Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Сақалды» жолдың сарсаңы біте ме?

Сурет ашық дереккөзден

СЫРТТАН КЕЛГЕН АДАМ АУДАННЫҢ ХАЛ-ЖАҒДАЙЫН АЛДЫМЕН ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫНА ҚАРАП ТОПШЫЛАЙЫНЫ АНЫҚ. ӨЙТКЕНІ, ДІТТЕГЕН ЖЕРІНЕ ЖОЛ АЗАБЫН ШЕГІП, ӘБДЕН ҚИНАЛЫП ЖЕТСЕ, ӨҢІРДІҢ ДАМУ ДЕҢГЕЙІНЕ ОҢ БАҒАСЫН ҚАЛАЙ БЕРМЕК КЕРЕК?! АУДАНДАҒЫ ЖЫР БОЛҒАН ЖОЛДАРДЫҢ ЕҢ «САҚАЛДЫСЫ» АУДАН ОРТАЛЫҒЫ МЕН ІШКІ БОЙДАҒЫ БЕС ОКРУГТІ ЖАЛҒАЙТЫН ШАРТТЫ АТАУЫ «0-26» АТАЛЫП КЕТКЕН КҮРЕЖОЛ.

Аяқталуы сонау 2020 жылға жоспарланған аталмыш жолда автокөлік қозғалысы бар, бірақ толықтай біткен жоқ. Өткен жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті жүргізген бақылау барысында бұл кемшілікті анықтады. «Жақында департамент басшылары Құрманғазы ауданындағы автомобиль жолының жөндеу барысына мониторинг жүргізді. Мәселен, 2018 жылы ұзындығы 26 шақырымды құрайтын «Ганюшкин- Приморье-Утера-Котяев» автомобиль жолын күрделі жөндеу басталған. Шарт сомасы – 4,2 млрд. теңге. Мердігерлікке «Бекет Сәт Жол» ЖШС таңдалған. Тапсырысты облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген. Мониторинг кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілмейтіні, жол жабынының жоғарғы қабаты төселмегені, күрделі жөндеу осы күнге дейін аяқталмағаны анықталды. Былтыр «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК- ның Атырау филиалы тексеру жүргізіп, асфальтбетон жамылғысынан ұсақ түйірлі қиыршықтастың бөлінуі түріндегі елеулі ақауды анықтаған болатын. Мердігер бұл ақауды бүгінгі күнге дейін қалпына келтірмеді. Ал соңғы мониторингте жол жабынының шөгуі анықталды» делінген департамент хабарламасында.

Осы қозғау болды ма жақында бұл бағыттағы жол жөндеу жұмыстары басталып, кемшіліктердің орнын толтырып жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланды. «Бекет Сәт Жол» ЖШС мердігер мекемесінің аудандағы өкілі Наурызбек Сабировтың айтуынша, бұған дейін 10 шақырымға, ал қазіргі таңда 16 шақырым үстіңгі асфальт жабындысы төселіп, жоспарлы жұмыстар жалғасын табуда. – Мердігер мекеме жол құрылысы жұмыстарын бекітілген кестеге сай жүргізуде. Сапа мен қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлініп, құрылыс жүргізу нормалары мен стандарттар толық сақталуда. Бұдан бөлек жобаға түзетулер енгізіліп, Дәулеткерей, Құмарғали және Алтыншы елді мекендеріне кірме жол мен жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарлануда. Қазіргі нысан басына құрылыс материалдары толықтай жеткізіліп, жоспарлы жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталады деп күтілуде, - деп жол маманы көктемгі күннің жауынды-шашынды ауа райы қолбайлау болмаса, жолшыларда тоқтау болмайтынын айтты.

Аталмыш жол жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ауданның шекаралық аймақтарымен байланысы жеңілдеп, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалмақ. Сонымен бірге, өңірде қолға алынған туризм саласына да оң әсерін тигізбек.

Жалпы ауданда жергілікті маңызы бар 516,2 шақырым жол бар, оның 330,2 шақырымы облыстық, 186,0 шақырымы аудандық маңызға ие. Қазіргі таңда, аудан бойынша автомобиль жолдарын қайта жаңғырту бағытында жобаларға құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Аудандық маңызы бар «Ақкөл – Қызылоба – Жыланды – 4 разъезд - Қиғаш» автомобиль жолын реконструкциялау жалғасу үстінде. Ақкөл ауылының ауылішілік автомобиль жолдары тротуарымен қоса қайта жаңғыртылып жатыр. Сонымен бірге, құрылысы жоспарланған бірқатар жолдардың жобасына түзетулер(корректировка) енгізілді. Олардың қатарында Хиуаз (Дәшін) және Орлы ауылдарына кірме жол, ауылішілік жолды тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстары жоспарлануда. Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жұмекен ауылының (2 кезең) 6,258 км және Дәулеткерей ауылының 4,435 км ауылішілік жолдарына тротуармен қоса қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.

Бұдан бөлек, Кудряшов ауылының ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғыртуға, Құрманғазы ауылының ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғыртудың екінші кезеңіне жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталуда. Сол сияқты, аудан орталығының Шипажай мен Құрылысшылар мөлтек аудандарын қосатын, Шарон өзені үстімен өтетін көпірдің, Балқұдық, Сүйіндік, Асан ауылдарына кіреберіс және ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Алғаның 8,6 шақырым, Жыландының 12 шақырым ауылішілік, Қадырканың 7,2 км кіреберіс мен ауылішілік жолдарын тротуармен қоса қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр.

Қазақ «Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс. Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» дейді. Мұның мәнісі — жол нашар болса, жақын болса да жолаушы жол азабын тартып, жетер жеріне сағаттап жүріп баруы мүмкін. Ал, жол жақсы болса кідірмей, алыс болса да жетер жеріне тез жетеді, қиындық көрмейді. Ендеше жолымыздың тақтайдай тегіс әрі қауіпсіз болғанына не жетсін?!

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT