Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігін атап өтті. Бұл – стратегиялық тұрғыдан өте маңызды шешім.
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деген Президент сөзі әрбір саналы азаматтың жүрегінен орын алуы тиіс. Себебі қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік – тек жеке адамның емес, бүтін елдің өркендеуінің кепілі.
Жұмысшының мәртебесін көтеру – экономиканың берік іргесін қалау деген сөз. Бұл бастама әсіресе еліміздің өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына, құрылыс және өндіріс салаларына тың серпін берері анық. Адал еңбектің қадірін түсініп, кәсібін шын ниетімен меңгерген мамандар – мемлекеттің басты тірегі.
Бүгінгі таңда қоғамға тек басшылық қызметтегілер емес, нақты жұмыс істеп жүрген диқан, ұстаз, шебер, құрылысшы, темірші сияқты мамандардың еңбегі де үлгі болуға тиіс. Оларды дәріптеу – ұрпақ тәрбиесіне, мамандыққа деген көзқарасты өзгертуге үлкен әсер етеді.
Сондықтан бұл бастаманы қолдап қана қоймай, әр салада іске асыруға журналистер қауымы да өз үнін қосуы қажет. Жұмысшы мамандықтарын құрметтеу, олардың жетістігін көрсету – біздің кәсіби борышымыз. Өйткені еңбек адамы – елдің келешегін қалыптастыратын негізгі күш.
Сүйеу ХАЛЫҚОВ,
Ардагер журналист