Халқымызда табиғат деген сөз жер, туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Өйткені, табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені. Біздің денсаулығымыз, салауатты өмір сүруіміз табиғатпен тікелей байланысты. Сондықтан, табиғатты қорғау, аялап ұстау әр адамның міндеті.
Осы орайда елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткен сенбі күні аудан бойынша сенбілік ұйымдастырылды.
Миялы ауылдық округінде өткен тазалық акциясына қатысқан 52 мекеме мен бөлімдер жеті учаскеге бөлініп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімдігі аппараты, аудандық экономика және қаржы, ішкі саясат, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдері, Миялы өнер мектебі мен Б.Аманшин атындағы орта мектеп, «Арман» мәдениет үйі және газ шаруашылығы мекемесі ұжымы соғыстан оралмаған жауынгерлерге обелиск орнатылған саябақтың және мұз айдыны ішінде қаулап өскен арам шөптерді шауып, тазаласа, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, кәсіпкерлік, қорғаныс істері жөніндегі және білім бөлімдері мен сараптама орталығы, музей, мұрағат, №6 психологиялық-педогогикалық түзеу кабинеті, халыққа қызмет көрсету орталығы мекемелері Т.Қарабалин көшесін түрлі қоқыстардан, арам шөптерден тазартты. Бұдан басқа бөлімдер мен мекемелер орталық стадион мен «ПМК» ықшам ауылындағы көпсалалы спорттық ойын алаңының іші мен сыртын, А.Құнанбаев, Қ.Тасжанов, Қ.Қуанышев, С.Үсенов, С.Сүйінов, С.Датов, Ғ.Сланов көшелеріндегі тас жол мен жаяу жүргіншілер жолының жиектерін түрлі шөптерден тазартып, шашылған қоқыстарды жинады. Жиналған қоқысты «Тазалық» жеке кәсіпкерлігі «Урал» көлігі тіркемесімен күл-қоқыс алаңына төрт рет тасымалдап төкті. Осылайша акцияға белсене араласқан ұжым мүшелері өздеріне белгіленген аумақты тазалап, ауылдың көркін келтіруге жұмыстанды. Алайда, «Бәйсеу» ықшам ауылына баратын тас жолдың екі қапталы мен балалар ойын алаңы назардан тыс қалды. Аталмыш ықшам ауылдағы тазалыққа алдағы сенбілікте баса назар аударылса игі.
Бұл күні ауданға қарасты барлық округте де тазалық жұмыстары жүргізіліп, мекеме аулалары, мектеп аумағы, көше бойлары, республикалық маңызы бар автокөлік жолының аумағы көпжылдық шөптерден тазартылды. Аудан бойынша 647 адам, 11 техника қатысқан сенбілікте тоғыз тоннаға жуық көпжылдық өсімдіктер мен көше бойындағы өзге де қалдықтар алынып, арнайы орындарға жеткізілді. Акция аясында жүргізілетін тазалық жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ