көрермендердің көңілінен шықты.
Бауыржан САҚТАСИНОВ