Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бүгінгі баланы не қызықтырады?

Жақында бір досымның үйіне шаруаларыммен бас сұққан едім.

Барсам әлгі досымның 10-12 жас шамасындағы інісі үйіндегілерге айқайлап, қиғылықты салып жатыр екен.Ыңғайсыз уақытта келдім-ау деп енді кетуге жинала бергенде әлгі досым «Қысылма. Бала ғой, қазір қояды. Қыркүйекте сабақ басталғаннан осы «Маған смартфон телефон алып беріңдер, сыныптағылардың бәрінде бар, ал, менікі арзан телефон» деп күнде жылайды. Осы сенбіде қалаға барамын. Сол барғанда ініме сұраған телефонын несиеге алып берейін деп отырмын. Кенже інім ғой. Қатарынан қалмасын», – дейді.

Сөйтіп, досыммен қоштасып, шығып кеттім. Бірақ, жаңағы жағдай ойымнан шықпады. Жақсы, бала қатардан қалмасын деп киім, кітап, басқа да сабақ құралын алып берсе түсінуге болады. Ал, қатарымен бірге болсын деп қымбат смартфон алып беру деген ақылыма сыймайды. Содан кейін, «Қазіргі жасөпірімдерді не қызықтырады, олар немен айналысады, бұрынғы бала мен бүгінгі баланың айырмасы қандай?» деген сауалдар ойымнан кетпей қойды. Сондықтан, аталмыш сауалдарға жауап іздеп, жасөспірімдердің өмірін зерттеуге бел будық.

Бала тәрбиесіндегі үшінші қағида – он бес жастан кейін балаңмен құрбы-досыңдай сырлас. Ал, тым болмаса осы қағиданы орындап жатырмыз ба? Өкінішке орай жоқ. Себебі, ата-ана балаға керегін алып берді, киіндірді, оқытып жатыр. Алайда, ата-аналық міндет баланың материалдық жағдайын жасаумен шектелмейтінін ұмытпау керек. Бала он беске толып, оң-солына қарай бастағанда ата-ана оның қасынан табылған жөн. Оның ойы қандай, айтар сыры бар ма, достары қандай адамдар? Осы бағытта баламен үнемі ақылдасып отырған абзал. Осы орайда, аудандағы ардақты аналардың бірі, «Алтын алқа» иегері Дариға қажы Сапароваға хабарласып, аталмыш тақырыпқа орай пікірін білген едік. Ол:

– Қазір бұрынғы бала мен бүгінгі баланы мүлдем салыстыруға келмейді. Бұрын баламызды біз еңбекпен тәрбиеледік. Хандай сыйлап, құлша жұмсап, құрбымыздай сырластық. Одан балаларымыз жаман болған жоқ. Қайта айтқанды тыңдап, елгезек болып өсті. Ал, бүгінгі балалардың мінезі ауыр. Өздері тұйық. Кей кезде жұмсамақ түгілі сөйлеуге қорқасың. Бұрын дастарқан басында бала-шаға бәріміз жиналып, сол жерде түрлі шаруаның жайы шешіліп, өнегелі әңгімелер айтылатын. Ал, қазір балаларды дастарқан басына шақыру қиын. Қолдарында бір-бір ұялы телефон. Жарытып тамақ та ішпейді. Бұл меніңше рухани жұтаңдық. Бұған балаларды бетінен қақпаған ата-аналар да кінәлі. Сондықтан, балаң жақсы, тәрбиелі болып өссін десең имандылыққа баулыған дұрыс. Біздің ауданда өнер, спорт, ағылшын тілі керек пе бәрінің үйірмесі бар. Бірақ, медресе, діни білім беретін орын жоқ. Соны аудан басшылары қолға алса деймін, – дейді. Қажы анамыздың айтқанына қосылмасқа амал жоқ. Өйткені, тәрбие ісінде әке де, шеше де қателік жіберді. Қазір жаңа заманға сай «Баланы әке тәрбиелемесе кафе, шеше тәрбиелемесе көше тәрбиелейді» деген нақыл шыққан. Ащы да болса шындық осы. Сондықтан, баламызды басты назарда ұстайық.

Ұмыт қалған ойындар

Қазір көшеге шыға қалсаң бұрынғыдай шулап ойнап жүрген балаларды көп байқамаймыз. Мәселен, аудан орталығы Миялыда балалардың көп жиналатын жері Е.Нұршаев ықшам ауданындағы ойын алаңы. Сосын әр жерлерде жиналып футбол, волейбол ойнап жатады. Бірақ, бұрынғыдай үй көрмей ойнайтын бала жоқ. Сөйтсек, қазіргі балалардың көбі футболды да, төбелесті де үйдегі компьютер мен смартфоннан ойнайды екен. Яғни, қазіргі балалардың өмірі де, ойыны да виртуальды болып кеткен.

Енді бүгінгі балалардың ойнайтын ойындарына тоқталсақ. Ер балалар көбіне футбол ойнаса, қыздар жағы секіртпемен секіріп ойнайды. Сосын бір-бірін қуаласып, велосипед тебеді. Асық ойнайтын балаларды бірен-саран байқаймыз, бірақ көп емес. Ал, қысқы уақытта көбіне үйден шықпайды. Осы мақаланы жазу барысында бір танысымнан «Балаларыңыз қандай ойындар ойнайды?» деп сұрағанымызда «Бұрын балаларды үйге кіргізе алмайтын едік, қазір сыртқа шығара алмаймыз. Үйде қамалып, телефон шұқиды да отырады. Соның салдарынан кіші баламның көз көруі нашарлап кетті. Содан кейін кешкі тоғыздан кейін үйдегі интернетті айырып, телефондарын жинап аламын», - дейді. Осындайда «Шыныменде балалар ойын ойнамай ма?» деген заңды сауал туындайды. Сөйтіп, мектеп оқушыларын сөзге тартқан едік. Солардың ішінде ересектеу бір бала «Біз күндіз көп ойнамаймыз. Тек түнде көшеге шыққанда полициядан қашып ойнаймыз», - дейді. Сонда бүгінгі баланың көңіл көтеретін ойыны түнгі мезгілде тәртіп сақшыларынан қашу ғана болып тұр ма?

Ал, бұрынғы балалар қалай ойнаушы еді? Ата-аналары тамақ былай тұрсын, үйге қонар уақытта да таба алмай қалушы еді ғой. Алаңсыз балалық шақ деген осы шығар. Көп әріге бармай-ақ, осыдан 10-15 жыл бұрын балалық шағымызда неше түрлі ойындар болатын. «Алты қаңылтыр», «Қашпа доп», «Шүлдік таяқ» сынды ұл-қыз араласып, топ болып ойнайтын керемет ойындар болды. Одан қалды ұлдар жағы аяқ киім тесілгенше «Ләңгі» ойнап, қыздар жағы «Мак» ойнап мәре-сәре болып жататын. Тіпті, осыдан 15-20 жыл бұрын көліктің немесе мотациклдің дөңгелегін домалатып ойнап жүрген балаларды да талай көрген шығарсыз. Одан қалды бұрынғының балалары шыбықты ат қылып мініп, қолдан садақ иіп, сымнан пистолет жасайтын. Әрі ойын, әрі қолөнер. Ал, қыста конькидің екі табанын кесіп тастап, оның орнына ағаштан орындық жасап, сымнан ескек дайындап, мұз үстінде ойнайтынбыз. Ал, бүгінгі баладан ондай ойындарды көрмейміз. Әрине, бұл балалардың барлығы ойнамайды деген сөз емес. Ойнайды, тек бұрынғыдай дала кезіп ойнайтын бала жоқ. Бұлай жалғаса берсе, күндердің күнінде баланы далада ойнату өзекті мәселеге айналуы мүмкін. Енді не істемек керек? Мүмкін ауданымызда қаладағыдай аула клубтарын дамытып, сол арқылы балалар ойнына жаңаша серпін беру керек шығар. Сонда ғана телефонға телмірген ұрпақтың назарын сәлде болса далаға, ойынға аударуға болады.

Бәленің бәрі «Вконтактіде»

Қазір әлеуметтік желіге кірмейтін адам жоқ шығар. Әлеуметтік желілер де адамның жасына, ортасына, көзқарасына орай бөлінеді. Мысалы, саяси, діни, әлеуметтік жаңалықтардан хабардар болып, зиялы қауым өкілдерінің жазғандарын оқығысы келетіндер «Фейсбукке» кірсе, қызылды-жасылды жарқылды жақсы көретіндер, шоу-бизнесті білгісі келетіндер «Инстаграм» желісіне тіркелген. Ал, біз сөз етіп отырған жасөпірімдердің көбінің кіретін желісі «Вконтакте». Осы орайда, мақаланы жазу барысында әдейі осы «Вконтакте» желісін қарап, шолып шыққан едік. Сөйтсек, расымен де жасөспірімдердің тоқсан пайызы осы желіні пайдаланады екен. Оқушылардың бұл желіге қызығу себебі – ішінде адамды өзіне тартатын неше түрлі топтар бар. Мәселен, біздің аудан жасөспірімдерінің «Вконтакте» желісінде жиі кіретіні «Признавашки Қызылқоға» тобы. Қазіргі таңда бұл топта тоғыз мыңға жуық адам тіркелген. Топтың негізгі мақсаты – бір-бірімен танысу, өзінің ұнатқан адамы туралы мәлімет білу, өзара пікір алмасу. Мысалы бір бала басқа қызды ұнатып қалса «Осы қыз туралы білгім келеді, телефоны неше, жігіті бар ма?» деп әлгі топқа жазып, сұрау салады. Ал, ол туралы білетіндер пікірге мәліметтер жазады. Сөйтіп, танысады, сөйлеседі. Бір әттеген-айы олардың көбі 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер.

Біз әлгі «Признавашки Қызылқоға» тобынан шошып отырғанда «Вконтакте» желісінде одан да сорақы топтар мен парақшалар бар екен байқадық. Осыдан бірнеше ай бұрын жасөспірімдерді суицидке итермелейтін «Синий кит» ойыны да осы «Вконтакте» желісінен бастау алғаны белгілі. Одан бөлек аталмыш желіде фан парақшалар көп. Фан парақша деген – белгілі бір топтың немесе әншінің жанкүйерлеріне арналған парақша. Соның ішінде «Вконтакте» желісінде ең дамығаны – «Найнти уан» тобының фан парақшасы. Неге екенін белгілісіз, қазіргі жасөсіпірім қыздардың көбі аталмыш топтың парақшаларына тіркелген. «Онда тұрған не бар?» дейтін шығарсыз. Бар бәле осы топтың парақшасындағы фанфиктерде. Фанфик деген – әлгі топта ән айтатын жігіттерді кірістіре отырып, әңгіме, шығарма, қызықты оқиғаларды ойдан жазу. Ал, сол жазылған әңгімелерді оқысаңыз төбе шашыңыз тік тұрады. Себебі, жазылатын фанфиктердің көбі 18 жастан асқандарға арналған. Парақшаның админдері фанфиктердің үстіне «+18» деп жазып қояды. Бірақ, оны оқып, пікір қалдырып отыратындар 18-ге толмаған жасөспірім қыздар. Және ол әңгімелер бірнеше бөлімнен тұрады. Топ админдері күн сайын бір бөлімнен шығарып отырады. Бұл әңгімелердің жанрлары да жаға ұстатады. Мәселен, жаңағы «Найнти уанның» бір фан парақшасындағы «Бұл қиял тым зиян» деген фанфиктің басында «Жанры: Романтика, +18, трагедия» деп жазып қойған. Ал, осы сияқты әңгімелерді оқушы қыздар дымдары қалмай оқып, «Келесі бөлімі қашан шығады?» деп зарыға күтіп, пікір жазып отырады. Және соны оқып, белсенді пікір жазып отырған қыздардың жеке парақшасында «Найнти уан» тобының әншілері, кәріс киносы мен мәдениетін насихаттайтын суреттерден көз сүрінеді. Енді не істемек керек? «Қызын қырық үйден тыйған» қазақ бүгінде қаракөз қарындастарды әлеуметтік желіден тия алмай отырғанымыз өкінішті. Бұл мәселені ата-аналар да, ұстаздар да дереу қолға алып, өз балаларының әлеуметтік желілеріне бақылау жасағаны абзал. Ал, бұл туралы өзгелердің пікірі қандай? Енді кезекті аталмыш тақырыпта пікір білдірушілерге берейік.

Сіз не дейсіз?

Құлақ жейтін бала жоқ

Мен қазіргі балалардың тамақ ішуіне көңілім толмайды. Шайды дұрыс ішпейді, тамақтың өзін әр жерінен шұқып жеп, тез тойып қалады. Ал, тәтті сусындар мен чипси, кирешки сынды дүкеннің өнімдерін таласып-тармаса жейді. Одан қалды самса, донер сияқты тез дайындалатын тамақтарға әуес. Қазір ең аржағы қонақтықтарда құлақ жейтін бала таба алмай қаласың. Құлақты берсең менсінбейді. Жақында бір баладан құлақты неге жемейтінін сұрағанымда «Пластамасса сияқты бірдеңе ғой» деп жауап берді. Ал, кезінде қалай жедік десеңізші?! Ол кезде үлкендер бас ұстап, жайлап бұтарлай бастағанда жанына жинала қаламыз. Бәріміз отырғанда ішімізден сабақты жақсы оқитын, тәрбиелі балаларға ғана беретін. Яғни, біздің заманда құлақ жеудің өзі үлкен абырой болатын. Ал, бүгінгі балалар құлақ жемек түгілі сүйек мүжімейді. Содан келіп аурушаң, әлжуаз балалар өсіп шығады.

Табылды ҚҰМАРҒАЛИЕВ,

Миялы ауылының тұрғыны.

Көпке топырақ шашуға болмайды

Қазір үлкендер тарапынан біздің замандастарды «Жастар бұзылған. Күндіз-түні телефон шұқып отырады, әбден жалқау болып болды» деп кінәлайтындар баршылық. Рас, смартфонға үңіліп, неше түрлі сайттарға кіріп, үй-ішіне көңіл бөлмейтін балалар да болар. Бірақ, оқушылардың барлығы бірдей емес. Көпке топырақ шашуға болмайды. Керісінше осы әлеуметік желі арқылы түрлі жақсылықтар жасалып жатыр. Мысалы бізде «Ватсап» желісінде арнайы топ бар. Егер бір қыздың үйіне қонақ келетін болса немесе бір баланың үйіне тас түсіру керек болса топ арқылы жазып жібереді. Сосын оқушылар жиналып бара қоямыз. Мұның өзі үлкен көмек. Одан қалды қазіргі жасөспірімдер алтын уақытын құр ойынмен өткізбей өнер, спорт, ағылшын тілі бағытындағы үйірмелерге қатысып жүр. Мектеп оқып жүрсе де әлеуметтік желі арқылы бір нәрселер сатып кәсіпкерлікті осы жастан бастап кеткен оқушылар да бар.

Дана БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Мектеп оқушысы.

Күрестен «жайдарман» артық боп тұр

Кішкентайымыздан спорт саласында келе жатырмыз. Бала кезімізде күреске қатыстық, бүгінде жаттықтырушы болып жүрміз. Сонда байқағанымыз қазір спорттық үйірмелерге қатысатын балалардың мінез-құлқы өзгерген. Кішкене жаттығуды қаттырақ жасатып жіберсең ертеңіне спорт залға келмей қалуы мүмкін. Сосын тағы бір айта кетер жайт – былтыр, арғы жылдары облыстық жарысқа апарып, жап-жақсы күресіп жүрген балалар күресті қойып, жайдарман ойнап кетті. Кейбіреуі сол кеткеннен күрес үйірмесіне келмей қалады. Содан жайлап сұрастырсам жайдарман арқылы тез танылғысы келеді екен. Ал, күресте танымал болу үшін бірнеше жыл керек, үзбей жаттығуы тиіс. Қазіргі балалардың жалпы ойы осындай. Әрине, мен жалпы жайдарман ойындарына қарсы емеспін. Ол да өнердің бір түрі ғой. Бірақ, болашағынан үміт күттірер балалар жеңіл әзілдің артына түсіп, өз-өздерін құртып алмаса екен деген тілек қана.

Роман МАЙЛАШЕВ,

жаттықтырушы.

Түйін. Біз бүгін осы мақала арқылы қазіргі жасөспірімнің бет-бейнесін ашуға тырыстық. Бірақ, жасөспірімнің барлығы бірдей бұзылған деген ойдан аулақпыз. «Заманына қарай адамы» деген нақылға сүйенер болсақ біз сөз еткен жасөспірімдердің іс-әрекеті өздерінше дұрыс шығар. Тек, «Ел ертеңі, болашақтың тұтқасы» деп сеніп отырған жастарымыз көрінген көк аттының мәдениетіне еріп, ұлттық болмысын жоғалтып алмаса болғаны. Көзі қарақты оқырман, бұл туралы Сіз не дейсіз? Егер айтар ойыңыз болса газет редакциясына хат жазып, хабарласып, пікіріңізді бөлісе отырыңыз.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521