Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ОЙЫЛ КЕУІП БАРАДЫ КҮҢІРЕНТІП (жолжазба)

Қараңыздар, ел-жұртым, мойын бұрып,

Ойыл құрып барады, Ойыл құрып.

Осы өзен ғой жерімнің қан тамыры,

Алған өзен аштықта тойындырып.

Бастау көзі Ойылдың Қызыл бұлақ,

Семіп қалды деседі ұзын құлақ.

Су перісі дуалап көзді жойған...

Тарап кетті осындай қыжыл жырақ.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

үздік өлкетанушы.

Иә, ақын, журналист, жазушы Төлеген Жаңабайұлының мұң мен зарға толы элегиясында айтылғандай, соңғы кезде Ойыл өзенінің тасымауы аудан тұрғындарының шымбайына қатты батты. Бұл өр суынан нәр алып, мал өсіріп, шабындықтарына шалғы түсіріп отырған шаруагерлердің шаруасына едәуір қиындық келтіріп отырғаны ақиқат. Осы тұста, «Талай жыл буырқанып тасып, елдің игілігіне жараған Ойыл өзенінің суы Қызылқоға ауданына неге жетпейді? Әлде оның бір себебі бар ма?» деген сұрақ барша аудан тұрғындарының көкейінде сайрап жатқаны анық.

Міне, осындай көкейде сайраған сауалдарға жауап іздеу мақсатында, 9-11 қыркүйек күндері аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Ақтөбе облысы Ойыл өзенінің бастауына арнайы экспедиция сапарға шықты. Аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев бастаған экспедиция құрамында «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзидуллин, Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жер қойнауы және су шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Қадірәлиев, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ержан Нұралин, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әділет Шаймарданов, «ҚазСушар» РМК Қызылқоға аудандық өндірістік учаскесінің бастығы Сайлаубек Темірғалиев, «ҚазСушар» РМК Қызылқоға аудандық өндірістік учаскесінің Миялы-Жанкелдин-Жасқайрат топтық су құбырының бөлімше бастығы Аслан Қожахметов, аудандық полиция бөлімінің қызметкері Бауыржан Мақсот, оператор Әділбек Нысанбаев, Миялы ауылының тұрғыны, туған жерінің табиғатын ойлап шырылдап жүрген азамат Есенбай Нұров, аудан әкімдігінің қызметкері Сәндібек Ағашин, жүргізушілер Ғарифолла Жаңабергенов, Жамбыл Еркінов және осы жолдардың авторы («Қызылқоға» газетінің бас редакторы) бар делегация сәрсенбінің сәтті күні таңғы сағат 7:20-де аудан орталығы Миялы ауылынан шығып, 3 автокөлік, 15 адам, 2 дрон, фото-видео техника тағы да басқа керек жарақтармен қамтамасыз етіліп, көрші Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарай бағыт алдық. Экспедиция кезінде дрон үнемі ұшырылды.

Қиылдың іші қамысқа толы

Ең әуелі бұрынғы «Құрман» савхозына жақын маңдағы Ойыл өзені көпірінің астында сыздықтап ағып жатқан сайға сәл-пәл дамылдап алғаннан соң жүйткіген үш «темір тұлпармен» құйғыта отырып, Ойыл ауданының орталығына келді. Осы жерден экспедиция құрамын күтіп алған «ҚазСушар» РМК Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы «Тамдыкөл» суландыру жүйесінің учаске басшысы Дулат Наубетов аудан орталығынан Қобда трассасына қарай жүргенде елу километр жердегі Саралжын ауылына қарасты «Қойбағар» көпіріне жол бастады. Бұл жерде біз Қиыл өзенінің Ойыл өзеніне құю сағасын көрдік. Қос өзеннің қиылысар тұсында қауын-қарбыз егіп, еккен егіннің жемісін жеп отырған «Спарта» шаруа қожалығының төрағасы Спартак Төремұратов өзінің аумағы ат шаптырым жерді алатын, жан-жағы мал кірмесін деп қоршалған бау-бақшасының ортасымен бізді аталмыш қос өзеннің қиылысар тұсына жол бастады.

Сөз арасында: «Жалпы, судың бірде бурқанып, айдын шалқарға айналуы, бірде тартылып көк тақыр болуы бір Алланың қолындағы нәрсеге ғой. Біз тек неге олай дейміз де, қолымыздан келетін шаруамызды жасап жүре береміз. Егін еккеніме он жылдай уақыт болды. Бірде егіннің жемісін жеп, бірде шығынға батқан күндер де жетіп артылады. Адамның өзі сөйтіп тәжірибе жинап, шыңдала түседі ғой» деп ағынан жарылған шаруагер Ойыл өзеніне құятын Қиыл өзенінің өзі бір-екі жылдан бері жөнді тасымағанын тілге тиек етті. Өзеннің ортасы қамыс пен қоғаларға толы. «Өзіңнен зор шықса, көзіңнің шыққанын сонда көресің» демекші, бірнеше жылдан бері айдында аққулар жүзген өзен көрмегендіктен бе, бізге Қиылдың суы теңіздей болып әсер етті.

Ал, су саласында жүрген мамандар:

«Бұл тек шүңейтте қалып қойған сулар ғой. Егер ешбір кедергісіз ылдидан төменге қарай ағатын болса, түк те болмайды» деген пікірде. Осылайша, қос өзен қиылысында ой өрбіткен біз одан әрі қазақы дәстүрмен шаруагердің дәмі тіл үйірген қарбызынан ауыз тиіп, Көсембай ауылы мен Ақмола қыстағының үстімен Аманкелді ауылдық округіне қарасты Қопа қыстағына келіп жеттік. Онда «Тәте» шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысып отыр. Шаруашылық басындағы бұлақтан су атқылап, мал су ішетін ұзын астауға өзінен-өзі құйылып тұр. Қожалық мүшесі Ерболат Тәтебаев:

 Бұл бұлақ біз 2000 жылы көшіп келгеннен бері осылай ағып тұр. Біз ештеңесін шұқыған жоқпыз. Шамасы, кеңес заманында осы жерде савхоз малшылары мал бағып, солар арнайы скважина орнатқан болуы керек, - деді.

Бұлақтың суы тұп-тұщы, мөп-мөлдір. Мейірлене іше бергің келеді.

Арнада бөгеттер көрінбеді

Бұдан кейін Саға, Ноғайман, Қараған, Тайсой қыстақтарынан өтіп, Шибұлақ ауылына келіп, жылымшылап ағып жатқан бұлақтарға кезіктік. Бұл бұлақтар Ойыл өзеніне жетпейді. Одан әрі Темір ауданының Қайыңды ауылының (бұрынғы Құмқұдық) үстімен Ойыл өзенінен өтіп, Ойыл-Шұбарқұдық трассасы арқылы Кенжалы өзені көпірінің үстімен жолшыбай республикалық трасса бойындағы Шұбарқұдық ауылы Шиелі өзенін екі жылдан бері бітеп, судың жүруіне бір із қалдырғанына қаныққаннан кейін әрі қарай Қопа ауылына табан тіредік. Онда үш бұлақ бар екен. Оған тұрба кигізіп қойған.

Бір бұлақ фонтон секілді атқылап тұр. Айналасын әдемі етіп қоршаған шарбақтың іші таза ауада демалғысы келген адамға керемет әсер қалдырады. Бұлақтар жүлгемен барып, Жарлы өзеніне құяды. Осы жерде «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзидуллинді сөзге тарттық. Ол:

 Экспедиция барысында өздеріңіз көргендей, Ойыл өзенінің төменгі арналарының сағасы мен жоғарыдағы Ойыл өзеніне құятын Қиыл өзенінің құрғап қалу фактілері бар. Негізінен Ойыл өзенінен келетін судың көлемі 27 миллион шамасында. 2019 жылдың көрсеткішімен айтар болсақ, бір жылдың ішінде келген судың көлемі 14 миллион бес жүз мың текше метр. Бұл табиғи құбылыс. Ақтөбе облысында қандай да бір су жібермеу үшін бөгеттермен бөгеу фактілері бұрын да, бүгінде анықталған жоқ. Жалпы, «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясына қарасты өзендердің 70-80 пайыз сулары көктемгі су тасқыны кезінде төменге қарай ағып кетеді. Әрбір өзен бойындағы арналарда өскен қамыс, қоға тағы да басқа өсімдіктер су тасқыны кезінде ағыспен бірге ағып кетеді. Алайда, соңғы екі жылда Ойыл өзені тасыған жоқ. Ғалымдардың айтуынша, бұл жағдай 2023 жылға дейін созылады деген болжам бар. Өр суының тасуы негізінен жазда жаңбырдың, қыста қардың мол болуына байланысты, - деген пікірін білдірді.

Сөйтіп, 330 километр жол жүрген біз қараңғы түсе бастаған соң аталмыш ауылдың сыртындағы тоғай ішіне шатыр тігіп, табиғаты әсем таза ауада демалдық.

Заң аясында қимылдау қажет

Келесі күні таңғы сағат 7:50-де Қопа ауылынан шығып, Ембі ауданына қарасты бұрынғы Мұқа су қоймасына келіп тоқтадық. Жолшыбай Жарлы өзенінің Ойыл өзеніне құятын сағасын тауып алып, Ақсай қыстағының (қарсы бетте Ешкібай қыстағы орналасқан) тұсында азғантай су бар екендігін, айналасы тоғай Талдысай ауылына кіреберістегі көпір сынып, құлағандығын, Покровка – Талдысай грейдерінің үстіне жаңасын салғандығын көзіміз шалды. Ал, біз табан тіреген Мұқа су қоймасы қазіргі таңда «Мұқа өзекшесі» деп аталатын көрінеді.

Сол жерде мал бағып жүрген аттылы кісі Аманқұлдың айтуынша, жалпы бір миллион текше метрдей су жинау мүмкіндігі бар су қоймасында шамамен 300-400 текше метр су бар. Көрініп тұрған бұлақ жоқ. Су астында болуы мүмкін. Су қар мен жаңбырдың суымен толығады. Біз жайылып жүрген малдарды көрдік. Бұл жерді иелік еткен «Арман-М» шаруа қожалығының малдары екен. Онда үш мың мүйізді ірі қара бар екендігі, асыл тұқымды бұқаларды жалға беретіндігі мәлім болды. Мұқа өзекшесі – Ойыл өзеніне құяды. Әйтсе де, өзен аталмыш су қоймасынан қашық орналасқан.

2018 жылы су тасыған кезде бөгетті бұзады да, кейін қайтадан қолмен бөгеген кезде бітеп тастайды. Биіктігі үш метр шамасында. Бірнеше километрге 280 миллиметр пластик тұрбамен су тартып, жанына тоқ жүргізіп, бидай, жүгері еккен. Егінге су шашатын алып агрегатпен (дождивигатель) су шашып, биылғы өнімі жақсы шығып, орып алған. Егістік алқабын автокөлікпен аралап, қай жерге дейін жететіндігін көргіміз келді. Бірақ, жаңағы бірнеше километрге жүргізілген 280 миллиметр пластик тұрба автокөлікпен жүруге кедергі болды.

Сондықтан, жаяу жүріп, қарауға тура келді. Шамасы аталмыш қожалық «Өз жұмысымыз жүрсін, өзгенікі тұрсын» деген қағиданы басты ұстаным еткен сияқты. Бұл әлі де заңдылық тұрғыда тергеп, тексеруді қажет етеді. Бұған біздің табан тоздырып жүріп түсірген фотосуреттеріміз айғақ.

Бірлескен іс-қимыл керек

Осындай олқылықтарды көріп, автокөлік ішінде терең ойға берілген біз Ембі ауданының Талдысай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылынан әрі өтіп, Ойыл өзенінің бастау алатын жері Қызылбұлаққа келдік. Табиғаты тамаша, айналасы талдармен көмкерілген бұлақтың суы едәуір үлкен. Су біз келген бағытқа қарай сыздықтап ағып жатыр. Сол жерде фотосуретке түсіріп, дрон ұшырдық. Табиғат жанышыры, экспедиция мүшесі Есенбай Нұровтан камераға түсіріп, көзімен көргендерін баяндап беруін сұрадық. Түскі асымызды іше бергенде себезгілеп жаңбыр да жауа бастады. Мұны біз Алланың жер мен елге берген сыйы деп топшыладық.

Осылайша, керемет сезімге берілген біз Қызылбұлақтан шығып, екі километр қашықтықтағы «Тәй-Тәй Қаракесек» шаруа қожалығына келдік. Жұмысшысы Еркін Айтжановтың айтуынша, Қызылбұлақ жақ бетінен келетін су аз. Су көтерілсе шығатын төрт тұрба бар. Бір тұрба төмен орналасқан, су ағып жатыр. Су аз болғасын биылғы жылы 1,5 метрдей бөгет салған. Мұнысы несі? Оны бізге әлгі жұмысшы «Бастау бұлақтың суы аз келгендіктен жасадық» деп түсіндірді. Сонда өзі сыздықтап ағып жатқан бұлақты әр жерден бөгей беретін болса, Ойыл өзенінің суы аяқ жақтағы ауылдарға қалай жетеді? Осыны неге шаруашылық иелері түсінбейді екен деген ойға қалдық.

- Біз бұл экспедициядан Ойыл өзенінің әр жерден тартылып жатқандығын көрдік. Бұл әрине, өкінішті. Мұны біз табиғи құбылыс деп түсінуіміз керек. Қазіргі таңда, жалғыз Ойыл өзені емес, еліміздің барлық өзендері осындай күйге түсіп жатқаны анық. Оның кесірі ауылшаруашылығы саласын дамытуға кедергі келтіріп жатқаны жасырын емес. Атырау облысы әкімдігі де бұл мәселеден хабардар. Біздің тарапамыздан облыс әкімдігіне Ойыл өзені бойынша туындыған мәселелер тұрғысында қаржы бөлу, тағы да басқа жұмыстарды жүргізу үшін ұсыныстар берілетін болады. Осы экспедицияда қоғамдық белсенді азаматтар да бар. Жалпы, Ойыл өзенінің мәселесі жан-жақты, бірлесе жұмыс жасағанда ғана шешілетін мәселе деп есептеймін,- дейді Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жер қойнауы және су шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Қадірәлиев.

Міне, осылайша біраз жәйға қаныққаннан кейін 350 километрді артқа тастап, Шұбарқұдық ауылына келіп қондық. Соңғы күнгі сапарымыз Кенжалы өзенінің бойымен Ойыл өзеніне құяр сағасын көрумен тәмамдалды. Онда да, Қиыл өзені секілді терең сайларында мөлдіреген су болғанымен, Ойыл өзеніне құяр сағасы қамыс, қоға, құба талдарға толы. Оны тазарту кезек күттірмес мәселе екені рас. Жол бойы құрғап қалған Қарабас, Алтықарасу, Құмдық, Келбатыр, Қуырдақты, Құмжарған, Барқынқұм өзендерін көріп, көңіліміз пәс болды. Сөйтіп, сол күні 270 километр жол жүрген біз жолшыбай Ойыл ауданындағы орманнан түстеніп алып, жұма күні кешке қарай Миялы ауылына жеттік. Сапарымыздың жәй-жапсары туралы экспедицияны бастап барған аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиевтен сұрағанымызда ол:

- Экспедия барысында жергілікті тұрғындармен, шаруа қожалықтарының мүшелерімен сөйлесіп, Ойыл өзені мен оған құятын өзендерде соңғы екі жылда қар мен жауын – шашын аз болып, тоң түспеуі салдарынан өзен тасымағандығына көз жеткіздік. Өр суы келсе арнаны қамыс-қоғадан өзі тазалайды. Өзеннің тасымауына екі жылдан бері қар түспей, жауын-шашынның болмауы, жерге тоң түспеуі себеп болып отыр. Ойыл өзені бойында Тамдыкөл және Ойыл екі су плотинасы бар. Басқа бөгет жоқ. Мұқа өзекшесі Ойылдан бөлек, жалпы соған құяды. Ондағы су мөлшері қатты әсер етпейді, бірақ "Теңіз - тамшыдан құралады" демекші, оны да аштыруға немесе тұрба не шлюз салдыруға жұмыстанамыз. Қызылбұлақтан төменгі жақтағы кішкене бөгет те солай, ол жерде де су аз. Алайда, оны да алдыру қажет. Тиісті органға хат жолданды. Ақтөбе облысындағы біз аралаған 4 ауданның шаруа қожалықтары қысқа жақсы дайындалған. Шөп молынан үйілген және 80-85 пайызы биылғы шөп. Былтырғы жылдандан қалған шөп жоқтың қасы. Бұл қыста мал қолға тұрады, жылдағы дайындалған мал азығы түгелге жақын желінеді деген сөз.

Айта кетер жәйт - Ойбұлақ және тағы да басқа бұлақтар ешқандай бөгелмеген, бұрынғыдай ағып тұр. Қайта күтімдері бұрынғыдан жақсарған. Табиғатқа жандары ашып, экспедиция жұмысының нәтижелі жүруіне белесене атсалысқан экспедиция мүшелеріне алғыс білдіремін, - деді.

Тілшінің түйіні

Сапар барысында, Ойыл өзенінің жәй-күйі қатты толғандырды. Бұл бір аудан басшылары мен облыс басшылары шешетін жұмыс емес, көршілес Ақтөбе облысының басшыларының халықтың сусыз қалдырмау бағытында табандылық танытып, жұрт болып жұмылғанда ғана шешілетін мәселе екендігіне көзіміз жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек» деген болатын. Ендеше, Ойыл өзенінің жәйін ойлаған әрбір азамат халықтың сусыз қалмау бағытында, осындай қадамдарға барса, түйінді мәселе өз шешімін табады деп есептеймін.

Бауыржан СИСЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521