Жүз теңгеден басталған бәс тігу кейін адамды қылмыскер етуі мүмкін. Ойынның қызығына кіріп алған лудоманның санасы тұманданып қалады.
Әр ойынның әсері есірткі шеккенмен бірдей. Сондықтан ойынға барарда ақшаны қайдан, қалай алатынын саралай алмайтын халге жетеді. Ата-анасының несие төлеймін деп сақтап отырған және келіншегінің азық-түлік әкелуге берген ақшасын алып, ойынға тіге салады. Тіпті кейін сұрап алудан қалып, үйден ақша ұрлауға көшуі мүмкін. Әрине,санасы таза, ақылы бар адам бірер минутта телефонның үш тетігін басып, миллион ұтып алуға болады дегенге сенбейді. Бірақ қазір құмар ойынның жарнамасынан көз ашу мүмкін емес. Жарнама да ішкі «мені» әлсіз адамдарға бағытталған. Мәтінінде «1000 теңге сал да, ұтып ал» деген сияқты арнайы психологиялық триггерлер бар. Жалт ете қалған жарнамаға адам қалай назар аударғанын аңғармай да қалады.
Гүлзат ҚАНАТОВА,
психолог


