Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БЕРІЛГЕН ТАПСЫРМА БАҚЫЛАУДА

Сәрсенбінің сәтті күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі болып өтті.

Онда екі мәселе қаралды. Жәрмеңке неге аз ұйымдастырылады? Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндаған аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфееваның айтуынша, аудан бойынша тіркелген 110 азық-түлік дүкендерінің 75-іне апта сайын мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде, кейбір округтерде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың ішінде негізінен ас тұзы 3-5 теңгеге, жұмыртқа 3-6 теңгеге асса, барлық округте қырыққабаттың бағасы 160 теңге болып, (бекітілген шектік баға – 108 теңге) шектік бағадан 52 теңгеге асып отыр.

Жыл басынан бері ауылдық округтер бойынша үш ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, әлеуметтік маңызы бар тауарларды қолжетімді бағада сататын бес азық-түлік дүкендерінің бағасы әлеуметтік желіде жарияланды. Өткен аппарат мәжілісінде берілген тапсырмаға сәйкес округтерде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына мониторинг жүргізетін топтар құрылып, олар 61 азық-түлік дүкеніндегі бағаға зерделеу жасады. Оған Сағыз, Тайсойған ауылдық округтері қатыспады.

Зерделеу кезінде кейбір округтерде ас тұзының, күріштің, жұмыртқаның бағасы көтеріліп кеткені талданып, дүкен иелеріне күрішті, Арал және Илецкая тұзын Ақтөбе қаласындағы «Жазық групп» жеке кәсіпкерлігінен, ал бара алмайтындарға кәсіпкер Қайырбек Баймұратовқа тапсырыс беру арқылы бес пайыз қосып алуға болатындығы түсіндірілді. Нәтижесінде, Тасшағылда ас тұзы мен жұмыртқаның, Сағызда күріш пен жұмыртқаның, Жангелдинде ас тұзының бағасы түсті. Хабарламадан соң аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Өткізілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өте аз. Бұл барлық округтерде ұйымдастырылуы тиіс. Ал, мониторинг жұмысына қатыспаған округ әкімдеріне ауызша ескерту беремін. Бұл ретте, барлық округ әкімі округтерде құрылған мониторинг топтар кемінде айына екі рет азық-түлік дүкендеріне зерделеу жұмыстарын жүргізуді, шектік бағадан асып тұрған азық-түлік бағасын түсіруді және азық-түлік қорларына талдау жасауы қажет. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мен аудандық кәсіпкерлік бөлімі Атырау қаласындағы «Дина» базарынан ет сатуға келісілген орынға шаруа қожалықтарынан ет апарып сату кестесін жасақтауды және осыған жауапты маман тағайындауды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қолжетімді бағада сататын сауда орындарын үнемі әлеуметтік желіде жариялауды және азық-түлік бағаларына мониторигтік топ арқылы азаматтық бақылау жасауды тапсырамын, - деді.

Тілсіз жауға дайын болу керек Ал, көктемгі су тасқынына дайындық туралы хабарлама жасаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бақтыбек Төлегеновтің мәліметіне сүйенсек, су басудың алдын алу және аудан аумағынд су тасқынынан болуы мүмкін залалды азайту мақсатында іс-шаралар жоспары жасақталып, қабылдау пункттері тексеріліп, эвакуациялау маршруттары мен автокөліктер дайындығы тексерілді.

– Жақында өтетін «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу кезінде округтердегі бөгеттердің қауіпті жерлерін көтеру, Ойыл өзені бойындағы «Құмөткел» учаскесіндегі үлкен жыраны топырақпен бітеу, Ноғайты, Сағыз өзендерінің арналарын кеңейту, табанын тереңдету, Сағыз ауылындағы Н.Абдулин көшесінде орналасқан Қ.Шомпаевтың тұрғын үйінің тұсына және «Атырау Жарық» акционерлік қоғамы Сағыз бөлімшесі мекемесінің айналасына бөгет соғу жұмыстары ұйымдастырылса деген ұсынысым бар, - деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бақтыбек Төлегенов.

Хабарламаға орай Сағыз ауылында су тасқынына дайындық туралы аталмыш округ әкімінің орынбасары Әйгерім Кеңесованың түсіндіруінше, Ноғайты өзеніне жақын орналасқан тұрғын үйлердің қасына топырақ төгу, қапшықтарды құммен толтыру, электрмен қамту мекемесінің айналасындағы бөгетті көтеру жұмыстары жасалуда.

Су қаупінің алдын алу мақсатында мекемелерге еріктілер арқылы кезекшілік ұйымдастыру үшін хат жолданып, ақпараты жинақталды. Кезекшілік кестесі құрылып, қажеттілікгі туындаған жағдайда тұрғындарды эвакуациялау үшін Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі мен №9 орта мектеп басшылығына хат жолданып, меморандум жасалды. Су тасқыны кезінде қауіптің алдын алу мақсатында камаз техникалары дайын.

Сондай-ақ, округтегі төрт техника дайын болса, «Қазавтожол» мекемесінен төрт техника, жергілікті кәсіпкерлерден үш техника көмекке келеді.

– Соңғы екі жылдағы су тасқыны аудан тұрғындарының есінде болар. Биыл да су қатты тасуы мүмкін. Оған да ай жарымдай уақыт қалды. Сондықтан су тасқыны кезінде болатын қауіптің алдын алу бағытында дайындық жұмыстары қазірден бастап қолға алынуы тиіс. Бұл ретте аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысы айтқан ұсыныстарын атқарып, бұған қоса Сағыз ауылының 3-ші ауылын су тасқынынан қорғау бөгеттерін салу үшін жасалған жобалық-сметалық құжаттаманың жобасын қоғамдастық жиынында таныстырып, талқылау қажет. Ол жұмыстарға не қажет екендігін осы бастан зерделеп, айтыңыздар. «Апат айтып келмейді» демекші, қалай болғанда да әркез тілсіз жауға дайын болуымыз керек. Бүгінгі жиында берілген тапсырмалардың орындалысы үнемі бақылауда болады, - деген аудан әкімі Қанат Әзмұханов аппарат жиынын қорытындылады.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521